01 Қаңтар, 2011

Жаңа жылдағы қайдағы мен жайдағы

677 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Жыл басынан бастап елдегі жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді, яғни реформа атаулыны көргісі келмейтіндерге арналып арнайы көзәй­нек саудаға түсіп сатыла бастады. Оның демеушісі әрі іске асырушысы үкімет жанынан құрылған “Оптика” атты қоғам болып табылады. * * * Көлік жөндейтін шеберхана маң­дай­шасындағы жазу: “Тежегішіңізді тексертіп алу үш-ақ доллар, ал жерлеуге кететін шығын бақан­дай үш жүз доллар тұ­рады. Са­лыс­ты­рып, ойланып көріңіз!”. * * * “Пәтерімді соттың маған шығаратын үкіміне қарай он жылға дейін жалға беремін”. * * * Жатақхана алдындағы хабарландырудан: “5 желтоқсан. Осы айға ар­налған жол жүру билетімді жоғалтып алдым. Тауып алғандар тезірек әкеп берулерін өтінемін. Сый-сияпатым дайын”. “1 қаңтар. Бүгін жол жүру билетімді әкеп тастап кетіпсіңдер... ит екенсіңдер!”. Далбаса – Мынауың не – тұрысың?! Бүйткен күнің құрысын! Тапқан ақшаң азғантай, Оңбады ғой бір ісің. Ана көрші жас бала, Тапқанын айтпа, масқара... Білдей өзі коммерсант, Құйылып жатыр ақша да. Астында аппақ “Вольвасы”, Бизнесмен кілең жолдасы, – Деп айқайлап әйелі, Күйеуіне ұрысты: – Таста, – деді, – жұмысты. Жаңа жылдан бастап – Баста, – деді, – тың істі. “Ресей менен Қытай бар, Қалтаңа ақша салып ал, Өтімді тауар сатып ал. Жас бала құрлы жоқсың ба, Ұяттың бәрін жиып қой, Мәселенің барлығы, Ақшада екенін біліп қой. Біз де бизнесмен болайық, Мәшине сатып алайық, Көлдей шалқып қалайық”. Шаңқылдап күнде қатыны, Мазаны әбден алған соң Күйеуі тастап жұмысты, Коммерсант болуға тырысты, Көбейтіп енді жүрісті, Қытай кетті қыдырып, Ресей кетті жүгіріп. Күн-түн тыным таппады, Үйде де қонбады, Сонда да ақша болмады, Ісі де бір оңбады, Зыр жүгіріп жүргенде, Түрмеге түсіп қалғаны... ...Баланы өзі баға алмай, Нанға ақша таба алмай, Бүгінде әйелі жылап жүр, Құдайдан кешірім сұрап жүр... *** Қанағат, рахым болмаса, Байлық деген далбаса. Бақытжан СОВЕТҰЛЫ, Тараз. Сол үшін Бір кәсіпкер баласына темір ақшаның үлкенін беріп: – Мынадан ақша-қаражат жаса, – дейді. Баласы болса темір ақ­ша­ны сәуегейлікпен суға лақтыра са­ла­ды. Онысын әкесі білсе де үн­де­мейді. Бала болса әкесінің тап­қанын ішіп-жеп жүре береді. Бірде әкесі баласына: – Уақытың келді, енді ақша тапқаның жөн, – дейді. Бала біреуге жалданып, таң­­ның атысынан күн бат­қан­ға дейін жалаңаяқ балшық илеп, табыс тауып әкесіне келеді де: – Міне, әке, мен де табыс тауып, оныма темір ақшаның үлкенін әкелдім, – дейді. Сонда әкесі: – Ал онда оныңды суға лақтыр да жібер, – дейді. Сонда баласы бір кездегі қа­те­лі­гін түсініп, үнсіз жерге қараған екен. Осы тосты, әке-ата­ла­ры­мыз­дың бірден сабай жөнелу сияқты оқыс әрекетке бармай, ақылмен істеген тәрбиелі ісі үшін алып қойсақ деймін. *** – Көршімнің тұмсығын бұзуға шамам жетеді, бірақ оған зауқым да, құлқым да жоқ. Ал бір қалталы мықтының тұмсығын бет қылуға зауқым да, құлқым да бар, бірақ оған шамам жетпейді. Осы тосты көрші атаулының  қалталы мықты болуы үшін алып жіберейік. *** Үш қалталы мықты шағын кемемен сапарға шығады. Оның екеуі еңгезердей толық та, біреуінің қабырғасы ырсиған арық болса керек. Теңізде аяқасты дауыл тұрып, құтырған толқын бұларды жабайы аралдан бір-ақ шығарады. Қысқасы, бұларды аралдағы жабайылар ұстап алып, ана екі семізді жалыны лаулаған қазанға атып ұрады да, шілтиген арықты басы ауған жаққа қоя беріпті. Осы тосты, аса семірмей, салық атаулыны түгелімен төлеп жүргендер үшін алайық! Тоқтау болған тоқал Әскери адам болғандықтан ер жасы елуге келмей-ақ жылдың алғашқы күнінен бастап зейнеткерлікке шыққанмын. Ерте тұру еттен өтіп, сүйекке сіңгендіктен, тауық шақырмай тұрып кетіп, таза ауада өзімше олай-бұлай ойқастай­мын. Яғни, жүгіремін, керілемін, созыла­мын, бір сөзбен айтқанда – спортпен шұғылданамын. Кемпірдің күрең шайын сораптап отырып: – Ауланы сыпырып тазар­ту­ды спорттың бір құрамына кіргіздім. Сыпыртқымен олай да, бұлай да бұлғақтағаннан буын-буыным босап, бұлшық еттерім қатайып, тізе тілерсегім созылып-тартылып жан кіреді, – деп қалғаным бар. Ертесінде кемпір: – Үйдегі қоқыс атаулыны буып-түйіп арғы көшедегі жәшікке лақтыра сал. Білген адамға ол да спорт. Буып-түйіп жатып қимыл-қозғалыстың небір түрін жасайсың. Еңкейесің, шалқаясың, аласың, саласың, – деді. “Қатының ақылды болса – өз ақылың қалтаңда қалады” демекші, ақылға келіп, “жөн сөзге” тоқтап, ертеңгілік кәкүр-шүкірді жиып-теріп ала кететін болдым. Бірде кемпір: – Ауланы сыпырғаның жөн-ақ, естуімше – қос қолды ілгері соза еңкейіп барып кері қайтқан қимыл-қозғалыс нағыз спорт дейді... Сенен басқамыз шырт ұйқыда, кедергі келтірер пенде болмайды – шаңсорғышпен мына дағарадай үйдің ішін сыпырып сиыр жалағандай ете салсаң... – деді. Тағы бірде үйдегі кісі: – Үйдің ішін сыпырып сиыр жалағандай еткен шалымнан айналдым, – деп алып, – базарға барып келсек. Жүк көтергеннен айналысып жүрген спортыңның нәтижесі білінеді... – деп тоқ-етерін айтты. Келесіде кемпір немерені киіндіріп, бірін жетектетіп, бірін арқама арқалатып: – “Біле біл­сең, бұл парызың әрі спорттың сүбелісі” деп балабақшаға аттандырып кеп жіберді. Несін айтайын, кемпірдің таңып берген осы секілді тағы да төрт-бес “спорт түрін” арқалаймын деп, таңның атысы, күннің батысы тепең-тепеңмен кешке қарай кескен теректей құлаймын кеп. Өстіп құлап жатып бірде кемпірге: “Спорттың төресі тоқал алған еркекте болады екен...” деп, айда кеп тоқалы бар­лардың айтқан “ақыл” кеңесін ағыл-тегіл ағыттым келіп. Ара-арасында жорналда жарияланған “Тоқал алудың тоғыз пайдасы” атты мақаладан үзінді де оқып бердім. ...Тоқтаусыз сөйлеп түн асырып ұйықтағандікі ме, ертесінде: “Тұр-ей, тоқал алғыш!” деген кемпірдің зілді сөзінен кірпік ашсам, мәссаған, күн тас төбеге келіпті... Сыртқа шықсам, аула да, дала да тап-тұйнақтай... Немерелер де балабақшасына әлдеқашан кетіп қалыпты... Кемпірдің де базарға бір өзі барып келген беті екен... Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққа­лы бері, тура бір жыл өткенде – қаңтардың алғашқы күні алғаш рет ерте тұра алмай есеңгіреп, кемпір де “спортың жайына қалды ғой” дей алмай үнсіз күрең шайын ұсынып, мен де түндегі “Тоқтау болған тоқал” әңгімеме риза кейіппен “тоқалға тоқтау жасап” тымпи ойнап отырмын. Ерсұлтан ЖЕҢІС. Алматы облысы. Менмен мінездеме Келесі жылға керек болып қалар деп бастығыма кіріп: – Маған мінездеме жазып бересіз бе? – деп едім: – Қызық екенсің, мінездемені әркім өзі жазатынын білмеуші ме едің? Жаз да алып кел, қол қойып берейін, – деп келте қайырды. Жұмыста оты­рып өзіме- өзім мінез­деме жаза қояйын деп едім... аты-жөнім, туған жыл, мектеп бітіру сияқтыдан әріге бара алмадым. Үйге келіп, қыбыр-жыбыр бітіп, бала-шаға жатқан мезгілде асүйге келіп мінездеме жазуға отырдым... Пәлекет бұрын жа­зып көрмеген іс – ары шолдым, бері толқыдым... Тегі болмаған соң, мына отырған Валентин Семиглазов мен емес, басқа пенде деп, ал мен – оның бастығымын, ол туралы пікірімді білдіруім керек деп шештім. Солай етіп тастүйін пікірге ыңғай беріп едім, “ол – жауапсыз. Ол – кержалқау, істі бір айтқанда бітіре қоймайды...” деген тіркестер өзді-өзінен қағаз бетіне түсе қалыпты... Оу, маған, жағымды жазылған мінездеме керек! Парағымды бүктеп лақтырып кеп жібердім. Тәсілімді өзгертіп, өзімнің болмыс-бітімімді ұмытып, о баста қандай адам болғым келгенімді, яғни арман-қиялдағы ғажап адам туралы жазайын деп шештім... Жас шағында албырт та алғыр жас маман болды. Қиындықтан қайтпай­тын. Қай іске де бел шеше белсене ара­ласатын. Ұжымның ұйыт­қысы. Үнемі ізденісте, тыным тап­пай­тын. Жұмыс де­се жа­нып тұратын. Мінездемемді өстіп бір қайырып алдым да, неге екенін, бір өзгеше күш-қуат бітіп, ар­ман-қиялымды бала кезден бастап жа­замын деп оты­рып таңның атып кет­кенін сезбей қалыппын. Берілгенім сонша, сол күні қызметті ұмытып, тап­жыл­май отыруым күн мен түнді ауыстыра беріпті. “Мінездемем” шиыршық атып, жас маман оқиғасы еліктіріп-желіктіргені сонша, жазға­ным жалпая түсіп, ой-һой бас алар емеспін... Жазғаным сонша, тап­жыл­май бір жеті отырыппын. Қыз­меттегілер хабарласады, “мінездеме жазып жатырмын, мені іздемеңдер” деп қалта теле­фо­ныма дейін өшіріп тып-ти­пыл құтылдым да, жазуыма құныға кірістім. Жаспын деп жүрсем, ба­лалық бар, мектептегі кезең, студенттік шақ – ой-һой менен де біраз дәурен өтіпті-ақ!.. Өзімді-өзім бағам­да­мап­пын, мінездің маймөңкесі менде екен. Қанша күн өткенін білмеймін, әйтеуір бір күні “мінез­де­ме­мнің” соңғы нүктесін қой­ып, бастыққа тапсырдым. Ол кісі де ерінбей-жалықпай он күнде менің “мінездемемді” оқып шығыпты. Айтуы бойынша, бас ал­май оқыпты. “Сен нағыз заман азаматының кескін-келбетін сомдап­сың” деп жүрек­жар­ды пікірін білдірді. Сөйте отыра бұл мінездемеме қол қоя алмай­тынын айтып, бұн­дай дарын иесі бізде қор болып жүр деп... менің орныма басқа қыз­меткер ала­тынын, ал менің орным – жа­зушылық екенін түсіндіріп бақты. Амалсыз онан кетіп, жыл со­ңы­на дейін бұрынғы жазған­дарымды кеңейтіп роман етіп, тыраштанып-тырбанып жаңа жылға тарту есебінде алғашқы кітабымды шығарып тындым... Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. Күллі әлемнің күлкісі Жаңа жылдың ал­ғаш­қы күні Тбилисиге  келген қонақ шөл ба­сай­ын деп сыраханаға кіреді. Бұл жерде, әсіресе сауда-саттықта ти­ын-тебенді қайырмайтынынан ха­бары болғандықтан – 50 тиынның сы­расына бүтін бір сомын амалсыз ұсынады. Бергені сол, анау бірден 50 тиын қай­ырма бере қойғаны... Бұл қалжыңдаған болып: – Сіздерде тиын-тебен қайтпайды деп естіп едім... – дегенде, анау ыржия: – Дәп солай! Тек менде сыра болмай тұрғаны... – деген екен. *     *     * Альпинистің отбасында сәби дүниеге келіп, оның тілі шығар мезгілі әлдеқашан болса да сөз айтпай діңкелетіп бітіреді де, бір күні әй-шәй бірден: – Ата! – деп қалады. Дегені бар болсын, ертесінде атасы бақилыққа аттанып кетеді. Содан әлгі бала басқа сөз айтпай булығып жүріп бірде: – Әже! – деп қалады. Ойпыр-ай, ертесінде әжесі шалының артынан аттанады. Отбасы баланың бұл қылығынан шошынып, келесі адамның атын атамаса екен деп жүргенде: – Әке! – деп қалады... Әкесін үрей билеп, уайымнан түңіле сол жылдың соңғы күні ішімдік ішіп ес-түсінен айырыла құлайды... Ертесінде оянса дін аман, тек басы кешегіден әңкі-тәңкі болып отырғанында досы кіріп келіп: – Неғып жатырсың-ей, тұр, ана көршің өліп қалыпты!.. – деген екен. Қоян жылында түс жорып көрелік... – Түсіңде жалаңаш әйел көрсең – жалақыдан сылтауы түр­лі ақша жинау көп болады. *  *  * – Арам шөп суарып жүр­сең – үйіңді шақырусыз қо­нақ­тар ба­сып, “буаз” то­ңа­зыт­­қы­шы­ңның ішін босатып, кетерінде бір-екеуі өзіңді тілдеп кетеді. *  *  * – Тесік шелекке су құйып жүрсең – қарызға алған ақ­шаң­ды қайтаруға апара жат­қаныңда жоғалтып алып, бар­мағыңды шайнауың мүмкін. *  *  * – Қара түсті адамды көр­сең – апатты жағдайға бай­ланысты соңғы айларда элек­тр жарығының сөнуі жиілейді. *  *  * – Улы жылан шақса – аттестациялық комиссиядан өте алмай, тырапай асасың. *  *  * – Мысықтың мияулаға­нын көрсең – орынбасарыңыз үстіңізден жасырын домалақ арыздар жазады. *  *  * – Өркеші жоқ түйеге мініп жүрсең – туыстарыңның құ­далығына бас құда болып ба­рып, үрлеп ішіп, шайқап тө­гіп, аяғында удай мас болып, есіңнен айырылып есеңгіреп қайтасың. Ерғали АБДУЛЛА, Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.

Мүйісті жүргізетін  Берік САДЫР.