Неге жыламасын?!
Бәрісі де жылаған...
Жылай жүріп, жылай жүріп шыдаған...
(М. Мақатаев)
Илья Жақановтың қаламгерлік ізін аян еткен «Қайта оралған ән» повесі... Ол шығарманың жазылуына қандай оқиға әсер етті?!.
* * *
1962 жыл. Былтыр үйленген жас жұбайлар Илья мен Тиышкүл Ыстықкөлге демалуға барды. Рыбачье қаласында Тиышкүл жеңгеміздің үлкен ағасы қалалық прокурор болып істейді. Ильяның ойы сол кісіге барып сәлемдесу және қырғыздармен жақынырақ танысу. Осы ниетпен Рыбачьеге соққан соң бір-екі күннен кейін Ыстықкөлге де жетті.
Көкжиекпен көмкерілген Ыстықкөл неткен шалқар, неткен көркем! Қарай бергің келеді көз алмай! Қат-қабат ойлардан арылып, жан дүниеңіз тыныс алады! Ілекең мен Тиышкүл көлдің салқын суына шомылған соң құмға қыздырынып жағажайда жатады. Күнде солай... Бір күні Илья кетіп бара жатып, жағажайдағы демалушылардың арасынан екі қырғыз келіншекті көзі шалды. Екеуінің бас жағында кішкентай транзистор. Огинскийдің «Полонезі» ойналып жатыр. Жан жүйеңді босататын мұңды әуенді тыңдап тұрып қалды. Әлгі әйелдердің біреуінің жанары жасқа толып, мөлдіреп:
– Ошол... ошол... ошол шығарма... Маған бүт махаббатымның қуаты болған, бүт махаббатымның мехнаты болған, бүт махаббатымның азабы болған... Ақыры аяғында бүт махаббатымның қызығы болды, – деді.
Ілекең ілгері жүріп кетті. Тағы да бір күні әлгі келіншектер отыр екен. Таныс әңгімені жалғастырып жатыр. Илья олардан оңашалау жақын маңдағы жыңғылдың түбіне барып жайғасты. Әңгіме айтылуда. Композитор естіп отыр. Әйел әңгімесін айтып-айтып келді де: «...Ақырында болбоды... Мен өзімнің рахатымнан, өзімнің ләззатымнан, өзімнің жақшынақай өмірімнен...» – деді де көзі мөлдірлеп отырып қалды.
Бітті, болды. Осы оқиға, осы деталь. Бұрыннан да өзі байқаған тағдырлардан ұқсас жағдайлар да қосылды. Жазушыда қиял қанаты, ойдан қосу дегендер бар. Өмірдегі оқиғаны шып-шырғасын шығармай қағазға түсіруге де болады. Бірақ ол деректі дүние дәрежесінде қалады. Ал көркем шығарманың тууы бөлек! Жалғыз деталь, жалқы оқиға әсер етеді жазушыға... Жүректен шықса, жүректерге жетеді...
* * *
... Медбике қыз Айнагүл жұмыс бабымен өз учаскесіндегі сырқат адамды іздеп келеді. Қолында әдірісі болса да азар табады. Келсе... ұядай-ұядай екі бөлме. Томашадай үйде жалғыз кереует. Қара пианино мен кітаптар толы этажерка... Екі қабырғаға ілінген екі картина... Өзге жасау-жабдық жоқ... Иә, айтқандай, этажерканың үстінде шынысы жоқ, қоңыраулы сағат пен телефон... Бозарған ашаң жүзді, бұйра шашты, сыптығыр келген, бойшаң, қара көзілдірікті жігіт Бейшеннің науқасы оңай емес. Өт жолы бітеліп қалған. Денесінің күзгі жапырақтай сарғайып бара жатқаны да содан. Бауыры ісік. Ол... ол... о, тоба! Бауырдың істен шығуы деген сөз. Қандай қасірет! Шіркін-ай, ең болмаса, өт жүретін түтіктердің біреуін ғана емдеп, іске қосуға дәрмені жетсе!..
Айнагүл Бейшенге келген сайын оның ізгілікпен нұрланған шырайы мен ерекше ықыласы күн санап айқын сезіле берді. Мейірімге толы күлкісінің шуағында сәл болса да отыра тұрғысы келеді. Оған әр нәрсені айтып, көңілін жалқы сәтке болса да аулағысы бар. Бірақ уақыт тапшы... Бір жағы соңғы курс, бір жағы жұмыс. Бәріне үлгеруі керек. Әр минөті қымбат, қарбалас... Бір ғажабы, Бейшен қай уақытта келсе де қара көзілдірігін шешпейді... Қара көзілдірік бүкіл қас-қабағын жауып тұр. Қара көзілдірік Бейшенді Айнагүлге дәйім сонша ызбарлы етіп көрсететін. Осы көзілдірік оны тас мүсіндей мелшитіп тастайтын... «Көзі де ауыратын шығар», деп ойлады Айнагүл. Бірақ көзі сап-сау, мөлдіреп-ақ тұр. Оған іштей қуанды. Тіпті Бейшеннің бойына ешнәрсе жұқтырғысы келмейді... Бірде Бейшен әлденені есіне түсіргендей терезе жаққа қарап, пианино ойнай жөнелді. Салалы саусақтары клавиштердің үстінде зыр қағады! Бір сәтте сылдыр етіп күміс теңге төгілгендей, енді бірде таудың ерке бұлағындай... енді бірде арманшыл арудың мақпал түнде өзімен-өзі отырып ыңылдап салған тәтті әуеніндей... я болмаса жаныңды желпіген жұпар самалдай... Қыздың көңілінде жайсаң бір жаз орнады; маужырады, бұрын-соңды басынан өткермеген беймәлім құбылыс еркінен тыс қиял жетегіне ілестіріп бара жатты. Тұлабойы біресе ысығандай, енді бірде тітіркенгендей. Бейшеннің ойнап отырған пианиносынан шыққан әсем үн жүйке-жүйкесіне тарап... есін алды... Ол өмірінде музыкаға дәл сол сәттегідей елітіп, балқыған емес-ті... Ұят-ай! Жанын баураған музыканың атын білмейтін болып шықты Айнагүл! Ол музыка – Огинскийдің «Полонезі» екен... Содан жұмыста жүрсе де, лекцияда отырса да «Полонездің» мұңлы әуені ойынан шықпады. Басын асқақ көтеріп қалың ойға шомған Бейшеннің жүдеу қалпы да көз алдына елестей берді. Қара көзілдірік те зәресін алады. Оның аржағында нендей құпия бар?!. Айнагүл жан баласымен сырласқан жоқ. Кімге ақтарады жан сырын? Түсінсе жақсы, түсінбесе ше? Өмірінде алғаш рет жанына жақын біреуді іздегендей күйге тап болды. Тілінің ұшында небір тәтті сөздер тұрғандай. Қиялының сан тарапқа самғауын қарашы! Мазаны алған, жүрегін астаң-кестең еткен нендей әлек бұл?!
Кейіннен... иә, кейіннен бәрі мәлім болды... Музыкант Бейшенді емдей жүріп, оның ізгіліктен жаралған жүрегіне, адамгершілігіне, дәйім мұңға... сырға жетелеген... ойландырған... толқытқан... әсерге бөлеген әндеріне ғашық екен Айнагүл... Бірақ... Бейшен... көк аспандағы бар ғаламға жарық-сәуле берген Күнді, қараңғы түнде нұр төккен Ай мен жымың қаққан сансыз жұлдыздарды... о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін Ыстықкөлді... мынау даладағы бұла көктемнің жұмсақ лебі мен жұпар иісін сезгенімен, соның бірін де көрмейді екен.
«... Көзімнен аққан ыстық жас омырауымды жуып, Бейшеннің кезерген ернін алақаныммен басқан күйі езіліп, еңіреп, сілем қатып қанша уақыт жатқаным да белгісіз. Әлден соң көзімді аштым. Кеудемді солқылдатқан өксік әлі басылмапты. Маңдайымды Бейшеннің еті қашқан арық төсіне сүйеп жатыр екем. Түннің қай мезгілі! Шам әлі жанып тұр. Мәңгіріп қалған басымды ептеп көтеріп жан-жағыма қарадым. Үй іші үрейлі. Денем дір ете түсті. Мынау кім? Құшақтап жатқаным Бейшен бе? Жо-жоқ... Иә... Иә... сол! Ол бейнебір тас мүсін, кірпігі сіресіп қатып қалған. Көзі қозғалмайды. Нұры жоқ, оты жоқ суық жанар... О, қандай қорқынышты... Тұнжырап, көзін жауып тұратын қара көзілдірік қайда? Жоқ, әлде түс көріп жатырмын ба?
– Танымай қалдың-ау, Айнагүл!
– Неге? Қалайша? Неге? Сенбеймін! Жо-жоқ! Бейшен...»
Музыкант жаны қиын. Мінезі де аумалы-төкпелі. Кейде ол жауар бұлттай түнереді, кейде оның дарқан көңілі керімсал көктемдей. Бірде ол кінәмшіл. Нәзік, осал... Жас баладай өкпелегіш... Кейде қатал, сонда жібітіп көр оны. Ал жадырап, тасып кетсе оның көл-көсір қуанышы арналы дария... Жұрт не десе, о десін, Айнагүл Бейшенді сүйді. Оның әні мен жанын сүйді. Қашан да өзіне күш-қуат беретін Полонезді сүйді. Оның тіршілік деп соққан ізгіліктен жаралған жүрегін сүйді. Бейшен де Айнагүлді мүлде ессіз құшып-сүйді...
Бейшеннің мына бір әні Айнагүлге арналғандай. Оған ғана сыр шерткендей. Айнагүл сол әнге құмар, ынтық! Бейшеннің арманы бұл! Бәрін сезеді қыз, сезеді де соған мәз-мейрам! Ол әнді естігенде елтіп, еріп отырады. Бірі-біріне сүйеніп, бір ағаштың егіз бұтағындай өмір арнасын бірге кешсе, одан артық бақыт, одан артық тілек бар ма?!. Бейшеннің әні соны көксеп тұрған жоқ па?!.
* * *
Ақ пен қараның, зұлымдық пен мейірімнің қатарласа жүретіні несі екен?! Сондай жағдайға тап болды... Оңашада зорламақ болған Өмірқұлға күкірт қышқылын шашып... бір көзін соқыр етіп... үш жылға бас еркінен айрылды Айнагүл... Бейшен қалды еш нәрсеге түсінбей дал болып... Арада үш жыл өтті. Түрмеден шығарда Бейшенге жолдаған хаты сиямен емес, көз жасымен жазылды. Бұл азап пен қасіретке толы хат болды. Бейшен байғұс қанша хат жазды десеңізші! Бәрін де жауапсыз қалдырған... Ойлап-ойлап Бейшенге бармайтын болды. Осы алыстағаным – алыстаған деп шешті... Сөйтіп ендігі өміріне қаяу түсірмей дұрыстап тірлік жасайын деген ақ ниеті «Қадамжай» ауылынан бір-ақ шығарды... Емханаға дәрігер болып орналасты. Осында Асқар сынды асыл ағасымен танысты. Бар екен-ау жақсы жандар! Қайырымдылық қашан да ізгілікке жаны құмар адамның қолынан келетініне көзі анық жетті. Айнагүл олардың аялы жан жүрегінің алдында басын иді!..
Дүние неткен кең еді! Дүние неткен жарық еді!.. Иә, Бейшеннен қанша қашықтаса да, арада бірнеше жыл өтсе де ұмыта алмады. Қанша қаталдық етіп, қиып жіберсе де, Бейшеннен алыстау мүмкін еместей. Радиодан Бейшеннің әндері берілген кезде бар сабырдан айрылады. Мең-зең болып отырып қалады. Ал Асқар адамгершілік танытуда. Онда дәрігердің терең сезімді жаны бар. Айнагүл Бейшен мен Асқарды салыстырады. Екеуінің тек есімдері өзге дегені болмаса, екеуінің де жаны да, ізгілігі де бір. Бейшен уыттылау, Асқар барынша тұйық та сабырлы. Соңынан білді. Дәрігер Асқардың әйелі қайтыс болыпты. Баласы бар. Ол әлі кішкентай. Ал Асқар ұлына анасының қазасы туралы айтпапты. «Келеді», деп алдайды екен: Періште сәби соған сенеді! Күнде күтеді анасын! Терезеден тысқа сағаттап қарап тұрады. Бір күні Асқар Ошқа жүрмекші болып, ауруханада жатқан кішкентай Маратқа Айнагүлдің мүмкіндігі болса, барып тұруын өтінді.
Асқар мен Айнагүл палатаға енгенде тұлымы желкілдеген қара домалақ бала терезеге жармасып сыртқа қарап тұр екен. Бұлардың аяқ тықырларын естіп, жалт бұрылды. Басында көзі бақырайып Айнагүлге қарап тұрды-тұрды да: «Мама! Ма-ма-ма-а!» деп айқайлап, алақайлап жүгірді.
«...Бүлдіршіннің шырқыраған ащы да өткір дауысынан екі құлағым тұнып, бітті де қалды. Әп-сәтте не пәле болып кеткенін, өзімнің не күйге түскенімді білмей есім шықты. Кішкентай құшағын жая балапанша желкілдеп тұра ұмтылған бала сол бетімен жүгіріп келген бойда бауырыма кірді де кетті. Бетімнен, алқымымнан, тамағымнан шөпілдете сүйіп, булыға жылап, маңдайын төсіме басып мені тырп еткізбеді: Ой, жалған-ай, бұл не тағы, не айдап әкеліп еді? Мына бір бөтен бала неге мама деп аймалайды?
Білмеймін. Жүрегім әлде жарылды, әлде өртенді, әлде тілініп кетті. Тұла бойымды алаулата жандырып жатқан ыстық қан да тасыды. О, тоба, жаным елжіреп бауырыма тығылған балдырғанды мейірлене құша түскенімді өзім де байқамай қалдым. Бұл не құдірет? Бұл не сиқыр! Әлде жақсылық? Әлде қырсық?
– Мама! Кетпе! Папа!.. – деп Марат ыстық жас жуған албыраған алма бетін бетіме құшырлана басқанда мен дегбір дегеніңізден айырылдым.
Баланың дегеніне көне бердім. Ол мені жеңе берді. «Мама» деген сөзі-ақ есімді тандырды...»
Ақыры Марат «мамалап» жүріп Айнагүл мен Асқарды қосты...
Иә, өмір қандай қиын, күрделі. Асқардың үйіне келгенімен, өзін бақытты санап жүрсе де бар ниеті Бейшенде. Ұмытайын деп серт еткенімен, ұмыта алар емес. Көзінің қарашығындай қастерлеген ақ махаббатын талақ етіп безінгені, бекер ме қалай?! Арман жібі үзілмегендей, үміті де таусылмағандай... Ақыры бар сырын айтты. Асқар Айнагүл басындағы өкінішті хикаяны толық білді. Не десін? Тыңдағанмен ештеңе демеді. Сыр сақтауға берік кісі ғой. Іші өртеніп жатса да үндеген жоқ...
Айнагүл бір күні кішкентай ұлды жетектеп келе жатып Бейшенмен ұшырасып қалды. Экскаватор қазған орға тақап, құлауға шақ қалған Бейшенді жүгіріп барып қолтығынан демеп ұстай алды. Марат екеуі оны үйіне дейін шығарып салды. Осы кездесу Айнагүлдің жан дүниесін астаң-кестең етті! Ол Бейшенді аяды... сағынды... жылады...
« ... Рыбачьеге осы күздің басында ауысып келгенбіз. Асқар қалалық емханада екінші бөлімшенің меңгерушісі, мен де осында дәрігермін. Бірінші терапия бөлімшесіндемін. Маратты келген бойда бақшаға орналастырдық. Осында келгелі біраз уақыт болса да Фрунзеде Бейшенмен кездескен күннен бергі жүдеу көңілім құлазыған осынау қоңыр күздей. Бейшенмен ұшыраспағаным жақсы-ақ еді. Енді-енді аузы бітіп келе жатқан жан жарасын қоздырды да жіберді.
Айыға қоймаған осы көңілсіздік аз болғандай бір күн түскі тамақ үстінде қолымнан кесемді түсіріп алдым. Асқар оған көңіл де бөлген жоқ. Түк көрмегендей отыра берді. «Полонез!» Радиода «Полонездің» әрі сырлы, әрі мұңлы, әрі отты әуені төгіліп барады. Далада ұйтқып жел көтерілді. Дауыл басталды. Майда қиыршық тастар терезеге шарт-шұрт тиіп жатыр.
Өмірімнің соңғы сәтіне дейін жасымды ағызып, менің ең тәтті күндерімді әр кез көз алдыма жарқ еткізетін сүйіктімнің жаны ынтызар осы полонезі жүрегімді суырып қолқама бір-ақ әкелді. Әлі де осал ма едім? Төзе алмағаным қалай?
Асқар мәңгіріп, міз бақпады. Шай де ішілмеді. Шылымды сирек тартатын адам енді көк түтіннің астында көрінбей қалды.
«Полонез» шорт үзілді. Асқар тысқа шыға жөнелді. Үйдің төбесі солқылдап, тасырлап кетті. Әлде пештің мұржасы құлады. О, ғажап, «Полонез» қайта шалқыды... «Полонез!» Бейшен! Екеуінің де ыстығы-ай!
Дүниенің әлегін аспанға шығара шайқап-шайқап өткен дауыл ішін тартып, лып басыла қойды. «Полонез» де бітті. Өзімнен өзім селк ете түстім. Тағы лағып, құлазып кетіппін. «Мараттың киімдерін жел ұшырып әкетті-ау... Қап...» Далаға шықтым...
О, сұмдық! Мынау Асқар ма? Ол үйдің төбесінде неғып отыр? Мұнысы несі?
Асқардың шашы қобырап бетін жапқан. Шыққыр көзім енді көрді. Жаным мұрнымның ұшына бір-ақ келді. Денем аяз сорғандай суып жүре берді. Үзілген сымның екі ұшын күшпен түйістіріп, тістене сіресіп отыр. Асқар сымды солай кере тартқан күйі тапжылар емес. Кеудесінде жан бар ма, жоқ па? Ток соғып, осылай қатып қалғаннан сау ма өзі? Ой, жасаған-ай... Радиосы құрғыр қақсап тұр...
– Асқар! – деп айқай салдым.
Маған жалт қараған Асқар ұшып түрегеліп сымның екі ұшын екі жаққа бар пәрменімен сілке лақтырып жіберді. Үйдің төбесін аяғымен оя жаздап долданып келіп қабырғаға сүйеулі тұрған сатыға да қарамай секіріп түсті. Маған қайырылып, назар салған да жоқ. Сол күйінген бетімен қақпаның есігін итере ашып кетті де қалды.
Уһ... Болаттай адам төзе алмады. Морт опырылды.
Асқар сол күні жұмыстан оралмады. Келесі күні де қайтпады.
Үшінші түнді де Марат екеуміз елегізіп өткіздік.
Апта бойы екінші терапия бөлімшесінің түнгі кезекшілігін Асқардың жалғыз өзі атқарды. Бұл не деген азап десеңізші. Мен оған ешнәрсе дей алмадым. Артынан іздеу де салғам жоқ. Телефон да соқпадым. Ол да тым-тырыс. Бәрін түсініп жүрді. Осы халде оның мені көрмей-ақ қойғаны абзал. Мұндай жағдайда жеке-жеке болғанымыз жақсы. Оның үйге қайрылмай жүргені де солай. Дүлей ашуды бұрқатып, топандатып жібермей солай тежейін дегені. Соның өзі оған рахат тыныштық. Соның өзі оның азаматтығы. Тек ниетіміз суымаса екен деп тілеймін.
Асқар осы бір күндері дертпен қоса өзінің ғазиз басын тауға да, тасқа да еріксіз соғатын зұлымдықтың қызғаныш деген кесепатты пәлесімен арпалысып бақты...»
Ақыры Айнагүл Бейшенге кетті...
* * *
Ілекең толғана жүріп хикаятты қағазға түсірді. Жазып болған соң беймаза сезім мазалады. Жұртшылық оны композитор деп таниды. Газетте, Қазақ радиосында істеп жүргенін біледі. Адамның жігерін құм қылатын, жынына тиетін бір психология: «Ой, Илья композитор ғой», дейді. Жазушы деп қабылдамайды, маңайлатқылары келмейді.
Ол кезде композитормен қатар жүрген жігіттердің көпшілігі «Жазушы» баспасына орналасып, бұрқыратып кітап жазып, жыл аралатып жинақтарын шығарып жатыр. Күні кеше әдебиеттен хабары болмаған, осының қолынан бірдеңе келе ме, келмей ме деген біраз жігіттер қалың-қалың кітаптар жазуда. Соларды ойлайды... Ойлап-ойлап, қой бұлар мені композитор деп әдебиеттің өрісіне қарай, әдебиеттің кеңістігіне қарай жолатқысы келмесе, бұл кітаптің тағдырын қырғыз ағайындардан барып шешейін деген ойға тоқтады. Сөйтіп, қырғыздарға барды. Республикалық «Алатоо» журналында атақты жазушы Төлеген Қасымбеков бас редактор. Дәл сол кездерде Илья шығарған «Даниярдың әнін» қырғыздар шырқап жүрген. Олар қазақ тілін жақсы түсінеді. Төлеген Қасымбеков қолжазбаны екі-үш күнде оқып шықты да, сол жерде Гүлсайра Момынованың күйеуі, сын бөлімінде істейтін Қылышбекке берді. Ол жігіттің талғамы биік, қолжазбаға қатаң қарайды. Оқығаны мол, нақты сөйлейтін жігіт. Сол тұста қазақ оқырмандары Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестерін оқып, риза болып жүрген.
– Шыңғыстың шығармаларына қазақ оқырмандары сүйініп жатса, қырғыздардың да қуана қауышатын туындысы екен-ау, мына повесть – деді Қылышбек Төлегенге. – Ендігі сөз өзіңізде. Менің тарапымнан пікір білгіңіз келсе, бұл керемет дүние!
– Енді «Алатоо» журналының жауапты хатшысы Жәлел Садықов оқысын, – деді Төлеген Қасымбеков. (Ақын Жәлел Садықов классикалық үлгімен «Манасты» трилогия-драма етіп жазған). Сол Садықов Ильяның повесін оқып шықты да:
– Ғажап шығарма! – деді риза кейіпте. – Қырғызшаға аудару керек... Кім айналысады?
Осы тұста Қылышбек:
– Гүлсайраны пайдалансаңдаршы, – деді. – Өзі лирик әрі Ильяның мына шығармасы тұнып тұрған лирика...
Сонымен «Қайта оралған ән» повесі жылдам аударылды. «Алатоо» журналына түгелімен басылды. Аудармашысы – Гүлсайра Момынова.
Қырғыздардың арасында неше түрлі жазушылар бар, «Алатоо» журналына сырттан аудармалар көп басылады деген әңгіме шығып жатқан. Сол қаңқу сөзден жасқанды да, «Алатоо» журналы қырғыздың өз төл шығармасындай авторы Илья Жаканов, «Кайыра таншыған обан» деп басты.
Содан повесть журналда жарық көрді. Кейіннен «Жазушы» баспасында басылды.
... Міне, «Қайта оралған ән» повесінің тарихы осындай.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы.
Астана.