Зиялы – саналы ғұмырында ұлт руханиятына терең тамыр жіберген, жаңа кәсіби білімнің биігіне құлаш ұрған, зерделі ойдың, парасатты пайымның, ірі азаматтық мінездің иесі. Ондай тұлға қашанда еріктіліктің құлы. Олар ешкімнің міндеттемесінсіз-ақ кез келген салада адал да қажырлы еңбек етіп, ұлтын әманда өркениеттің өріне сүйрейді. Оның бәрі өзі істеуге тиісті перзенттік борыш екенін шынайы сезінеді. Ғұмыр дариясына тәй-тәйлап аяқ басқаннан тартып, қатепті қара нардай қасқайып, бабалардан қалған аманатты көш жерге болса да алға апаруға атан күшін аямайды. Бір қызығы бұл қасиет кім көрінгенге беріле бермейтіні тағы ақиқат. Ол қасиет өз заманының озық ойлы, нағыз зиялыларына ғана тән. Әне, сондай ардақты тұлға, бекзат болмысты, үлкен жүректі азамат, жан-жақты білім иесі шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың арасында да аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – ҚХР-дың Үрімжі қаласында тұратын белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым, Сұлтан Жанболатов.
Сұлтан Рамазанұлы 1936 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында өмір есігін ашқан. Аталған аудан біздің Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданымен шекаралас. Ежелде олар қойы қоралас, ыдыс-аяғы аралас бір елдің көрші ауылдары еді. Тағдырдың тарпаң жылдарында ауыл арасы темір тормен бөлініп, туған ағайынның аралас-құраластығы арманға айналған замандар болғаны белгілі. Ол заман да келмеске кетіп, Тәңірі сыйлаған Тәуелсіздіктің арқасында халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалып, елге ел қосылып құтымыз асып, берекеміз тасып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде шеттегі қандас бауырларымыз да тәуелсіз Қазақ елінің арқасында еңселері көтеріліп, рухани серпіліп қалғаны жасырын емес. Осынау шексіз бақытты алғашқы күннен мықтап сезініп, сол жолда жан аямай тер төгіп келе жатқандардың бірі тағы да осы Сұлтан Жанболатов ағамыз. Ол былай атүсті қараған адамға шет жайлап, қиыр қонып жүргендей көрінгенімен, ширек ғасыр бойына азат Қазақ елі іргесінің бекемделуі, көрші елдердің өзара түсіністігі мен достығының нығаюы, ол елдегі ағайындардың тілі мен ділінің сақталып қалуы жолында «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» еңбек етіп келеді.
Қарап отырсаң табиғат шынында да жомарт-ақ. Біреуге дарын, талант берсе, кейде үйіп-төгіп бір-ақ береді. Сұлтан Жанболатов ағамыздан да Жаратушы ештеңесін аяп қалмағандай көрінеді. Дене-бітімі, пошымы қандай мол болса, Құдай дарынды да солай молынан сыйлапты. Ол шынында да жан-жақты талант иесі. Физика-электроника ғылымдары бойынша Қытай қазақтарынан шыққан тұңғыш доцент (1982 жыл), ағартушы-ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, аудармашы, тарихшы, фольклорист-ғалым. Сұлтан Рамазанұлының осы айтылғандардың ішіндегі бір ғана қырына сәл ғана шұқшиған адамның өзі кемінде бір кітаптың басын қайыратынына еш күмән жоқ. Бұл қасиеттерге оның өне бойынан төгіліп тұрған сырбаз мінезді, бекзат болмысты, тектілікті қосыңыз. Өйткені, ұлт көсемі Ә.Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенді жайдан-жай айтпаса керек. Сондай-ақ, ол Қытайдағы қабырғалы елдің, қаймағы бұзылмаған қалың қандастың рухани ту ұстаушысы, мәйекті ұйытқысы. Миллиард халқы бар елде осындай мәртебелі биікке көтерілу, әрине, бірер жылдағы бірер тамшы тердің бодауы емес. Қаршадайынан-ақ, қашанда үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбекті серік еткен Сұлтекең иісі жас ұрпаққа ісімен де, мінезімен де үлгі. Жастарға қажырлы болудың, ізденімпаз болудың, бесаспап болудың не екенін көрсеткен ұлағатты ұстаз. Ғылымның сан тарау жолына түсіп, бәрінде өз қолтаңбасы мен бөгенайы бөлек із қалдырған ғалым. Тарлан тарихтың тереңіне сүңги жүріп, қазақ әдебиетіне қайталанбас шығармалары арқылы ауқымды олжа салған қаламгер. Ел ісіне елпек жан қатепті қара нарлардай қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, нар жолында жүк қалдырмаған қайраткер азамат.
1956 жылы Шыңжаң институтының физика-математика факультетін үздік нәтижемен тәмамдаған жалынды да талапты жасты сол оқу орнының басшылары физика кафедрасына оқытушылыққа алып қалады. Болашақ ғалым өз білімін тереңдете түсу мақсатында 1957-1961 жылдар аралығында Қытайдың Чанчунь қаласындағы Зилинь университетінің физика факультетінде радио-электроника мамандығын оқиды. Ой қазынасын, парасат қоймасын жаңа, озық білімге толтырған Сұлтан Рамазанұлы қазіргі Шыңжаң университетіне оқытушылық қызметке қайтып оралады. Еңбек жолын елдің білім іздеген жастарына бар білгенін сарқа жұмсаудан, яғни, ұстаздықтан бастайды.
Осылайша ұлт жастарын білім нәрімен сусындатып, ғылым жолына біржола түсіп, оған құлай беріліп келе жатқан Сұлтан Рамазанұлының арман көгі саясаттың ылаңымен тұманданды. Қытай тарихындағы «мәдени төңкеріс» жас Сұлтанды да айналып өткен жоқ. 1963 жылы күзде оған әртүрлі саяси жалалар жабылып, басына қара бұлт үйіріледі. Атап айтқанда, оған «қашқынның баласы», «шетпен астасқан», «ақлақан», «буржуазия маманы» деген сорақы айдарлар тағылып, қақ-соққа ұшырап, жауапқа тартылады. Бұл саяси науқан 1966 жылға келгенде тіптен өршіп, жағдай тіптен ушыға түседі. 1966 жылы тамызда хунвэйбиндер Сұлтан Рамазанұлының басына қағаз қалпақ кигізіп, өзіне «ұлтшыл», «өзгертімпаз», «қанды балақ» деген айдар тағып, ел алдына шығарып, көше аралатып масқаралайды. Қарапайым халық алдында ар-намысын аяққа таптап, қорлық пен қинаудың сан түрін көрсетеді. Осындай ауыр күндерді басынан өткерген зиялы қауым өкілдерінің ішінде қорлық-зорлыққа шыдамай өзіне өзі қол жұмсап, о дүниеге аттанып кетіп жатқандар да аз болған жоқ. Бірақ табиғатынан текті, рухты, қайсар Сұлтанды қатыгез қорлық-зорлық, қинау жасыта алған жоқ. Түнек түннен соң, жарқырап таң атпаушы ма еді. Сол секілді 1976 жылы «мәдени төңкеріс» аяқталып, саясат оңалып, Сұлтан Рамазанұлы өзінің сүйікті қызмет орнына – университет аудиториясына қайта оралды. Бақандай бір мүшелінің мағынасыз қуғын-сүргінмен өтіп кеткеніне ашынған ғалым уақытқа кеткен есесін қамтып қалу мақсатында түнде ұйқыны, күндіз күлкіні қайырып қойып еңбектенді. Соның арқасында 1982 жылы «Бүкілқытайлық ғылыми атақ-дәреже беру» заңы қабылданғаннан кейін, Сұлтан Рамазанұлы Шыңжаң қазақтары арасынан тұңғыш доцент атағына, одан кейін тағы да тұңғыш рет (Үрімжі кәсіби университетінен) профессор атағына ие болды.
Сұлтан Жанболатов 80-жылдардан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене атсалыса бастады. Өйткені, Қытай өкіметі осы кезеңдерде «реформа жасау, сыртқа есік ашу» саясатын кеңінен насихаттап, екпінді түрде жүзеге асыруға кірісіп кеткен болатын. Тап осы мезгілде Сұлтекең сияқты кәсіби мамандардың еңбегі ғана емес, ой-пікірі мен ұсыныстары да ауадай қажет болды. Осылайша, ол 1983 жылы Шыңжаң университетінің проректоры, ҚХР Электроника қоғамының бас алқа мүшесі, ҚХР аз ұлт жазуындағы ақпараттарды компьютермен өңдеу қоғамының төрағасы, ШҰАР Ғылым және техника қауымдастығының тұрақты жорасы, ШҰАР ЖОО ғылыми атақтар беру жөніндегі аттестаттау комиссиясының төрағасы, т.б. қызметтерге тартылды. Ол қандай биік лауазымды қызметтің тізгінін ұстамасын, туған халқына адал қызмет ету деген жауапты міндетті ешқашан да есінен шығарған емес. Атап айтқанда, сол тұста ол аз ұлтжастарының да жаратылыстық ғылым салалары бойынша жан-жақты білім алып, заман талабына сай тірлік етуі үшін жаратылыстық ғылымдар бойынша Шыңжаңдағы жоғары оқу орнына қабылданатын студенттердің үлес салмағының артуына мұрындық болды. Сұлтан Жанболатовтың осы еңбегінің нәтижесінде, қазақтың қара көз ұлдары мен қыздары қат мамандықтар бойынша да білім алып, заманауи ғылым-техниканың нәрінен сусындай бастайды.
Сұлтан Рамазанұлы сан-салалы мемлекеттік және қоғамдық салада қызмет ете жүріп, жас ұрпаққа пайдалы ғылыми еңбектер жазуды да ұмытқан жоқ. Оның ғылыми саладағы ізденісінен туған «Компьютер принциптері», «Жартылай өткізгіштік радиоқабылдағыш», «Магнитофонды радиоқабылдағыш», «Калькулятор», т.б. ғылыми-техникалық саладағы кітаптары замана сұранысын қанағаттандырған бірегей еңбектер еді. Сонымен бірге, ол электроника саласындағы мол білімінің арқасында, өзі басқарған мамандар тобымен бірге аз ұлт жазуларын компьютерге ыңғайлау жүйесін ойлап тауып, ШҰАР-дың «Техникалық прогресс» сыйлығын еншіледі.
Сұлтан Жанболатов ұлтыма пайдам тиеді-ау деген жұмыстың қандайынан да қашқан емес. Осы жолда ол шығармашылық жұмысына кесірі тиетінін біле тұра, үлкен мемлекеттік қызметтерге саналы түрде барды. 1986-1996 жылдары ШҰАР Оқу-ағарту комитеті төрағасының (ШҰАР Білім министрінің) орынбасары, 1988 жылы Оқу-ағартуды зерттеу институтының, кейіннен Үрімжі кәсіби университетінің профессоры, ЖОО-ларда білім беруді зерделеу институтының директоры һәм аға зерттеушісі, 1993-2003 жылдары 8-ші және 9-шы рет шақырылған Мемлекеттік Халық Құрылтайының (парламент) депутаты, оның ұлт істері Комиссиясының мүшесі болды. 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасына мүше болып сайланды. Қазірге дейін Сұлтекең ШҰАР телеуниверситеті мен Үрімжі кәсіби университеттерінің профессоры, Қазақстандағы Мұхтар Әуезов атындағы Семей университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің құрметті профессоры.
Сұлтан Жанболатов ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қазақ әдебиетіне олжа салған аса дарынды суреткер-жазушы. Әдебиеттің қақпасын 1979 жылы «Аруақтар арасында» атты повесімен ашты. Қазір есептеп қарасақ, ол кезде Сұлтекеңнің жасы 43-те екен. Әрине, бұл қаламгер үшін кештеу болса да, оның қаламынан әлдеқандай тосырқауды байқай алмайсыз. Керісінше, осы алғашқы шығармасынан-ақ қаламы төселген, арғы-бергі әдебиеттен мағлұматы мол, ұлттың рухани топырағына терең тамыр жіберген кәнігі жазушылардай-ақ еркін көсілген шеберлікті байқауға болар еді. Жазушының «Аруақтар арасында» повесі тақырыптық жаңалығымен, жанрлық сонылығымен, көркемдік шеберлігімен жариялана салып-ақ ШҰАР-дың «Бірінші дәрежелі әдеби сыйлығын» еншіледі. Өйткені, Сұлтан Рамазанұлы осы шығармасымен Шынжаң қазақ әдебиетіндегі бір айтулы ақтаңдақтың орнын толтырды. Ол – фантастикалық проза жанры болатын. Жазушы осы шығармасында тарихтың терең қатпарларына сүңгумен қатар, болашаққа болжал жасайды. Келешек ғылым-техника саласында болуы мүмкін жаңалықтар туралы батыл ой айтады.
Сұлтан Жанболатовтың ғылыми-фантастикалық шығармалары 1985 жылы «Қас Сақтар» деген атпен Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрді. Осы кітап туралы ғалым, жазушы Жақып Мырзахановтың: «Сұлтан қазақ әдебиеті тарихындағы ғылыми-фантастикалық әдебиеттің туып-қалыптасуына кең жол ашқан ғалым һәм жазушы... «Қас Сақтар» атты ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағы оның өзіндік стиль, өзіндік оймен жазатын талғамды да тынысты жазушы екендігін көрсетті», – деген пікірімен толықтай келісуге болады.
Осыдан кейін Сұлтан Жанболатов жазушы ретінде ондағы қазақ, хань, ұйғыр оқырмандарының іздеп жүріп оқитын қаламгеріне айналды. Әрине, одан кейін де жазушы қаламынан неше ондаған повестер мен әңгімелердің оқырман жүрегіне жол тартқаны белгілі. Дегенмен, қаламгер ретінде Сұлтан Жанболатовтың әдебиеттегі асқар биігі – «Үйсін хикаясы» трилогиясы. Трилогия жеке-жеке «Елжау Күнби», «Саншора Күнби», «Оңғай Күнби» атты бөлімдерден тұрады. Бұл трилогия 1994 жылдан жарық көре бастады. Артынша бұл кесек туынды ҚХР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, еліміздің ХХ ғасырдағы «Қазақтың 100 романы» атты бағдарламасына енгізілді.
«Үйсін хикаясы» трилогиясында жазушы тарихи деректерді молынан пайдаланады. Мұнда автор жалаң қытай мұрағаттарымен ғана шектелмей, сонымен бірге, грек, араб, парсы тілдеріндегі тарихи материалдарды да молынан пайдаланғаны шығарманың өн бойынан айқын аңғарылады. Соның арқасында автор һәм қанды-сөлді һәм көркем, һәм тарихи һәм жанды образдар жасап, ұлттың сан ғасырлық көркем шежіресін көз алдыңызға әкеледі. Сондай-ақ, жазушы аталған трилогиясында тек Үйсін елінің көсемі Елжаудың ғана көркем образын жасаумен шектелмей, нанымды тарихи фактілерге негізделе отырып, бүгінгі қазақ ұлты мен ежелгі үйсін арасындағы тектік-генетикалық сабақтастықты да дәлелдеуге тырысады. Бұның өзін жазушының осы шығармадағы ең үлкен ұтысы, керемет жетістігі деп бағалаған жөн. Қысқасы, бұл трилогия бүгінгі қазақ оқырманына Ұлы Дала елінің тарихи көркем шежіресін шертумен бірге, Елбасымыз Н.Назарбаев ылғи айтатын «тарихта озған кезіміз – берекелі кезіміз, тозған кезіміз – берекесіз кезіміз» екендігі жөнінде тарихтан құнды сабақ береді.
Сұлтан Рамазанұлының бұдан өзге, әр жылдары жарық көрген «Таластағы жанталас», «Атлах-Талас шайқасы» секілді повестері мен романдары, сегізтомдық ғылыми-зерттеулер топтамасы, сондай-ақ, очерк, әңгіме жинақтары оқырманға етене таныс. 2008 жылы «Біз» атты автобиографиялық трилогиясы оқырманға жол тартқан болатын. Ол да «Ес кіру», «Ес шығу», «Ес жию» атты романдардан тұратын, автордың өмір жолының орайында тұтас ХХ ғасырдағы қытай елінің, дәлірек айтқанда, ондағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігін қамтып жатқан іргелі туынды. Бұл трилогия Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан жарық көрді. «Ежелгі ұлыс тарихы» («Үйсіннама») атты монографиясы да Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан жарық көріп, Қазақ елі оқырмандарының қолына тигеніне де көп бола қойған жоқ. Бұл ертедегі Үйсін мемлекетінің тарихын баяндаған ғылыми еңбек.
Сұлтан Жанболатовтың ғылым, білім, әдебиет саласында қол жеткізген жетістіктері әр жылдары ҚХР өкіметі тарапынан лайықты бағасын алып отырды. Оның бастылары ретінде ҚХР Мемлекеттік сыйлығы, ШҰАР-дың «Ерекше үлес қосқан маман» сыйлығы, әдебиет пен өнер саласындағы ең жоғарғы «Үлес» сыйлығы қатарлы марапаттарын атауға болады.
Сұлтан Рамазанұлының айтпай кетуге болмайтын тағы бір елеулі еңбегі – Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы достықты, өзара түсіністікті нығайту жолындағы тынымсыз ізденісі. Бұл тұрғыдан келгенде, Сұлтекеңді Елбасымыз ұстанып отырған саясаттың сол елдегі белсенді насихатшысы десек те артық емес. Сұлтекеңнің бұл бағыттағы еңбектері де еленбей қалған жоқ. Ол 2001 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Достық» орденімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» және «Қазақ хандығының 550 жылдығы» естелік медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ, өткен жылы Сұлтан Рамазанұлы қазақ ғылымына қосқан зор үлесі үшін ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрыновтың алғыс хатымен марапатталды.
Сексеннің сеңгіріне ентікпей көтерілген Сұлтекең әлі де тынымсыз еңбек пен терең ізденістің үстінде. «Жазарымды жаздым, болдым» деп қарап отырмай, Қазақ хандығының 550 жылдығына шашу ретіндегі «Қазақ тарихынан сауат» дейтін еңбегін аяқтап, шығармаларының 20 томдық жинағын реттеп баспаға ұсынды.
Ұлтының бақыты үшін жаралып, ұлтының намысы үшін қажымай еңбек етіп, тұтас ғұмырын ұлтының рухани түлеуі мен жаңғыруына арнап келе жатқан ұлтының адал ұлы, Алаш жұртының аяулы ақсақалы – Сұлтан Рамазанұлына енді өмір бойғы бейнетіңіздің зейнетін ұзақ жылдар жеуге жазсын деген тілек айтамыз!
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы. Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ кафедра меңгерушісі.
Астана.