Еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген талай талантты жастардың томағасын сыпырып, өнер айдынына шығарған «Қазақстан дауысы» жобасының продюсері, радиожурналист, тележүргізуші Кенже ЖҰМАНҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.
– Кенже, кезекті «Қазақстан дауысы» жобасының мәреге жеткеніне көп бола қойған жоқ. Жалғаса ма?
– Бұл сұрақты маған қойып жатқандар көп. Тіпті, кейбіреулері, менің телефон нөмірімді қайдан алғаны белгісіз, хабарласып, кастингтің қай күні қай қалаларда өтетінін сұрап жатады. Жаңа маусымға дайындалып жүрген әншілер бар. Жалпы, «Қазақстан дауысы» жобасының жалғасуы Ұлттық арна басшыларының қабылдаған шешіміне байланысты. Ол ең алдымен қаржыға барып тіреледі. Мұндай жобаларды ұйымдастыру көп күш-жігермен қатар, қыруар қаржыны қажет етеді. Әр телеарнаның басты мақсаты – сапалы, рейтингтік көрсеткіші жоғары телеөнім жасау. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталған жоба өз міндетін толық орындады. Көрерменнің де ықыласы жақсы. Сондықтан, еліміздегі қаржы дағдарысына қарамастан, мегажобаның төртінші маусымы жалғасын табар деп үміттенеміз.
– Аталмыш жобаның лицензиясы кімге тиесілі?
– Тележобаның франшизасы алғаш рет 2010 жылы Голландияда эфирге шықты. Көп ұзамай кәрі құрлық елдері, онан соң әлемнің өзге де мемлекеттері осынау ерекше думанға қызығушылық таныта бастады. Соның арқасында бүгінгі таңда әлемнің 50 шақты елінде көрсетіліп жатыр. Ресей «Голос» деген атаумен 2012 жылы алғашқы хабарын түсірсе, «Қазақстан дауысы» 2013 жылы көрерменге жол тартты. Ресейдің бірінші арнасы, «Қазақстан» ұлттық арнасы да тележобаның лицензиясын голландықтардан сатып алып отыр. Сондықтан кейбіреулер білместікпен айтып жүргендей «Қазақстан дауысы» Ресей бағдарламасының көшірмесі емес.
Теледуманды онлайн арқылы тамашалаған түрік ағайындар былтыр әлемдік жобаның қазақстандық нұсқасына жоғары баға берді. Мұны естіп қуанып қалдық. Бұл жобаға тек білікті мамандар мен сапалы техника тартылған. Жобаның жоғары рейтингке, беделге ие болуына осындай жайттар ықпал етсе керек. Жалпы, бұл телевидение тарихында қалыптасқан ән сайыстарына мүлдем ұқсамайды. Мұнда тәлімгерлер орындаушының бет-жүзін көрмейді, тек дауысына назар аударады. Мегажобада қатысушының көркіне емес, тек дауысына басымдық беріледі. Таза, табиғи дауыстар ғана бағаланады. Іріктеу кезеңдерінде қатысушылар өз қалауы бойынша поп, джаз, блюз, рок, халық әндері секілді түрлі музыкалық нақышта ән шырқай алады.
– Тәлімгерлерді таңдау қиын ба? Өйткені, өнердің бел баласына айналған олардың өзіне де көңілі толмай отыратын көрермендер бар?
– Әу баста, тележоба қолға алынғанда тәлімгерлерді таңдау оңай болмады. Алдымен сахнада жүрген танымал өнер қайраткерлерінің аты-жөні жазылған тізім жасалды. Бірнеше рет өткен талқылаудан кейін тізімдегі тұлғалардың бірнешеуі сызылды, олардың орны өзге үміткерлермен толықты. Соңында көрерменнің көзайымына айналған бүгінгі тәлімгерлер іріктеліп алынды. Ең алдымен олардың тыңдарман алдындағы беделі, кәсіби деңгейі, тәжірибесі ескерілді. Мысалы, Алмас Кішкенбаев дәл осындай теле-думанда өзгелерден оза шауып, жеңімпаз атанған. Рүстем Нұржігіт, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Албан да республикалық және халықаралық ән байқауларына қатысқан, шәкірттеріне айтары бар танымал сахна саңлақтары. Бәрінің де жастарға көрсететін өнегесі, айтатын ақылы бар дегендей. Жобаның екінші маусымында тәлімгерлердің ешқайсысы ауыстырылған жоқ. Тек үшінші маусымда Медеу Арынбаевтың орнын музыкант әрі әнші Рүстем Нұржігіт алмастырды.
– Шынын айту керек, жоба табысты өткенімен, ара-тұра сын айтушылар да кездеседі. Бірінші, әлде екінші маусымда ма екен, жоба қатысушыларының бірі – Ержан Нұрғалиевті ешбір тәлімгер таңдамаған кезде көп пікір айтылды. Жобаға қатысты айтылған сындардан қорытынды шығардыңыздар ма?
– Сын айтылғаны жақсы, онсыз болмайды. Бірақ Ержан Нұрғалиевті таңдамау тәлімгерлердің кемшілігі немесе тәжірибесіздігі емес. Әр тәлімгердің алдына қойған мақсаты, өз талабы болады. Бәлкім, Ержан жақсы әнші болғанымен, төрт тәлімгердің қалауынан шыға алмаған шығар. Оның үстіне, жоба шарты бойынша орын шектеулі, әр тәлімгер өз қарамағына санаулы адамды ғана қабылдай алады. Алда әлі қанша қатысушы бар, бәлкім олардың арасынан мұнан жақсы әнші кездесіп қалар деген үміт те қылаң береді. Бір айта кететін жайт, халықаралық жобаның бірінші маусымында тәлімгер Асан есімді жігітке бұрылмағандарына өкінді. Кейбір тәлімгерлер күйініп көзіне жас та алды. Бірақ уақытты кері бұруға болмайды. Дегенмен, осы бағдарламадан кейін Асан Астанадан шақырту алып, жақсы жұмысқа орналасып кетті. Қазір музыкалық топтың құрамында ән айтып жүр.
– Мұндай жобаларды жүргізудің қиындығы қандай?
– «Қазақстан дауысы» – қымбат жоба. Бұған «жілігін шағып, майын ішкен» дегендей, телевизия саласындағы ең білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандар тартылған. Өйткені, халықаралық жоба болғандықтан әрі бағдарламаның тең жартысы екі сағат бойы тікелей эфир арқылы көрсетілетіндіктен қыруар еңбекті, ең бастысы мол тәжірибені талап етеді. Сондықтан, мұндай жобаны ұсыну кез келген телеарнаның маңдайына бұйырмаған. Жоба жеңімпазына тағайындалған 5 миллион теңгені, өзге де шығындарды «Қазақстан» ұлттық арнасы көтеріп отыр. Басты мақсат – көрермендерге сапалы әрі мазмұны бай тартымды телеөнім ұсыну.
– Қатысушылар жобаның «Көрмей тыңдау» деп аталатын алғашқы сынына дейін бірнеше іріктеуден өтеді дейді. Сол рас па?
– Сізге бір құпияны ашайын, шын мәнінде «Көрмей тыңдауға» дейін бірнеше іріктеу өтеді. Бұлай жасамасақ, тағы болмайды. Өйткені, алғашқы маусымда еліміздің әр өңірінен бақ сынауға 9 мыңнан астам адам қатысты. Олардың барлығының бір жобаға сыймайтыны рас. Арасында талантты әншілер де, жәй ермек үшін келе салғандары да болды. «Майдан қыл суырғандай» олардың ішінен нағыз дарынды жастарды, әнші мен әншейін қиқушыны анықтау үшін кастинг өткізіледі. Мысалы, былтыр іріктеу еліміздің оңтүстігі, солтүстігі, шығысы мен батысындағы ірі 4 қалада ұйымдастырылды. Барлығы үш мыңнан астам талапкер тәуекел етті. Бұлардың 70 пайызы алғашқы сынақтан сүрінді. Екінші кезеңде Нидерландтан келген мамандар тағы бірталай үміткердің өнеріне қөңілі толмайтынын білдіріп, үйлеріне қайтарды. Осы іріктеуден өткендері ғана телевизиялық нұсқаға жолдама алады.
– Қатысушылар орындайтын әндерді кімдер таңдайды?
– Алғашқыда өздері таңдайды. Кейін тәлімгердің қарамағына өткен соң, ұстазымен бірге ақылдаса отырып, шешім қабылдайды. Екінші маусымда жобада шырқалған әндердің 80-85 пайызы қазақ әндері болды.
Былтыр да халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармаларына басымдық берілді. Тек ағылшын тілінде ән шырқағысы келетіндер де кездеседі. Бірақ әдетте олар жобаның ақтық сынына дейін жете алмайды. Өйткені, қазақ әндері жүрегіне жақын болғандықтан, көрермен көбінесе ана тілінде ән шырқайтын азаматтарға дауыс беріп жатады. Өз басым жобаның аты «Қазақстан дауысы» болғандықтан тікелей эфирде өнер көрсететін әншілердің барлығы қазақша әнді нақышына келтіріп орындай білуі тиіс деп ойлаймын. Жалпы, байқасаңыз қазір осыған ойысып келеді. Алғашқы маусымда орыстілді талапкерлер көп болатын. Екінші және үшінші маусымдарда қатысушылардың түгелге жуығы қазақша таза сөйлей алатын жастар болды.
– Жеңіске жетпесе де есте қалған ерекше таланттарды атап өтсеңіз. Олармен байланысып тұрасыздар ма?
– Байланысымыз үзілген жоқ. Олар үнемі жетістіктерін, жақсы жаңалықтарын қуана хабарлап отырады. Мысалы, бірінші маусымда финалда өнер көрсеткен Мархаба Сәбиева «Қазақстан дауысы» жобасынан соң Беларусь елінде өткен «Славян базары» халықаралық ән байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленді. Мұнан кейін іле-шала Чехияда өткен «Гауһар дауыс» атты халықаралық сайыста бірінші орынды иеленіп, еліміздің абыройын аспандатып қайтты. Ол тұрмысқа шықты, жұбайы өзінің продюсері. Әлібек Әлмәдиев Ресей телеарнасында көрсетілген «Хочу к Меладзе» танымал тележобасына қатысты. «Қазақстан дауысы» жобасынан кейін Ару Әуезова, Астана Қарғабай «Еуразия» арнасынан көрсетілген «Х-фактор» жобасына қатысып, екеуі де гранд-финалға шықты. Екеуара тартыста Астана басым дауыспен жеңіске жетті. Жанғали Әбішев, Нұрман Арыстанов, Назарбек, Арманай және басқалары бейнебаян түсіріп жатыр. Батырхан Мәліков, Айдана Риза, Айнара Айтқалиева, Жалғали Әбішев, Шахаризат Сейдахмет – барлығы да Алматыға көшіп келді. Олар оңтүстік астанамызда өнерін әрі қарай шыңдамақ. Былтыр «Қазақстан дауысы» атты арнайы ән жазылып, оны жоба қатысушылары Шахаризат, Нұрман, Данияр, Жанғали орындады. Осы әнге бейнебаян түсірілді.
– Танымал әншілер, музыкалық продюсерлер жоба тәлімгерлерімен жақсы қарым-қатынасын алға тартып, қалаған адамдарын өзара келісім арқылы гранд-финалға шығаруы мүмкін бе?
– Менің бір байқағаным – «Қазақстан дауысы» жобасының әр шығарылымын музыкалық продюсерлер қалт жібермей көреді. Олар жақсы әншіні байқаса, дереу іліп алып кетеді. Біз бұған ешқандай тыйым сала алмаймыз. Өйткені, таңдау қатысушының өз еркінде. Мысалы, алғашқы маусымда жобаның финалында өнер көрсеткен өнерпаздардың ешқайсысы продюсерсіз қалмады. Олардың арасында продюсерлерді 2-3 рет ауыстырып үлгергендер де бар. Ал екінші маусымда Мәдина Сәдуақасованың тобындағы Индира Еділбаеваға бір айдың ішінде 40 шақты продюсер хабарласып, бірге жұмыс істеуді ұсынған. Индира ойлана келіп, танымал әнші Әли Оқаповты таңдады. Ал Бауыржан Ретбаевты әнші, музыкант әрі продюсер Лұқпан Жолдасов қамқорлығына алды. «Дауыс KZ» атты дуэт құрды. Оның құрамына жобаның алғашқы маусымына қатысқан Берік Тұрғараев пен Бауыржан Ретбаев енді.
Ал тәлімгерлер біреу айтты екен деп өз тобындағы қайсыбір әншіні жобаның келесі кезеңіне өткізе алмайды. Олар бұл жерде досының не танысының өтінішін емес, ең алдымен өзінің абыройын ойлайды. Жалпы, бұл жобада арзанқол әншінің ақтық сынға жетуі мүмкін емес. Өйткені, тәлімгерлер жобаның бастапқы кезеңінде өз тобындағы әншілерге қолдау көрсеткенімен, жартылай финалда нағыз дүлдүлді халық таңдайды. Барлығын көрерменнің жіберген СМС дауыстары шешеді. Дауыс беруге еш күмән болмасын, бәрі әділ өтті.
– «Қазақстан дауысы» жобасы барынша әділ өтті деп мәлімдеме жасалды. Оған қатысушылар да күмән келтірмейді. Соған қарамастан, әлі күнге дейін осындай бәсекелердің әділ болатынына сенбейтіндер бар...
– «Қазақстан дауысы» жобасында дарынсыз әнші сайысты жалғастыра алмайды. Ондайлар алғашқы іріктеу кезеңінен де өте алмайды. Онан кейін сайыстың барлық кезеңі көрерменнің көз алдында өтеді. Бұл дода өзге музыкалық байқаулар секілді 2-3 күнде аяқталмайды. Жарты жылға жуық уақыт бойы көрерменнің назарында болады. Халық та әркімнің шама-шарқын байқап, бағалап отырады. Жеңімпаз тек СМС дауыс арқылы анықталады. Бұған 100 пайыз кепілдік беремін. Тәлімгердің шәкіртінен ақша немесе басқа да сыйлық алғаны рас болса, келісімшарт сол мезетте күшін жояды. Тәлімгерлер мұндай қадамға барады деп ойламаймын. Өйткені, олар жобаның арқасында халыққа онан сайын жақындай түсті, концертке, тойға көп шақыру ала бастады, соның арқасында табыстары да молая түсті. Тек жобадан шығып қалған қатысушылар «тәлімгерге ақша бермеген соң, мені таңдамады» деп ашу-ызамен қауесет таратуы мүмкін деп ойлаймын.
– Бас жүлдені жеңіп алған Мұратбек Хайролданың әрі қарайғы әншілік тағдыры қалай жалғасады?
– Мұратбекті тәлімгері Нұрлан Албан өз қамқорлығына алды. Ол продюсері ретінде шәкіртіне қолдау көрсетуге ниеттеніп отыр. Ең алдымен жаңа әндер жазып, бейнебаяндар түсірмек. Сонымен қатар, халықаралық ән байқауларына қатысуды да жоспарлап отыр. Алдағы Аналар мерекесі мен Наурыз мейрамына арналған мерекелік бағдарламаларға қатысуға дайындалып жатыр. Ал қазір Мұратбектің басты мақсаты – толық білім алып, дипломға қол жеткізу. Әншінің тағдыры ең алдымен өзіне байланысты. «Мен – Қазақстан дауысымын» деп қарап отырса, тез-ақ ұмытылады. Сондықтан көп ізденуі керек, жаңа жақсы әндер жазып, тыңдармандарын қуантуы тиіс. Мұратбектің болашақта жақсы әнші болатынына сенімдімін.
– Кенже, әңгімеңізге рахмет. Жаңа маусымда жаңа жұлдыздар тусын.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.