11 Ақпан, 2016

Жер қойнауын игеру жаңа талаптарға сүйенеді

372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
111 Еліміздің «Геологиялық барлау жұмыстарының, минералды ресурстар мен минералды қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі биыл CRIRSCO мүшесі атанады. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев мәлім етті. Комитет төрағасы жер қой­науын пайдалану саласында әзірленіп жатқан реформалар бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және Қазақстанда компаниялар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Қысқаша KAZRC қа­­уым­дастығы деп аталатын бұл бірлестіктің халықаралық ұйымға мүше болуы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парындағы «қатты пайдалы қазбалар қоры туралы есеп бе­­­ру­дің халықаралық стандарттар жүйесін енгізу туралы» 74-қадамын іске асыру ба­рысында жүзеге асуда. Ал өткен жылдан бастап елімізде CRIRSCO бірыңғай үлгісі не­гізінде стандарттарды әзірлеу үдерісі басталған болатын. Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында іске қосылған CRIRSCO жобасы ақпараттың шынайы әрі сенімділігіне кепілдік береді. Сондай-ақ, бұл жоба компания­лар өз жобалары туралы гео­ло­гиялық және техникалық ақ­паратты көпшілікке қалай жариялауы тиіс екенін көптеген стандарттар негізінде белгілеп береді. Ол инвесторларға бері­летін ақпараттың барынша шын­айы әрі сенімді болуын қадағалайды. Минералды ресурстар және минералды қазбалар бөлігінде қазіргі уақытта Қазақстанда CRIRSCO халықаралық коми­тетінің талаптарына сәйкес құ­жаттар дайындалуда. Оның ішінде геологиялық барлау жұ­мыстарының, минералды ресурстар мен минералды қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің кодексі (KAZRC кодексі), Қазақстан­ның есептілік стандарттарын CRIRSCO жүйесі бойынша халықаралық стандарттарға үйлестіру жөніндегі басшылық, Сарапшының кәсіби этикасы кодексі, «Тәуелсіз сарапшылар мен сарапшылар топтарын тарту, жер қойнауына тәуелсіз сараптама жүргізу әрі олардың қызметтеріне ақы төлеу тәртібі», «Геологиялық барлау жұмыстарының, минералды ресурстар мен минералды қорлардың нәтижелері туралы жария есептіліктің қазақстандық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жарғысы (KAZRC жарғысы) бар. Б.Нұрабаевтың айтуынша, қазақстандық стандарттарды CRIRSCO ұйымының стандарттарымен сәйкес ету мақсатында шетелдік және отандық сарапшыларды тарту және тәуелсіз сараптама қызметін жүргізу көз­делуде. Қазақстанда CRIRSCO бі­рыңғай үлгісінің негізінде стандарттарды әзірлеу үдерісі 2014 жылдан басталды. Нәтижесінде 2015 жылғы қаңтарда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өз­герістер күшіне енген болатын. Қабылданған түзетулер жер қойнауын пайдаланушы­лар жұмысындағы кедергілерді алып тастауға, салалық құқықтық базаны жетілдіруге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және салаға тікелей шетелдік инвестициялар тартуға бағытталған. Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі халықаралық стан­дарттарға көшу Қазақстанның кен өндіруші өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса маңызды жағ­дай болып отыр. Кен орындарын барлау және игеру жоба­ларындағы инвестициялық тәуе­келдер жоғары болғандықтан инвесторлардың ресурстар мен қорлардың дұрыстығына қоятын талаптары да өте қатаң. Биржалар мен банктер кен өн­діруші және геологиялық барлау компанияларының қызметі мен есеп берулері халықаралық стандарттарға сәйкес болған кезде ғана оларға сенім артады. Сол үшін де біздің елдің геологтары халықаралық талаптар үдесінен шығуға ұмтылып отыр. «Біз CRIRSCO халықаралық комитетіне KAZRC-нің мүшелік етуі жөнінде өтінішті жолдадық. Ол құжаттар қабылданды. Енді Астанада маусым айын­да өтетін АММ-2016 форумы аясында арнайы сессия болады деп жоспарлап отырмыз. CRIRSCO комитетінің барлық мүшелеріне шақыр­ту жолдадық, олардың барлығы Астанаға келетіндіктерін хабарлады. KAZRC қауымдастығы биыл маусым айында CRIRSCO комитетінің толыққанды мүшесі атанады деп жоспарлап отырмыз», деді Б.Нұрабаев. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».