01 Қаңтар, 2011

Терезесі жарық үй

752 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақтың бір топ тастанды ұл-қызын бауырына басқан

ерлі-зайыпты Илдус пен Лидия хақында үзік сыр

Ахметовтердің үйі Аманқара­ғай кентін жарып өтетін ұлы жол­дың бойынан шеткерірек көшеде. Кентті орап жатқан көк тіреген Аман­қарағай орманы қысқы кеште қарауытып көрінеді. Илдус аға мал­ды күндегіден ерте жайлады. Өйт­кені, каникулға шыққалы кө­мек­шілері бар. Папасы қораға бет­тесе-ақ Тәуекел де ілесіп қал­май­ды, алтыншы сыныпта оқитын ба­ла­ның шаруаға көзі үйренген. Іле­кең сиырға шөп салып жатса, ол ақыр­дың айналасын жиыстырады, же­мін қойысады. Мал қораның қи­ын, ауланың қарын күреуге Ба­уыр­жан, Радик пен Тимур да бірге шығады. Ер бала күрек ұстауға да, шеге қағуға да икем тұрады. Кішкентай кезінен қасынан тастамай алып жүргендіктен бе, балалар шаруаға икем, қазір олар қораның қиын алу мен ауланың қарын кү­реу­ден Илдус ағаның қолын бо­са­тып қойған. Ал отын жару Тәуе­кел­дің сүйікті ісі. Ағашты бұтап, оны мықшыңдап сарайға тасып, қыз­дың жүгіндей етіп жинайды. Жүйке жүйесінде ептеп кінәраты болғанмен, бала сондай еңбекқор. «Әке – балаға сыншы» деген, Илдус аға тәмпіш мұрнын тартып қойып, отын жинап жатқан Тәуекелге қа­рап отырып, «өскенде ауылда тұр­са да тамағын тауып жейтін болар, мал ұстаса ешкім де аш бол­май­ды» деп ойлады. Төртінші сы­нып­қа барып жүрген Бауыржаннан үміті жоқ емес. Көп сөйлемейтін бала сабағына да, жұмысқа да тын­дырымды. Ал Радик пен Ти­мур­дың жөні бөлектеу, сырт пішініне қарағанда алтын асықтай дерлік екі ұлдың да ақыл-есінің да­муы тежелген. Илдус Хазиұлы да, жұбайы Лидия Яковлевна да олар­ды еңбекке баулуды бір күн де тоқ­татқан емес. Әсіресе, 11 жасар Ти­мур­дың жағдайы ойланарлық. Бай­ғұс баланың ақыл-есінің кемістігі көзге ұрып тұрады, өзі секілді ақыл-есі кеш дамыған балалардың ар­найы мектебіне барады. Мал қорада көбірек жүріп қал­ған Илдус ағаның да, төрт ұлдың да беті-қолын аяз сорып тастады. Папасы үйге жүріңдер демесе, бала жарықтық тоңғанын да білмейді. Қорадан шығысымен төртеуі аула күзететін екі итпен қуаласып ой­нап кетті. Есіктің алдында оларға қа­райлап, әр нәрсені бір түрті­нек­теп біраз жүрді де, Илдус аға то­ңып қалар деп балаларын үйге ша­қырды. Бесеуі аязды кеште есіктен то­бымен кіргенде үйдің жылы ауа­сы олардың жүзін өпкендей болды. – Тез, пешке жылыныңдар! – Бұл осы үйдегі балалардың үлкені Гүлденнің өкімі. Ол бөлмеде пешке жапсырыла қойылған ұзын орын­дықтың үстіне жеті баланың, па­пасы мен мамасының етігін, пимасын жағалай қояды. Таңертең аяқ киімнің барлығы да жылы, әрі кеуіп тұрады. Гүлденмен бірге 7-ші сыныпта бірге оқитын Рада дас­тарқан мәзіріне кіріскен. Ең кіш­­­кентай Айсұлу – үйдің еркесі. Ол папасының төр үйге орнатқан шыршасына мәз. Оның «түнде екеу­міз шырша безендіреміз» деген уәдесін күтіп жүр. Осыдан үш ай бұ­рын аяғының тамырына операция жасаған Лидия Яковлевнаға көп жүруге болмайды, балдақпен сүйеніп жүреді. Гүлден мен Рада ма­масына «қимылдама, ауыр кө­тер­ме» деп шыр-пыр болады. Дастарқан басында қыздардың түйген түшпарасын папасы өте дәмді деп мақтады. Мамасы Раданың са­лат­ты өте ұқыпты кескеніне риза болды. Гүлден бүгін аяз қатты бол­­са да, сиырдың сүті азай­ма­ған­ды­ғын айтты. Қысқы кеште терезесі ерекше жарық болып тұратын Ахметовтер үйінің ішін олардың осын­дай шүйіркелескен әңгімесі ұя­дай жылытып тұратын секілді. Кешкі астан соң балалар ата-ана­сының рұқсатымен өздері қалаған іске отырады. Бірі кино көреді, бірі сурет салады, қыздар кесте тігеді. Жеті жылдың ішінде ба­ла­лар­дың қолқанат болып қалғанына қуанады Лидия Яковлевна. Үйдің тазалығынан шыбын тайып жы­ғыл­ғандай. Оны екі қыз әлдеқашан мойнына алған. Өткен жылдан бастап екі сиырды екі қыз сауады. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген рас екен. Жетім балалар үйінен тас­танды және әке-шешесі ата-аналық құ­қынан айырылған шиеттей жеті баланы алғанда дос-жарандарының бар­лығы да «Ахметовтер есінен адасқан шығар» деген болатын. – Біздің өзіміздің үш ұлымыз бар. 46 жастағы үлкен ұлымыз Виталий Волгоградта, кіші ұлымыз Яковь Германияда, ал ортаншымыз Рүстем Аманқарағайда тұрады. Бә­рінің де отбасы, немерелеріміз бар. 2000 жылдардың басында елудің ішіндегі жұлқынып тұрған кезіміз еді. Күш-қуатымыз, өзімізге жетерлік әл-ауқатымыз да болды. Әулие­көл ауданының Қазанбасы ауы­лы­нан осы Аманқарағай кентіне келіп, үлкен үй алдық. Барлығы жеткілікті. Жолдасым Илдус екеуміз ойласа келе, әрі сауабына қалайық, әрі өзі­міз­ге де ермек болсын деген оймен, балалар үйінен екі бала алуға келістік. Содан жетім балалар үйіне келгенімізде, мыналар жәутеңдеп, аяғы­мыз­ға оралсын. Менің жан-дүнием астан-кестең болды. Балалардың жәу­­діреген көзі көз алдыңнан кетпей қойды. Сөйтіп, көзіме қараған сә­билердің ешқайсысын да таң­да­ма­дым, бәрін алдық, – дейді Лидия Яковлевна. – Бізге бірінші мамыр күні ба­ла­ларды алып кетіңдер деген хабар келді. Жылы машинаға тамақ, киім-кешек салып алып, Рудныйдағы жетім балалар үйіне қайта келдік. Тәр­биешілер балалардың барлығын шешіндіріп, іш киімдеріне дейін алып қалды. Алды 6-7 жасар, соңы 1 жа­сар балаларда не құжат жоқ, не киім кешек жоқ, өздері шетінен ауру. Жайбарақат өміріміз басқа ар­наға түсіп кетті, – деп жалғастырады жұбайының әңгімесін Илдус аға. Лидия Яковлевна тәрбиешілер туберкулез дертімен ауырады деген алты жасар Гүлденді өзі емдеп жаз­ды. Тек Гүлден ғана емес, барлығын да өзі емдеді. Оның ең бірінші емі – аналық ықыласы еді. Айсұлу бір жаста ғана. Барлығының де әр түрлі деңгейде жүйке жүйесі, ақыл-есі дамуының кешеуілдеуінен балаларда энурез болды, тіпті олардың кейбірі қазірге дейін осы сырқаттан зардап шегеді. – Алғашқы жылы өте қиналдық. Көз ілмей таңды атырған түндер қан­шама. Түнгі сағат үшке дейін мен, одан кейін Илдус қарайтын. Ке­зек­пен ұйықтап, кезекпен тамақ­тан­дырдық, – дейді Лидия Яковлевна. Араққа салынған аналары уызына жарытпағандықтан, олар­дың барлығы да әлжуаз еді. Әсіресе, Раданың жағдайы жанға батты. Сә­биге маскүнем анасы қарама­ған­дық­тан, оның жамбасы сынған. Өкі­ніш­ке қарай балалар үйінде де оны емдемеген, тым аянышты еді. Илдус аға да, Лидия апа да аяғын сүйретіп жүре алмайтын қыз баланың мүге­дек болып қалмауын ойластырды. Өздері балалар ауруханасына жат­қы­зып, үш рет операция жасатты. Соның арқасында қазір сүп-сүйкімді Рада аяғын ақсамай басатын дәре­же­ге жетті. Қазір Гүлден мен Рада да, екінші сыныпта оқитын Айсұлу да және ұл­дардан Бауыржан жақсы оқиды. Өт­кен жылы Гүлден мектептегі 800 баланың арасында бір күн де са­бақ­тан қалмағаны үшін арнайы мақтау қа­ғазын алды. Тәртіп жөнінен мұға­лім­дерден ескерту алып көрген емес. Лидия Яковлевна барлық ана сияқ­ты балалардың жетістігін айта түс­кісі келеді. Ахметовтердің үйінде әр балаға жеке-жеке фотоальбом ар­нал­ған. Әр балаға папасы велосипед, қалта телефонын алып берген. Ойын­шық дегенің қап-қабымен, сөре майысқан кітап. Олар мұқ­таж­дық дегеннің не екенін білмей өсіп келеді. Ал киім-кешек, оқу құрал­да­ры­ның барлығын Лидия Яков­лев­на­ның Германияда тұратын кіші ұлы Яковь пен үлкен апасы Екатерина Яков­левна жібереді. – Басқасын айтпағанда, бір бала­ның мектепке киетін бес көйлегі бар. Әр маусымның киімі өз алдына, – дейді Лидия Яковлевна тұтас қа­быр­ғаны алып тұрған сөрелерде тақ­тайдай етіп жиналған киім-кешекті көрсетіп. – Германиядағы балам мен апам көмектеспегенде біз қиналатын едік. Менің балаларымның киімі бас­­қалардан артық болмаса кем емес. Олар жарқырап жүруі керек, өз­дерін қомсынбауы, өзге құр­бы­ла­ры­мен өздерін тең дәрежеде сезінуі тиіс. Ал мемлекеттің берген аз-мұз көмегі мен өзіміздің тапқанымыз не­гі­зінен тамаққа кетеді. Бала тәр­бие­сін­де дастарқан берекесі маңызды орын алады. Папасы мен ұлдар жемдеп, семірткен бес жасар ту биені Жаңа жылдың алдында соғымға сой­дық. Балаларым қыс бойы қазы мен қарта жейді. Лидия Яковлевнаның өзі көп ба­ла­лы отбасында, Амангелді ауда­нын­дағы қазақ ауылында өсіпті. Да­ланың кеңдігі, қараша үй тіккен қа­зақ ауылының суреті көңілінде де, көз алдында да жатталып қалған. Балалардың бөлмесіне де қазақ ауылының пейзажын іліп тастаған. – Мен қазақтар Жақып деп ата­ған әкем Яковьтың он бес бала­сы­ның ең кішісімін. 1947 жылы Қос­та­най­да ашыққан соң әкем бір түнде шиеттей бала-шағасын өгіз арбаға тиеп, Амангелді ауданына көшіп кетіпті. Таза қазақ ауылында өстік, менен басқа аға-апаларымның барлы­ғы да қазақ мектебін бітірді. Қазақ ауы­лының сүті мен құртының, тары­сы­ның арқасында аман қалдық, қа­за­қы даналықтың арқасында бәріміз де саналы, тәрбиелі болып өстік. 104-ке келіп қайтқан әкемнің бар­лық дос-жараны қазақтар болды. Ма­ған да Амангелді ауданындағы өзім өскен ауылдағы қазақтардай ме­йірімді, әділ, данагөй халық жоқ сияқ­ты болып көрінеді. Ауылды ақ­сақалдар басқаратыны есімде. Жастар, әйелдер үлкен адамның алдын кесіп өтпейтін, – деп еске алады Лидия Яковлевна. Оның қазақ ауылынан көрген тәр­биесі бойына құт болды. Қазақ ті­лінде әп-әдемі сөйлейтін ол Қазан­да­ғы қайынжұртымен татар тілінде тез түсіністі. Діндар енесіне де жақ­сы келін атанды. Әлі күнге дейін дас­тарқанынан құрт, ежігей, бал­қай­мақ, құрт көже кетпейді. Қолындағы қыздардың тәрбиесіне қатаң талаппен қарайтыны да қазақ ауылынан қанатына байлап ұшқан нәсібінің бірі. Ал мына балалардың барлы­ғы­ның да анасы қазақ әйелі, шетінен мас­күнем. Кейбірінің анасы Аман­қа­рағайдан бес шақырым жерде тұрады... – Біз дискотекаға бармаймыз. Өйт­кені, мамам бізге ең алдымен оқу керектігін үйретеді. Оқимыз, ма­мандық аламыз, сосын жігіттермен достасуға болады, – дейді Гүлден. Өмірге шынайылықпен қарайтын Рада да, Гүлден де Илдус пен Лидия Яковлевнаның өздерін балалар үйі­нен алып, тәрбиелеп отырғанына рахмет айтады. Ал үш жасарында келген ұлдар өз тағдыры туралы біле қоймайды, оларға мамасы мен папасы да жүрегін ауыртып еш­нәр­се айтқан емес. – Мамамның мінезі қатал, па­пам­ның мінезі жұмсақ. Бірақ мамам бізге қазір айқайлап қалса да, іле аяп тұрады. Мамам сияқты кулинар, мамам сияқты ұқыпты, әдемі болғымыз келеді, – дейді Рада. Өздері айтқандай, Ахметовтер егде жастағы өмірін жетім ба­лаларға арнауды ұйғарды. Бұл ұйғарымға да өздеріне сенген соң тәуекел еткен тәрізді. Олай дейтініміз, Илдус ағаның қолы алтын адам. Челябідегі Ауылшаруашы­лы­­ғын электрлендіру және меха­ни­­ка­ландыру институтын бітіріп, ин­­женер мамандығын алған оның қо­лынан келмейтін нәрсе жоқ. Ма­­шина жөндеу, үй салу, слесарь, дәнекерлеуші, токарь сияқ­ты істің барлығы да Ілекеңнен қалған. Есік алдындағы құдықтан үйіне, мон­ша­ға су құбырын жүр­гізіп қойған. Жаздық монша, жаз­дық асхана, сарай, гараждың іші де, сырты да жайнап тұрады. Өзі ата қаздай ба­ла­ларын ертіп алып, жазымен бақ­ша мен картоп ал­қа­бын күтеді. Бір­неше жылдан кейін келіп көр­генде, баяғы иесі өзінің Ахметовтерге сатқан үйін танымай қа­лып­ты. Ал Мәскеудің халықтық өнер университетін бітірген Лидия Яков­­левна мәдениет қызметкері бо­ла жүріп, кондитерлік істі шебер меңгеріп алды. 5-ші разряды бар оның пісірмеген тағам түрі аз шы­ғар. Әр мереке мен әр баланың туған күнінде ол дайындаған торт пен тәттілерді айтсайшы! Соны­мен қатар өздері көп жыл тұрған Қа­занбасы аулына Лидия Ахмето­ва­ның асабалығы да кең танымал еді, ол 75 той өткізген екен. Ал оның шеберлігі әкесі Яковь ақ­са­қал­дан келсе керек. Бірінші дү­ние­жүзілік соғыста бір аяғынан айырылып келген Яковь өздері тұр­ған он екінші ауылдағы атақты ұста болды. Одан аттың ер-тұр­ма­нын, әбзелін, арбасын істеу, бай­пақ басу, тарақ кесу, шашпау, білезік-жүзік, қармақ соғу қалған жоқ. Соны көріп өскен Лидия Яков­­левна қазақ ауылының пей­за­жын моншақтап, кестелеп тіккен қор­жын мен дорба талай тойда құ­даларды таңғалдырды. Қазір ау­ыл­да тұру кімге де оңай емес. Илдус ағаға қорасындағы төрт бес ірі қа­расы мен екі жылқысы үшін жем-шөп табу да оңай емес. Ке­бек­тің бір қабын 650 теңгеге, ал та­уық үшін жарма жемнің бір қабын екі мың теңгеге алады. Бі­рақ тарынып көрген жандар емес, ерінбесе шаруаның да дөңгелене береріне сенімді. – Өзіміз білген өнердің бар­лы­ғын да қыздар мен ұлдарға үйре­теміз. Міне, жасымыз алпысты ор­та­лады. Мәңгілік кім бар, ертең біз өмірден өткенде бұларға со­ның бар­лығы керек қой. Бала­лар­дың алдында әлі қандай өмір кү­тіп тұрғанын қайдан білейін. Төрт ұл­ды да сүндетке отырғыздық. Бұл да ата-ананың үлкен парызы. Ал біз­дің о дүниеде, құдайдың ал­дында жүзіміз жарқын. Бұл дү­ние­де бала тәрбиесінен артық қа­сиет­ті іс жоқ, – дейді Лидия Яковлевна. Ахметовтердің айтуынша, қо­лын­дағы тастанды балалардың барлығының да ата-анасы, туған-туы­сы, өзімен бірге туған бауыр­ла­ры, тіпті ата-әжелері осы дүние­де тірі жүр. Жақында Ахметовтер туралы баспасөзден естіп-білген әйел Раданың өзі патранатта тәр­бие­леп отырған Сәния деген сіңі­лісін таныстыруға алып келіпті. Маскүнем бейбақ Сәнияны да туа сала тастап кеткен екен. Өзі әп­ке­сінен аумайды. Кетерінде кішкентай Сәния Раданың өздерімен бірге жүруін қалады. Ал Рада бар­лы­ғы­ның көзінше: «Мен өз үйімнен ешқайда да кетпеймін. Оның үс­тіне мамам операциядан енді шық­ты, мен оны тастап ешқайда бара алмаймын. Өзің мамаңмен ке­ліп тұр, біз қонақты қашан да қарсы аламыз» деді. Қызының ақылды айтқан сөзіне Илдус аға мен Лидия Яковлевнаның төбесі көкке жеткендей болды. Адал еңбек, ақ ниет, мейірім-шапағат ешқашан ізсіз кетпейтінін Ахметовтер тағы да ұғынды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Әулиекөл ау­да­ны, Аманқарағай кенті.