Сәрсенбі күні «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ және «Транстелеком» АҚ серіктестік меморандумына қол қойды. Сөйтіп, «Транстелеком» компаниясы «Көрме серіктесі» мәртебесіне ие болды.
«Транстелеком» – еліміздің ірі ІТ және байланыс операторларының бірі. Ол телекоммуникация, ақпараттық коммуникация саласында кең ауқымды қызмет көрсете алатын бірегей компания, сондай-ақ, ІТ интегратор болып табылады.
«Қазақстандық компанияның инновациялық жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқандығы көңіл қуантады. «Транстелекомның» ауқымды филиалдық жүйесі бар, ол бүкіл Қазақстан аумағында ЭКСПО көрмесінің кең тарауына ықпал етеді. Сондықтан біздің жобамызға «Транстелеком» сынды алдыңғы қатарлы компаниялардың қатысуы еліміздің болашаққа деген сенімін нығайтып, Елбасы тапсырмасының орындалуын қамтамасыз етеді», деді өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов.
«Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми «ІТ серіктесі» болу «Транстелеком» үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі таңда «Транстелеком» акционерлік қоғамы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірлесіп жұмыс істеуде. Біз іс-шараның мәні мен маңызын түсіне отырып, оған үлкен жауапкершілікпен қараймыз», деді компания президенті Дәурен Пішембаев.
Алдағы уақытта «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен «Транстелеком» АҚ халықаралық көрмені өткізу бағытында бірлескен іс-шараларды жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ, «Транстелеком» АҚ ЭКСПО-2017 көрмесі барысында «Ұйымдастырушылар кеңсесін» телефон және интернетпен қамтамасыз етіп, шетелдік қатысушылар үшін VPN қолжетімділігіне техникалық тұрғыдан жағдай жасап, көрме қонақтарына бүкіл көрме өтетін кезең барысында интернет желісін ұсынады.
Халықаралық көрмені өткізуге 10-нан аса ірі компания тартылып отыр. Олардың қатарында: NCOC, Shell, Samsung, Эйр Астана, CISCO, Saint-Gobain, «Қазкоммерцбанк» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазпошта» АҚ және т.б. бар.
«Егемен-ақпарат».