11 Ақпан, 2016

Кемеңгер тұлғаға арналған кеш

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұлттық әдебиетіміз бен мемлекет ісінде өшпес із қалдырған қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Замана заңғары» атты әдеби-та­нымдық кеш ұйымдастырды. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Әбекең – әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көр­кем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінберіне көтерілді», деп бәтуалы сөзін арнап, бағалаған біртуар ұлының халқымен бірге екенін, шығармалары ел ерте­ңіне қызмет етіп, оның екінші ғұмырын жал­ғастыра беретінін осы кеш ай­ғақтай түсті. Кешті университет проректоры, биология ғылымдарының докторы Сайра Әйпейісова кіріспе сөз сөйлеп ашып, күні кеше ғана өмірден озған Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың асыл бейнесі халқымен мәңгі бірге жасайтынын жеткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиев замана заңғарының қаламынан туған, халқының асыл қазынасына айналған кесек туындыларының қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінде шоқтығы биік шығармалар екенін атап айтты. Университет жанындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Алпысбай Мұсаев «Әбіш Кекілбаев­тың өмірі мен шығармашылығы» деген тақырыпта баяндама жаса­ды. Осы жоғары оқу орнының «Білім мен тәрбиенің әлеуметтік және дүниетанымдық мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі, фи­лософия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Әбіш Кекілбаевтың саясаткерлігі мен қоғам қайраткерлігі хақында әсерлі әңгіме өрбітті. Ардагер журналист Идош Асқар қазақтың кемеңгер ұлымен Қазақ университетінде өкшелес оқы­ғанын айта келіп, сол студенттік кездің өзінде-ақ оның болашағынан үміт күттіретіндей шығармашылық қадамына куә болғанын жеткізді. Ол осы университеттегі «Үркер» шы­­ғармашылық үйірмесіне қазақ әдебиетінің жұлдызы биік жампозы Әбіш Кекілбаевтың атын беру туралы ұсынысын білдірді. Кеш барысында университет кітапханасы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, сту­дент­тердің күшімен концерттік бағ­дарлама ұсынды. Замана заңғарына арналып шығарылған жаңа әндер шырқалды, көңіл толқытарлық өлең­дер оқылды, абыз тұлғаны ардақтап еске алды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.