Кеше «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы сайлау науқанына дайындықтарын пысықтау мақсатында аймақтық филиалдарымен онлайн-конференция өткізді.
«Ауыл» партиясының республикалық және аймақтық штабтары сайлау науқанына дайындық жұмыстарын күшейте түсті. Соның бір көрінісі ретінде осы онлайн-конференцияның ұйымдастырылуын айтсақ болады.
Шара барысында партияның республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Рүстем Жоламан «Сайлау туралы» Заңның негізгі талаптарын және оның Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысты баптарын электоралды науқан кезінде қандай да бір заң бұзушылық орын алмауы үшін аймақтық штаб басшылары мен мүшелеріне түсіндіріп берді. Әсіресе, ол алдын ала жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарына қатысты заңнамалық шектеулерге, сонымен қатар, үгіт-насихат көрнекіліктерін орналастыру, тарату талаптарына баса назар аударды.
Өз кезегінде «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов сайлауалды үгіт-насихат науқанына қатысты ұйымның дайындық барысы туралы сөз етті. Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат науқанына дайындық қызу жүргізілуде. Қазіргі уақытта барлық өңірдің дайындығы пысықталып, әр облыс орталығында ашылған штабпен байланыс күшейтілген. Сонымен қатар, ол жергілікті филиалдар жұмысының күнделікті есебі алынып отыратынын, әрбір өңірлік штабта азаматтарды қабылдап, оларды қызықтырған мәселелерге жауап беретін қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейтінін жеткізді.
Бұдан кейін республикалық штаб басшылығы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойған аймақтағы филиалдар өкілдеріне онлайн байланыс арқылы тиісті жауаптарын берді.
Сонымен бірге, онлайн-конференцияда сенiм білдірілген адамдарды тiркеу, үгiт-насихат топтарын қалыптастыру және басқа да қажетті шараларды ұйымдастыру туралы айтылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».