12 Ақпан, 2016

Қалалық мәслихатқа тіркеу шарасы өтті

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматы қаласындағы Теміржолшылардың мәдениет үйінен ашылған Түрксіб ауданы бойынша №33 сайлау округінде «Нұр Отан» саяси партиясы атынан қалалық мәслихатқа кандидаттық тіркеу шарасы болып өтті. Өзінің өміршең идеялары, қоғамның дамуына үлес қосудағы ерен талпынысы көптің көңілінен шыққан Ләззат Қалтаева округ бойынша іріктеуден сүрінбей өтіп, қалалық мәслихатқа үміткер ретінде тіркелді. 7 жасында жол апатына ұшырап, арбаға таңылған үміткердің өмір жолы тіршілік үшін тырмысумен емес, қоршаған ортаны жақсылыққа бөлеп, адамзат қоғамына ізгіліктің ізін қалдырсам деген адами күреспен өтіп келеді. 17 жасынан бастап Мүгедектер қоғамында қатардағы қызметкер болып еңбек жолын бастаған Ләззат Молдабекқызы 1997 жылы құнды қағаздар нарығының мамандарын даярлайтын арнаулы курсты тәмамдап, осы сала бойынша бүгінде білікті мамандардың біріне айналып отыр. 2001 жылы өзімен тағдырлас өзге де ынталы әйелдермен бірлесіп, «Жарымжан әйелдердің «Шаңырақ» ассоциациясы» қоғамдық бірлестігін құрып, қазірде сол бірлестікті басқарып келеді. Жаны жадау, тағдыры бөлек әйелдердің мұң-мұқтажын қоғамдық деңгейде белсене көтере білген Л. Қалтаева «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Құрмет» орденімен, БҰҰ тарапынан тағайындалатын «Мүгедектердің құқығын қорғаушы тұлға» деген халықаралық төсбелгімен марапатталған. «Әрбір қазақстандық өз Отанының өсіп-өркендеуіне үлес қосуға міндетті және әрбіріміздің қоғамға тек жақсылық жасаған ізіміз қалуы керек» дейтін өмірлік ұстанымды ту еткен Ләззат Молдабекқызы алдағы сайлауда жеңіске жетсе, қалалық мәслихат мінберінен жарымжан жандардың өміріне жаңаша леп әкелетініне сенімді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». Алматы.