12 Ақпан, 2016

Жерді пайдаланудағы жеңілдіктер

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық экономика министрлігі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 35-қадамын іске асыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруді ынталандыру үшін «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң­мен Жер кодексіне түзетулер енгізілді. Жаңа құқықтық нормалар бойынша АӨК-те жұмыс істейтін субъектілерге олар жалға алған жерлерді кадастр­лық құны­­ның 50 % мөлшерінде айқындалатын жеңiлдiк бағамен 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы алуға болады. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларға да преференциялар белгіленген: шетелдік компаниялар үшін жерді жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылған. Жер кодексіне енгізілген түзетулер мемлекет мен­шігін­дегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учас­ке­лерін жекеменшікке аукцион арқылы беруді көздейді. Жер учаскелері ҚР жеке және заңды тұлғаларына жекемен­шік құқығымен мынадай ретпен аукциондарда сату арқылы бе­ріледі: – жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын арттыруды көздейтін аукцион арқылы; – егер екі аукционның қорытындылары бойынша учаске сатылмаса, онда ол учаскенің бағасын кадастрлық құ­нының бел­гі­енген ең төменгі шегіне (кадастрлық құнының 50 %) дейін төмендетуді көздейтін аукционға қойылатын болады. Жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойынша жеңіл­дік шарттары. Жер пайдаланушыларға бұрын берілген ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқ­талғанға дейін 10 жылға дейін бөліп төлеу арқылы, олар­дың кадастрлық құнының 50 % мөлшерінде айқын­далатын жеңiлдiк бағамен жекеменшікке сатып алуға құқық береді. Жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану бойынша шектеулер алып тасталады. Норма жерді пайдаланушыларға жалға алу құқығымен құ­қықтық мәмілелер жасасуға, атап айтқанда, банкке кепілге беруге, жалдау мерзімі ішінде иеліктен шығаруға (қосалқы жалдауға табыстаудан басқа) мүмкіндік береді. Заңмен енгізілген өзгерістер 2016 жылғы 1 шілдеден күшіне енеді. Ұлттық экономика министрлігі Экономика инфрақұ­ры­­лымын дамыту департаменті директорының орынбасары Гульжахан Бимендина «Заңның қабылдануы аграрлық сектордың дамуына, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ, ауылшаруашылық өндірісіне қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік туғызады», деп түсіндірді. «Егемен-ақпарат».