11 Ақпан, 2016

Жағрафиялық ақпараттық жүйе

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиевтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алудың алғашқы қадамы – жариялылыққа жарқын жол ашу мақсатында жиын болды. Негізі ішкі істер органдары жұмысын бақылап және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Елбасы Бас прокуратураға елімізде жасалатын барлық қылмыстық құқық бұзушылықты белгілейтін «Құ­қық бұзушылық картасы» атты интернет-портал құру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл шараны атқару Ұлт Жоспарының 32-қадамында нақ­тыланған. Онда Бас прокуратураның өкілетті органы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті ведомствоаралық әрекеттердегі ақпарат­тық жүйені орталықтандыруда жауапты атқарушы болып анықталған. Сонымен, жасалған қылмыс туралы факт, құқық бұзушылық жөніндегі хабарлама мен арыз реестрға еніп және тіркелген соң небәрі 3-4 минутта жағрафиялық картада жарияланады. Бүгінгі таңда «Қылмыстық карта» қызметі барлық облыс орталықтары, Алматы, Астана қалалары және 20 моноқалада көрсетіледі. Карта құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтында қолжетімді. Қылмыстың ошағын жылдам белгілеп, алдын алу үшін карта бірінші кезекте ішкі істер органдарына, әкімдерге, білім беру мекемелеріне пайдалы болады. Қазір кез келген облыстағы жалпы қылмыс санын, 10 мың тұрғыны бар елді мекендегі қылмыс деңгейін әп-сәтте білуге болады. Бұл ақпараттық қыз­метті интернет желісі бар әр адам пайдалана алады. Облыс орталығындағы картадан әр адам қылмысты қай көшеде, қай үйде жасалғанын да біле алады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Талдықорған.