11 Ақпан, 2016

Қалалықтар қар жауды деп қуанып жатыр

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
СНЕГ Бұрнағы күні бұған дейін көк­темнің күйін кешкендей бо­лып тұрған Шымкентке қыс қай­та келгендей болды. Қысқа мерзім ішінде аймақты ұлпадай аппақ қар басты да қалды. Бұл қоянның құйрығындай бұлаң­да­ған қыстың қайта үйіріліп соқ­қанын көрсетті. Ал биыл жаңа жылды оңтүстік өңірінің жұрты жылы жаңбырмен қарсы алған. Арқада арқыраған боран қарға адым жерді көргізбей, аспан мен жер көк мұзға оранып жатқанда Шымкентте бәйшешек бүр жарған, шие гүлдеген. Есік алдын­дағы алаңқайымызда қаулап өскен балауса орақпен орарға кеп қалғандай еді. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мыл­қау танымас тірі жанды» қысы­ңыз Шымкент деген жерде де қыс болу керектігін ұмы­тып кетті ме деп жүргенімізде, ақ­панның екінші аптасы қармен басталды. Қыламықтап жауды, жерге түспей еріп жатты. Болмаған соң жапалақтап жауып, қабағын түкситіп еді, қыс түсті. Түнде бес градус, күндіз үш-төрт градус аяз бар. Балалар рахатта­нып қалды. Үлкендер тауға барып шаңғы теуіп жүр. Бірақ, қоянның құйрығындай шолтаң ете қалатын Оңтүстік қысының аяғы осы қар болатын сыңайлы. 12 ақпаннан бастап ауа темпе­ра­турасының жылылығы 2-3 градусқа артады деп күтілуде. Қыс осылайша сыр беріп тұр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.