Тәуелсіздік – тұғырлы туымыз
Бақытты өмір, жарқын болашақ бастамасы
Сұлтан САРТАЕВ, академик. Күні ертең тағы да бір Жаңа жылымыздың арайлы ақ таңы атып, еліміздің тәуелсіз тарихының жиырмасыншы жылына қадам басқалы отырмыз. Осынау жиырма жылда біздің халқымыз, бүгінде бүкіл әлемге әйгілі болып отырған көк байрақты Қазақстанымыз жиырма ғасырлық жол жүріп өтті деп білемін. Жиырма жылда жиырма ғасырдың биіктерін еңсердік, жиырма ғасырлық асу, белестерді артта қалдырдық. Тәуелсіздігіміздің 19-шы жылында еліміз Еуропаның төбе биі атанып, Астанада айдай әлемді таңғалдырған Саммит өткізген бүгінгі кемел биігімізден алғашқы қадамдарымызға көз салайықшы. 1991 жылы желтоқсан айының сегізінде Белоруссиядағы Беловежье қорығында болған тарихи оқиғаның негізінде жетпіс жылдан астам уақыт халықтың көз жасына боялған тоталитарлық жүйе күйреп, шын мәнінде отарлық құрсауда болған одақтас республикалар өздерінің егеменді, тәуелсіз мемлекеттерін қалыптастыруға мүмкіншілік алды. Осы мүмкіншілікті бұрынғы Кеңес Одағы аумағында туғызған шешуші себептердің бірі 1986 жылғы желтоқсан айында Қазақстанда болған халық қозғалысы болғандығына қазір ешкім күмән келтірмейді. Тоталитарлық сеңі солай қозғалып еді. Тәуелсіздік идеясы Қазақстан сияқты ұйқыда жатқан алыпты сөйтіп дүр сілкіндіріп еді. Халқымыз ғасырлар бойы армандап, аңсаған осы қасиетті Тәуелсіздігімізге ұмтылыстың алғашқы заңды қадамдарын жасаушылардың ішінде болғанымды өз басым әлі күнге дейін мақтан тұтамын. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы республикалар өздерін тәуелсіз мемлекетпіз деп бүкіл дүние жүзіне өз декларацияларын, өз заңдарын жариялай бастады. Алдағы бүкіл тағдырымызды, сан ғасыр сарғая күткен келешегімізді айқындайтын бұл мәселені шешуге сол тұстағы Қазақстан басшылығы асқан байыптылықпен қарады деуіміз керек. Сол жылдың шілде айында өз бастамамызбен заң ғылымдарының кандидаттары Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов және мен үшеуміз «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеп, оны Жоғарғы Кеңестің Төралқасына тапсырдық. Бірақ бұл құжаттың жобасы біраз уақыт қозғалысқа түспей жата тұрды. Кейбіреулердің: «Бұл заң болмаса да тәуелсізбіз ғой, осы заңның енді қажеті бар ма?» деген сөздерін де құлағымыз шалып қалып жүрді. Ал енді содан бір жыл бұрын батыл түрде Егемендік туралы Декларацияны қабылдатқан, соның артынша Тұңғыш Президентіміз етіп бірауыздан сайланған әлемдік деңгейдегі саясаткер, ұлтымыздың нағыз көшбасшы лидері, ерік-жігерінің қуаты орасан зор, көрегендігі мен кемелдігі бірдей дарынды тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәселедегі пікірі басқаша екенін сезіп білуші едім. Осы жағдай бойымызға қуат берді ме, білмеймін, 1991 жылдың 9 желтоқсанында өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мәжілісінде айтулы тарихшымыз, депутат Манаш Қозыбаев марқұм екеуміз Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қабылдау қажеттігі жөнінде мәселе көтердік. Ой-пікірімізді мінберден жария етіп, маңайымызға барлай қарасақ, бұл мәселенің басқа да депутаттарды толғандырып жүргені бірден түсінікті бола қойды. Сөйтіп, сол жолы біздің ұсынысымыз Жоғарғы Кеңес Төралқасы мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тауып, олар сол мезетте-ақ мені осы мәселе жөнінде баяндамашы етіп бекітті. Мен үшін ешқашан ұмытылмайтын тарихи сәт те күні бүгінгідей көз алдымда, әрқашан есімде. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні мен көкірегімді кернеген отаншыл асқақ сезіммен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің биік мінберіне көтерілдім. Сол арада сырттай сабырлы болғаныммен, ішкі толғанысты жасырмай-ақ Конституциялық заңның жобасы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы аса бір ыждағаттылықпен дайындалған өз баяндамамды зор шабытпен, өз еліме, халқыма, ұлтыма деген мерей-мақтанышпен бастап едім. Сонымен, бірнеше сағатқа созылған ұзақ талқылаудан, көңілді күпті еткен үміт пен күдіктің тайталасынан соң парасат жеңіске жетіп, 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкі сағат алтыдан 14 минөт өткенде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі басым көпшілік дауыспен мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдаған болатын. Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет бүкіл әлемге өзіміздің мемлекеттік тәуелсіздігіміз туралы ресми түрде жариялап, барлық мемлекеттермен тең құқықтылық және өзара құрмет негізінде байланыс орнатуға әзір екендігімізді ашық білдірдік. Ел Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми түрде бүкілхалықтық мереке – Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл хабар төрткүл дүниеге жылдам тарады. Тарихи заң қабылданған уақыттан 30 минөт өткенде еліміздің тәуелсіздігін ең алғаш туысқан Түркия мемлекеті таныды. Тарихи тұрғыдан осыншама жылдамдықпен мемлекет тәуелсіздігін мойындау оқиғасы бірінші рет орын алды деп ойлаймын. Шынында, мұндай жағдайды тарихтан әлі кездестірген емеспін. Бұлайша тез танудың себебі де бар еді. Біздің түркі елдері арасында бұған дейін тек Түркия ғана тәуелсіз мемлекет болатын. Қазақ хандығы ХV ғасырда, 1456 жылы тұңғыш рет құрылса, арада 535 жыл өткеннен кейін қазақтың нағыз шын мәнісіндегі тәуелсіз мемлекетін Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел серкелері жариялаған екен. Осынау ұлы Заң қабылданған кездегі көл-көсір қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Депутаттар орындарынан тік көтеріліп кеткен-ді. Көңіл күй ғаламат аспандап, «Тәуелсіз Қазақстан жасасын!» деген ұрандар тасталып жатты. Біз бақытты өмір, жарқын болашақ есігін ашқандай ғажап күйді бастан кешіргенбіз. Мемлекет деген өте күрделі, мұхиттай байтақ құрылым ғой. Онда кейбір нәрселерді жүзеге асыру үшін жылдар, ондаған, қала берді, жүздеген жылдар өтеді. Ал біздің ресми мемлекеттік рәміздерімізді анықтап бекіту үшін бір ғана жыл қажет болды. 1992 жылы Әнұранымызды, Елтаңбамызды, Мемлекеттік Туымызды бекіттік. Одан соң ұлттық валютамызды шығардық. 1993 және 1995 жылдары мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді тұғырландыра түскен, президенттік басқару формасын жетілдірген Конституцияларымыз қабылданды. Тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Халықаралық заңды нормаларға сай Қазақстанның қазіргі аумағындағы шекарасы мызғымайтындай етіліп шегенделді. Қазақ елін бар әлем таныды, мойындады. Қазақстан демократиялық дамудың сара жолына түсіп, дүниені теңселткен қаржы дағдарыстарына төтеп беріп, экономикалық әлеуетін паш етті. Ал өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды әрі мерейлі болды дер едім. Еліміздің асқақ абыройын ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана Саммиті айғақтап беріп отыр. Ал алда бізді келер жаңа жылымыздың жарқын оқиғасы – Азиада жарыстары күтіп тұр. Олай болса, осы қысқаша тізбенің өзі-ақ тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылда жиырма ғасырға татитын ұлан-асу жолдан өткенін бейнелеп көрсетпей ме. Осыған қуанайық, ағайын! Тәуелсіздігіміздің бағасын біліп, ардақтайық. Қара жерден де ауыр қасіреттерден кейін келген қасиетті Тәуелсіздігімізге қашанда тәу етейік. Әр жаңа жылымызды жарқын етіп, мерейімізді үстем қылып тұрған да сол Тәуелсіздігіміз. Олай болса, тәуелсіз тарихымыздың жиырмасыншы Жаңа жылы құтты болып, баршамызға бақ-береке, ынтымақ-бірлік, қуаныш-шаттығын молынан әкеле берсін деп тілеймін....Отызымызда орда бұзып, қырқымызда қамал алу бізге серт
Әділет СЕЙСЕН, қаржыгер. Биылғы жылы Қазақ елінің өз тәуелсіздігін жариялап, көк байрақты туын тіктегеніне жиырма жыл толады. Бүгінде жасымыз отыздың ортасына келіп қалған біздің буын өзімізді сол ел тәуелсіздігінің жемісі деп білеміз. Өйткені, біз мектепті тоқсаныншы жылдардың басында, нақтылап айтқанда төл теңгеміз айналысқа еніп жатқан шақта бітірдік. Мектеп демекші, осы орайда өткен өмір, шәкірт шақ еске оралады. Өзімнен жасы үлкен апайым мен ағайым қазақ мектебінде оқыса, ал мен жетінші сыныпқа дейін орысша оқыдым. Оның бір себебі, мен мектеп табалдырығын аттағалы жатқан шақта жаңадан көшіп кірген үйіміз қазақ мектебінен қашықта болып шыққан. Содан мен алтыншы сыныпты бітіріп жатқан шақта үйішілік бір кеңесте менің алдағы тағдырыма байланысты келелі мәселе қозғалды. Яғни, онда мені қазақ мектебіне ауыстыру жайы күн тәртібіне қойылды. Қазақ мектебінің ұстазы ретінде бұл идеяның авторы шешей болатын. Ал әкем болса менің оқуым төмендеп қала ма деп кібіртіктей берген. Сөйтті де, дереу нақтылы бір шешімге келіп, «Қолыңа анау ручканы ал, қазақ тілінен бақылау жазасың», десін. Мен де қарап тұрмай, «ручканы ма, қаламды ма» деп сөз аяғын әзілге айналдырып жіберіп едім, әкем емтиханның осымен аяқталғанын айтып, енді менің қазақ мектебінде оқитынымды ресми түрде мәлім еткен. Сол жылы мен ауысып барған «Орбита» ықшам ауданындағы аралас мектепте жарылыс болып, бүкіл Алматы дүрліккені өз алдына бір әңгіме. Бақытқа бақытсыздық себепші болды деп орыс ағайындар айтпақшы, келер жылы бір жазда біздің №145 қазақ мектебі жаңа қонысқа жайғасып үлгерді. Мұны мен тәуелсіздіктің елең-алаңында болған елеулі бір оқиға ретінде еске алып отырмын. Әйтеуір, абырой болғанда, қазақ мектебінде де оқу үлгерімім төмендемеді. Соның айғағындай, мектепті бітірерде аттестатта тек қазақ тілі мен әдебиетінен ғана төрттік баға шықты. Шешей аталған мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болатын. Сондықтан әлгі төрттік бағаның бірін беске айналдыру соншалықты қиын шаруа емес-ті. Бірақ біз оған бармадық. Есесіне онымыз Алладан қайтты. Біреу сенер, біреу сенбес, мен жоғары оқу орнына түскелі жатқанда шындығында адам сенбестей мынадай бір оқиға болды. Яғни, менің қазақ тілінен бақылау жазуға соншалықты мықты еместігіме алаңдап жүрген әкем бұл шаруада «жаттықтырушылық» міндетті өз мойнына алды. Сөйтті де, алда хакім Абайдың 150 жылдығы келе жатыр ғой, ендеше бақылауды Мұхаңның «Абай жолы» роман-эпопеясынан жазайық деді. Айтқандай-ақ, емтиханда тура сол беттен диктант жаздық. Міне, солайша бағымның жанғаны бар. Содан өз таңдауыммен, отбасылық кеңестің қолдауымен экономист мамандығын иелендім. Одан кейінгі жерде қалалық, республикалық банктерде түрлі қызмет атқардық. Сондай бір банктің Мәскеудегі өкілдігі басшысының орынбасары болдық. Астанадағы үлкен бір құрылыс компаниясында қаржы жөніндегі директор, ал бұдан кейінгі жерде халықаралық аудиторлық компанияда қызмет істедік. Қазірде Алматыдағы тағы бір үлкен фирмада қызмет етіп жатқан жайымыз бар. Бұл бірақ отызымызда орда бұздық деген сөз емес. Солай дей тұрғанмен, өз мамандығымыз бойынша еліміздің қаржы секторын қалыптастыруға қал-қадерімізше үлес қосып келе жатқан секілдіміз. Қайсыбіреулер банкир, қаржыгерлерді ауадан ақша жасайтындай көреді. Иә, табысымыз жаман емес. Десе де, біз де ел қатарлы өмір сүрудеміз. Оны айтасыз, үлескерлердің басына түскен қиындықтан өз басым да қашып құтыла алмадым. Яғни, баспанаға деп уақытында қаржы аударып қойғанмен, ол шіркініңіз талай жылдан бері бітіп болар емес. Әйтеуір, Елбасы тапсырмасымен республика Үкіметінің биылғы жылы бұл мәселеге нүкте қоямыз деп отырғаны көңіл сергітеді. Солай болып жатса шетелдердің біріне барып оқығымыз да келеді. Соған орай қажетті сынақтардан өтіп, енді Америка мен Жапониядағы мәртебелі жоғары оқу орындарынан хабар күтіп отырған жайымыз бар. Бұл ешкімге жалтақтамайтын, қолымызды өз аузымызға жеткізген тәуелсіздік арқасы. Иә, қырқымызда қамал алуымыз үшін оқымасқа болмайды. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық тойы қарсаңында ол ойымыз жүзеге асып жатса, арман бар ма! Қызымыз Әдемінің ғана емес, туған елдің болашағына атсалысу өзімнің абзал борышым деп білемін! Алматы.Халқымыздың қолөнері – сарқылмас бұлағым
Татьяна ТАЙШЫҚОВА, «Ханым» сән үйінің директоры. Қасиетті Тәуелсіздігімізді алған кезеңнен бастап халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасын шаң арасынан аршып ала бастадық. Соның бірі де, бірегейі де қазақ халқының ою-өрнегі, дәстүрлі ұлттық киімдері дер едім. Тәуелсіздікпен бірге менің шығармашылығым да басталды. Орыс мектебінде оқып, тілдік орта жұтаң қалада өскендіктен, қазақтың халықтық тігін өнерінен тым шетқақпай қалғанымызды сол кезде сезіндім. Қазақылықтың қаймағы бұзыла қоймаған Торғай өңірінен келген апаларымыз құраған көрпешелерде, сырмақта, олар ойған оюда халқымыздың қазынасы жатқанын білдім. Бұрынғы Жамбыл технология институтын бітірген жоғары білімді мен ісмер, қолөнерші апаларымның ең жақын шәкіртіне айналдым. Қазақ халқының ою-өрнегі туралы әдебиеттерді ақтардым. Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқандай, бұл іске «аш қасқырдай кірістім». 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы болғанда, сол шараға мен де «Жібек жолы» деген атпен шағын көрмемді апардым. Жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыз құрақ көрпешені, оюлы қамзолды, қостанайлық зергерлер қолынан шыққан алқалар мен білезіктерді керемет қызықтады, тіпті өздерімен бірге алып та кетті. Мен сонда еркіндіктің, бостандықтың халқымыз үшін қаншалықты маңызды, Тәуелсіздіктің қасиетті ұғым, біздің халқымыз үшін сағыныш болғанын ұққандай едім. Содан бергі жиырма жылға жуық уақытта халқымыздың фольклоры менің шығармашылық жұмысымның темірқазығына айналды. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтқандай, мен де қазақтың ұлттық киімдерін әрлендіруге, одан халқымыздың брендін жасауға қолдан келгенше үлес қосуға тырыстым. Қазақтың оюлы шапаны талай шетелдік мәртебелі қонақтардың иығына жабылды. Қазақ әйелінің ұлттық киімдерімен талайларды тамсанттық. Мәскеуде жыл сайын өтетін «Этно-Эрато» ұлттық киімдердің халықаралық байқауына 2005 жылы қатысып, ерлер мен әйелдердің ұлттық киім топтамасын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің барлығынан келген қатысушылар назарына ұсындым. Жақсы баға алды, осы шараның гала-концертінде де біздің айшықты топтамамыз сахна төрінен көрінді. Келесі жылы Мәскеуде өткен ұлттық костюмдер жоғары модасының VII халықаралық байқауында «Бәйтерек» атты топтамам дипломға ие болды. Одан кейінгі жылдары да көрші Ресейдің іргелес қалаларындағы конкурстарға және Алматыда «Сымбат» мода академиясы шығармашылығының 60 жылдығына байланысты өткен «Creative world» атты халықаралық беделді байқауларға қатысып, қазақтың ұлттық киімінің сұлулығын талай паш еттім. Осы байқауға келген ресейлік атақты модельер Вячеслав Зайцевке қазақтың шапанын сыйладым. Ол «осы шапан менің ұлттық киімдер топтамамның басы болады» деп баға берді. Халықтық өнер әр шығармашылық адамы үшін сарқылмас қазына. Ал қазақ халқының ою-өрнегінде философия тұнып тұр. Мен көп жылдар бойы студент жастармен жұмыс істедім. Жастардың модаға деген талғамын қалыптастыруға атсалыстым. «Айша бибі», «Қыз бен жігіт» атты ұлттық киімдер топтамаларым студент-жастардың ұлттық өнерді, фольклорлық стильді терең түсінуіне қызмет еткенін мақтан етемін. Қазақстанда көп ұлттың өкілі тұрып жатқандықтан. мен тек қазақ ғана емес, орыс, украин халықтарының да ұлттық киім топтамасын жасадым. Өзім басқаратын «Ханым» сән үйі алдыңғы жылы Челябіде өткен «Дефиле на пуантах» жобасына шақырылып, онда біз тіккен орыстың ұлттық костюмі топтамасын балериналар киіп көрсетті. Соңғы жылдары менің фольклорлық стильдегі топтамаларым алыс шет елдерде көрсетілуде. Өткен жылы біздің сән үйі тіккен қыз баланың ұлттық костюмі Италияда және Францияда өткен халықаралық фестивальдерден табысты оралды. Қазір балалардың киім модасы студиясын аштым. Шығармашылығыма шабыт берген Тәуелсіздікке қалай бас имеймін! Қостанай.