07 Қаңтар, 2011

Асылдарым

1139 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Эссе (Жалғасы. Басы өткен нөмірде) БІЗ БІЛМЕЙТІН БЕЙСЕКЕҢ Ұмытпасам, 1965 жылы болу керек, уни­вер­ситеттің доценті Ханғали Сүйіншәлиев ағамыздың “Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері” атты кітабы туралы Орталық комитет арнайы талқылау өткізетін болды. Бейсекеңнің әдебиет тарихын сегізінші ғасырдан бастау туралы ойын Ханағаң да қолдап, кітабына енгізген екен. Мәселе осыған байланысты. Талқылауға елдегі белгілі деген ғалымдар шақырылды. Талқылау өте қызу өтті. Бір қолайлы сәт туғанда, сөз сұрадым. Ежелгі әдебиет ескерткіштерінің қазақ әде­биетіне қатысы, қазақ әдебиетінің тарихын сегізінші ғасырдан бастау секілді ғылыми мәселеге барынша берілген, оларды жанымды салып қор­ғай­тындай жағдайда жүрген, Орхон ескерт­кіш­тері­нің әр сөзін, ежелгі түрктердің теңдессіз текті, өмірі өлмейтін, өшпейтін өсиеттерін санама сіңіріп, көкірегіме құйып алған кезім. Лек­ция­ларымда жатқа айтамын. Ежелгі әдебиет нұсқаларын ежелгі түрк тілінен қазіргі қазақ тіліне жаңашалап, баспаға дайындау үстінде болатынмын. Ағыл-тегіл сөйледім. Бейсекең де, Әлкей Хақанұлы да бар ықы­ласын салып тыңдады. Мәжілістің соңына қарай Әлекең қорытынды сөз сөйледі. Сөзінде менің ойларым мен пікірлеріме бірнеше рет оралып соғып, жұрттың назарын әдебиет тарихын сегізінші ғасырдан бастау туралы пікірді талқылаудан мәселені нақты зерттеуге көшетін уақыттың келгеніне аударды, оны ғылыми тұрғыда тұжырымдады. Мәжілістің басы қатты болғанмен, аяғы, осылай, сәтті бітті. Университет, университеттің кафедрасы, кафедраның Әуезов бастап, Бейсекең жалғастырған, сол кісілердің ғылыми ұстанымы мәреге бірінші келіп жеңіске жетті. Сонда осы жеңіске өзім жеткендей мерейленген едім. Жарықтық Бейсекең шәкірттерін осындай сыннан, сынақтан өткізгенде, тереңнен ойлайды екен ғой. Мұндай сын мен сынақтардың ғибраты, танымдық, тәрбиелік маңызы, өмірлік мәні қан­ша­лықты зор болғанын бүгінде айтып жеткізудің өзі оңай емес. Ғылыми мектеп деген, ғылыми мектептің дәстүрі деген осы екен! Әрдайым жүрегімнің төрінде жүретін кісім – қолымнан жетелеп жүріп үлкен өмірдің есігін аштырып, биік шыңына шығарған ғазиз ұстазым – Бейсембай Кенжебаев. Қазақ халқы – өзінің ұзына бойы тарихында небір қиямет дәуірлерді, шытырман кезеңдерді, ауыр да азапты тарихи оқиғаларды басынан кешірген, ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірақ сол қиын­дық­тар­дың бәрін көтеріп, мойымай, бүгінгі дәуірге, тәуелсіздік заманына аман жеткен халық. Қазақ халқына тікелей қатысты делінетін, та­рихынан, табиғатынан ешқашан бөліп ала ал­май­тын байырғы түрк дәуіріне зер салып қарасақ, сол кезде жасалған әдеби мұралардың бәрінде бүгінгі қазақ поэзиясының ізі сайрап жатыр. Олардан бүгінгі қазақ эпостарының стилін, сөз саптауын, оның табиғатын айқын танимыз. Дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, Мәңгі­лік ел орнатуды армандаған, Тәңірден жаралған­дай Түрк қағандары мәңгі тасқа қашап жазған «Күлтегін» жырынан: «Көкте – Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстіне ата-тегім Бумын қаған, Естеми қаған отырған. Түрк халқының ел-жұртын қалыптастырып иелік еткен. Дүниенің төрт бұрышын алған, дүниенің төрт бұрышы соларға қараған. Азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған. Олар осындай білікті қағандар еді, олар осындай ұлы қағандар еді», деген жолдарды оқимыз. Осы секілді жолдарды біз бертіндегі қазақ эпостарынан, «Алпамыстан» да, «Қобыландыдан» да кездестіре аламыз. Бұл не деген сөз? Бұл шынтуайтына келгенде, әрбір халықтың мәдениетінің, әдебиетінің тарихы сол халықтың өзінің азаматтық тарихымен тығыз байланысты болатындығын дәлелдейтін құбылыс. Кешегі коммунистік заманда перзентін анасы­ның бауырынан айырғандай, халықты шырыл­датып байырғы мәдениетінің бәрін жат қылып, ұлыларын өз халқына жау қылып көрсеткен кезең­де біз көптеген асыл мұраларымыздан айы­рыл­дық. Әдебиет таптық көзқарасқа тәуелді болды. Мәселен, мектепте оқығанда біздің буын «кедейдің бәрі жақсы, байдың бәрі жаман» деген психологиямен тәрбиеленді. Кеңестік идеология бізге кедейді ғана дәріптеді. Содан да бәріміз бірдей ата-бабамыз түгел кедейден шыққан деп өмірбаян толтыруды әдетке айналдырдық. Қазақта «тексіз» деген өте ауыр сөз бар. Біз саясаттың салдарынан сол тексіздікті өз қолымызбен жасап, жазып, мақтанышқа айналдырдық. Әдебиетіміз де, тарихымыз да шолақ байталдың құйрығындай шолтиып шыға келді. Байтақ, телегей-теңіз эпостардың ішінен тек «Қамбар батырды» ғана оқытты. Өйткені: «Қамбар батыр кедей, кедейден шыққан батыр. Қалғанының бәрі бай, олардың бәрі халыққа жат», деп те ұғындырылды. Дүние жүзіндегі халықтардың ішінде эпос тудырған халық санаулы-ақ. Бүгінгі таңда бір жарым миллиардтан асқан қытай халқы эпос тудыра алған жоқ. Ал қазақ халқы эпос тудырған аз халықтың бірінен саналады. Бұл ұлы халықтың ғана қолынан келеді. Кешегі коммунистік заманда идеологияның салдарынан байырғы тарихымыз табанға тапталып, саясатқа, жалаң ұранға айналып кетті. Халықтың өзі ғасырлар бойы, тіпті мыңда­ған жылдар бойы жасаған, сөйтіп өзімен бірге жасасқан, өз қолымен, өз ақыл-парасатымен, сана­сымен жасаған төл перзенті сияқты шығарма­ларының бәрін сол халықтың өзіне жат қылды. Бұл біздің халқымыздың тарихындағы ең ауыр қасіреттің бірі еді. Сөйтіп қазақ бағзы замандардан тіршілік етіп келе жатқан, Қазақстан жерін ілгеріден мекендеп келе жатқан ұлт бола тұра, тарихы жоқ тұлдыр, өткені жоқ бұлдыр, руха­нияты жоқ тобырдың қатарына қосылып кетті. Соның салдарынан қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан баста­ла­ды деген тенденция етек алды. Мектеп оқулық­тарының бәрінде солай жазылып, солай оқытылды. Тарих білетін шын ақиқат біреу ғана: кез келген халықтың мәдениетінің, әдебиетінің тарихы сол халықтың өзімен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды, бірге жасайды. Сондықтан да ерте замандарда халқымыз жасаған асыл мұралардың бәрі өзімізге тән екенін бүгінде дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Бұл аксиома. Сол қиын кездерде, әдебиет тарихы Бұқар жыраудан басталады, одан арғы кезеңдегінің бәрі халықтың аңызы, қиялы, фольклоры деген теория мықтап орныққан кезде, халықтың тарихына, әдебиетіне шырылдап араша түскен бірден бір ғалым, ұстазымыз Бейсембай Кенжебаев болатын. Мен үнемі айтып жүремін, Бейсекең бойын жасырған тұлпар сияқты кісі еді, бейсеует кісі алдына шығып, көлбеңдеп сөйлей бермейтін. Ешбір жиында әлдекімге артық сөз айтқанын естіген емеспін. Бірақ шындыққа ешбір жанаспайтын, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, өзінің атына ай­тыл­ған кейбір орынсыз сөздерге қатты қынжы­латын еді, үйге келгенде уайымдап, пұшайман болатын. Бейсембай Кенжебаевтың ақ жүрегінен аршылып, төгіліп жазған маржандай ойларының бәрі кесіліп, пішіп, қайшыменен қиылып, күзеліп, жүнін жұлған тауықтай болып жарияланатын. Ол замандарда Бейсекеңнің бір сөзі жүзеге асқан жоқ, жазған мақаласының бірде-бірі тұтас күйінде жарияланбады. Бәрі сүзгіден өткізіліп, мағынасы жойылып, халыққа түсініксіз күйде жетіп жатты. Сонда да Бейсекең айтқанынан қайтқан жоқ. Үнемі: «Халық болған жерде әдебиет болады, әде­биет болған жерде оның тарихы болады. Сон­дық­тан біз мұны зерттеуіміз керек. Бұқар жыраудың алдында да қазақ болған, қазақ болды деген сөз қазақ халқының әдебиеті болған деген сөз. Осыны дәлелдеуіміз керек!» дейтін жарықтық күйіп-пісіп. 1960 жылы университетті бітірген кезімде Бейсекең мені арнайы шақырып алып: «Мырзатай, өзім жетекшілік етемін, сенің қолыңнан келеді. Бауырлас өзге елдерге қарашы, көршілес татарды, өзбекті ал, бәрі де әдебиетін кешегі ХVIII ғасыр­дан бастап отырған жоқ. Біздің олармен тарихы­мыз бір, тағдырымыз бір, түбіміз, төркініміз бір халықпыз, бәріміз бірміз. Ф.Энгельстің айтатын сөзі бар емес пе: «Неғұрлым ғасырлар түбіне тереңдеген сайын, соғұрлым тектес халықтардың арасындағы айырмашылық жойыла береді», демеуші ме еді. Біз – тегіміз бір, тарихымыз бір халық­пыз. Сонда олар өздерінің тарихына кіргізгенде, аңқып тұрған даланың жырындай ғажап шы­ғармаларды неге өзіміздің тарихымызға қатысты емес деп айтамыз?.. Бабаларымыз қалдырған асыл­­дарымыздан біз неге ат-тонымызды алып қа­шуымыз керек, маған осы жағы түсініксіз», дейтін еді. Алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінің та­рихына байланысты бірнеше жиындар, конференциялар өтті. Бейсекең сонда ашылып та, ашынып та сөйлеп жүрді. Бірақ ол кезде Бейсекеңнің мысын басып, артық сөйлейтін ғалымдар аз болған жоқ. Алпысыншы жылдардың ортасында өткен бір конференцияда Бейсекең қайрап, өзінің екі аспиранты Мұхтар Мағауин екеумізді апарып салды сөйлеуге. Әлгі конференцияда: «Халық болған жерде әдебиет болады, әдебиет болған жерде оның та­рихы болады. Біз – тарихы терең жатқан халық­пыз. Біз байтақ тарихы бар елміз. Бұл елдің байтақ әдебиеті бар. Сондықтан біз мұны өзге түрктілдес халықтар сияқты зерттеуіміз керек», деп Мұхтар екеуміз сөйлеген кезде, жарықтық академик Қажым Жұмалиев: «Әй, Бейсембай, тарт үргізбей мына күшіктеріңді!» деп айқай салғаны әлі есімде. Бейсекең сол жолы қатты мұңайды, мұңайғанымен айтқанынан қайтқан жоқ. Бұрынғыдан да бекіне түсті. Мені Бейсекең «Көне түрк әдебиеті ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта диссертация жазуға қайрай түсті. Бейсекеңнің қудаланбаған заманы жоқ. Қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің, жалпы қазақ ағарту саласының жарқ етіп жанып түскен жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұрасын зерттеймін, Сұлтанмахмұт қазақтың ұлы ойшылы, ақыны екенін дәлелдеймін деп жапа шеккенін жақсы білеміз. Тарих мұны да ұмытқан жоқ. Ақыры баянды болды. Бейсекеңнің айтқаны келді. Қазір қазақ әдебиетінің тарихын күні кеше басынан қиындықты өткермегендей, баяғы заманнан зерттеліп келе жатқандай қабылдайды жұрттың бәрі. Ақиқатында бұл үлкен арпалыстан туған еңбектің жемісі еді. Мұның басында табанды Бейсембай Кенжебаев тұрды. Қасында біз болдық. Тарихтың шындығына жүгінетін болсақ, әдебиетіміздің түп-тамырын, көне дәуірін менен бұрын арнайы зерттеген ғалым болған жоқ. Шындығы осы. Тасқа қашалып жазылған көне түрк жырларын да осыдан 45 жыл бұрын алғаш жаңашалаған (аударған) мен едім. Менен кейін оны қайта аударған, арнайы терең зерттеген кісі болған жоқ. Сол аудармаларымды бүгінде сілтемесіз-ақ пайдаланып жүр. Кейбір зерттеушілер осының бәрін өздері істегенсиді. Бейсекеңнің жетекшілігімен КазГУ-де алғаш «Ежелгі әдебиет» деп аталатын теориялық курсты негіздеп, қалып­тас­тыр­ған да, жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арнап сол курстың тұңғыш бағдарламасын жасаған да мен едім. Біреу ұмытса да, тарих ұмытпайтын осы еңбегімді айтпасыма болмады. Ғылымдағы әділетсіздіктің бірі осы деп білемін. Егер де бүгінде Күлтегін, Тоныкөк деген есімдер қазақ санасына әбден ұялаған болса, бұл да менің зерттеулерімнің нәтижесі деп білемін. Құлбек Ергөбек Бейсекеңнің бес томдық академиялық жинағын жариялап жатыр. Оның алғысөзін мен жазған бірінші томы «Түрк қаға­натынан бүгінгі күнге дейін...» деп аталады. Бірінші тарауына Бейсекеңнің «Ерте дәуір­лердегі әдебиет нұсқалары», «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу», сондай-ақ түрк халықтарына ортақ «Дивани Лұғат ат-Түрк», «Қисса-сұл Әнбия», «Кодекс Куманикус», «Мұхаббатнама» сияқты айшықты шығармаларды талдауы беріліп, «Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» жайлы пікірі де енгізілді. Бұрын еш жерде жа­рияланбаған «Сөз туралы сөз» деп аталатын түркітануға арналған құнды еңбегі де тұңғыш рет осы томдықтан орын алды. Бейсекең – қазақ әдебиеті ғылымында тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихын жүйелеген, бір ізге салған ғалым. Ол кісі қазақ әдебиетінің тарихын: Ерте дәуірдегі әдебиет (түркі халықтарына ортақ әдебиет, Х ғасырға дейін), Мұсылман дәуірінің әдебиеті (Х-ХІІ ғасыр), Алтын орда кезіндегі әдебиет, Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет, ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиет, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті және қазіргі әдебиет деп дәуірлейтұғын. Бұл жинақтарға Бейсекеңнің көз майын тауысып, талай мехнат шегіп, талай қиындықты бастан кешкен ауыр да азапты ойлармен жазған, асыл қаламынан туған қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілерге аса қажетті, құнды шығармалары, мақалалары, ғылыми зерттеу еңбектері кірген. 1967 жылы Бейсембай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Хабиболла Сыдықов, Мұхтар Ма­ғауин бәріміз бірігіп әзірлеген «Ертедегі әдебиет нұсқалары» дейтін «Мектеп» баспасынан жинақ шықты. Бұл әдебиет тарихы саласындағы аса елеу­лі кітап болуымен қатар, ерте дәуір әдебиеті тарихын пән ретінде негіздеген, әдебиетіміздің тарихын 12 ғасырға тереңдеткен тұңғыш сүбелі еңбек болатын. Сол кездегі «Вопросы лите­ратуры» журналының (1968, 6-кітабы) осы кітап туралы: «С выходом в свет этой книги история казахской литературы углублилась на целых двенадцать веков», деп жазғаны жадымда. Бейсембай Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәсе­лелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арнал­ған іргелі еңбектер жазумен қатар, Абай, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтің өмірі мен шығармашылығы туралы да жан-жақты зерттеу жүргізіп, кітаптарында әдебиет өкілдерінің кемең­герлік, ойшылдық, тапқырлық қабілетіне бағасын беріп, тағдырына қатысты ой түйген ғалым. Ұлттық әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет заман қайшылықтарына қарамай, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, терең зерттеумен айна­лысты, сөйтіп қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, Орхон-Енисей жазбаларынан бастала­тын­дығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге күш салды. ХХ ғасырда өмір сүрген ақын-жазу­шы­лардың шығармашылығын, сондай-ақ түрк дәуірінің әдеби нұсқаларын жинақтап, жүйелеп,  бір ізге түсірді. Бейсекең – жиырмасыншы ғасырдың ба­сындағы әдебиетті терең зерттеген адам. Ол Ыбы­рай мен Шоқанды, Бернияз Күлеев, Әсет ақын, Сұлтанмахмұт, Ақмолла, Мақыш Қалтаев, Әкірам Ғалымов сынды әдебиет өкілдерін зерттеді. Бейсекеңнің ғылыми еңбектерін қазақ әдебие­тінің тарихын тереңге апарған, тұңғыш рет жүйеге түсіріп негіздеп, жан-жақты дәлелдеп берген, еш­қашан ескірмейтін, көнермейтін, ұрпағының қо­лы­нан түспейтін аса құнды мұра деп есептеймін. Бейсембай Кенжебаевтың артында қалған байтақ мұра мұнымен шектелмейді. Әлі де талай мұрасы жинақталып, түбегейлі зерттелуі керек. Әдебиеттану ғылымының көшін бастап тұрған ұстазымның академик Виктор Максимович Жирмунский, мәскеулік профессорлар Әмір Нәджип­пен, Айсұлу Валитовамен, сол сияқты өзге де атақ­­ты ғалымдармен әдебиет тарихына, соның ішінде қазақ әдебиетінің тарихына қатысты бол­ған ұзақ сұхбаттарына талай куә болғанмын. Сол кездегі ұзақ әңгіменің арқауына айналған көп­теген ойлары бұл жинақтарға кірмеген. Түбінде оның бәрі табылып, жинақталады деп ойлаймын. Өйт­кені Бейсекең өте ескерімпаз кісі болатын, бәрін жинақтап, қағазға түсіріп отыратын. Болашақтың еншісінде кен қазғандай әлі де аша түсетін, тереңдей бойлап тұнығына қана түсетін ғалымның мұраларын жинақтау міндеті тұр. Оның еңбегі бес томдықтан да қомақты болатынына сенімдімін. Бейсекең басынан қудалауды өте көп өткізген адам, қиын жылдары Мәскеуге барып, сол жерде қызмет етіп, кітабын сатып күн көрген. Соған қарамастан, әдебиетіміздің тарихына сіңірген еңбегі Бейсембай Кенжебаевтың есімін құрмет­пен, мақтанышпен айтатын дәрежеге көтерді. Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға», дегеніндей, әлі есімде, қарама­ғында қызмет істеп жүрген біздерге жазғы дем­алыс­қа кетіп бара жатсақ: «Ел арасындағы әңгі­мелерді жинай жүріңдер, қазақтың боғауыз айтыс­тарын да тастамаңдар», деп тапсырма беріп жіберетін. Өзгені қайдам, өзім бірнеше нұсқасын жинап келгенмін сонда. Әрине, олар мұнда көрін­бейді, алайда алда толықтырылады деп ойлаймын. Б.Кенжебаевтың бес томдығы әдебиет тарихындағы Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан­дардың еңбектерімен қатар тұратын аса құнды жинақ деп есептеймін. Бейсембай Кенжебаев – Қазақ мемлекеттік университетінің “Қазақ әдебиеті” кафедрасында қазақ әдебиетінің ерте дәуірден бергі тарихын зерттеушілердің мектебін қалыптастырған ұлы ғалым. Ол кісінің әдебиет тарихын жүйелеудегі және ғалым дайындаудағы еңбегі зая кеткен жоқ. Көп жылдық қиындықты жеңе жүріп, диссертация қорғадық. Жаңа зерттеулер дүниеге келді. Бұл Бейсембай Кенжебаев идеясының салтанаты еді. Көп жыл көз майын тауысып, заманмен, коммунистік идеологиямен арпалыса жүріп жасаған еңбектеріміз бүгінде халықтың қолынан түспейтін қымбатына айналды деп айтуға әбден болады. Міне, осылайша, қазақ әдебиетінің ерте дәуірі алпысыншы жылдардың ортасында ғылыми тұр­ғы­дан негізделді. Даулы мәселенің басы ашылып, жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде өте бастады. Жоғары оқу орындарына арналған оқу бағдарламалары, оқу құралдары жарық көріп, студенттер әдебиет тарихының тамыры тереңде жатқанына көз жеткізіп ұядан ұшты. Халық ешқашан өз тарихына енжар қарай алмайды. Осы шындық әбден дәлелденді. Бейсембай Кенжебаевтың бұл еңбегі – әдебиетімізді дамытуға қомақты үлес қосқан, та­рихымыздағы жарқын да танымал қайраткер­лердің өмірін, тар жол, тайғақ кешуін, кемел ақыл­мандарымыздың дүниеге көзқарастарын, азаттық­қа ұмтылған соны идеяларын және әдебиет та­рихындағы ерекшелігін баяндаған, қазақ әде­биетінің тарихына қосылған баға жетпес қазына. Мұнда көпжылдық зерттеу мен ғылыми ой-сананың фило­софиясы жатыр. Сондықтан да бұл басылымдар әрбір зерттеу институтының, әрбір жоғары оқу орындарының кітапханаларынан табылуы тиіс. Ұстаз мектебінің жарығы мен жылуынан зерттеу жұмысымды аяқтап, қорғауға ұсынған кезімде де үлкен қуат алдым. Диссертация әуелі кафедрада талқыланды. 1968 жылдың жазы. Оқу жылының аяғы. Ғылыми жетекшім Бейсембай Кенжебаев, академик Әлкей Марғұлан, профессорлар Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Мұхаметжан Қаратаев, Темірғали Нұртазин менің зерттеуімді қазақ әдебиеттануындағы жаңа жетістік, жаңа адым ретінде бағалады. Кафедраның пікірі де осыған түйінделді. 1969 жылы «Көне әдеби ескерткіштер және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Қорғау бес сағатқа созылды. Тақырыптың қызықтығы, әлде күрделілігі, әр тұста отқа май тамызғандай дау-дамай ушығып, айтыс өршіп, пікірталас туындап уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Әлкей Марғұлан аға орнынан екінші рет көтеріліп: «Бұл өте күрделі тақырып! Докторлық сұрайын деп тұрмын!» – деп суырылып сөйлегені есімде. Иван Грозный секілденіп таяғын аттата басып қорғауға ақын Әбділда Тәжібаев келді. Ол кісі сөйлегенде зал дүркіреп кетті. Бейне, көне түрік мәтінін тасқа ойып жазған бәдізші секілденіп бағзы бабалардың сарынына салып, арғы-бергіні қозғап, сай-сүйегімді сырқыратты. Жұрт дуылдасып тараса бастады. Қуа­нышымда шек жоқ. Зейнолла ағамыз құшағын жайып: «Келші, Мырзаш, қазақ әдебиетінің тарихын он екі ғасырға тереңдеттің!» – деп мерейі тасып, құшағына алды. О кездегі үрдіс – қорғаудан кейін дастарқан жайылады. Дастарқан мәзірін Ғайса Сармурзин басқарды. «Бүгін Таластың қара тайы бәйгеден келді», – деп ашқаны жадымда. Қайран ұстаздарым. Қайсыбірін айтайын! Бұл күнде оқу орнын, одан қалса білімді жекеменшікке айналдырып жібердік. Жекеменшік мүд­де, жекеменшік кәсіп, жекеменшік мектеп, университет деген қоңыздай өріп алдымыздан шықты. Ал, осыған мүлде керісінше... аймаңдайлы ұста­зымыз қай-қай нәрседе қазақтың қамын жеп сөз сабақтайтын. Ұлттық биіктен ой өретін. Бәзбірде көзіме көріпкел әулиедей елестеп кетеді. Сол кісілердің сөзінде, өзінде қасиет кепиеті бар ма деп қаламын. Ойды ой қозғайды. Шоқан шығармаларының басына түскен кеп Әлкей аға Марғұланның да тағдырында қайталан­ды. Өткен ғасырдың 1998 жылы Әлекеңнің өмір бойғы жазған еңбектерін саралап, жүйелеп, нақтылай түзіп 14 том шығару жоспарланған еді. Редакциялық алқа құрылды. Ғылыми редакторлар белгіленді. Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Әйтсе-дағы, сол ұлан-асыр үлкен шаруа іске асыруға келгенде – ғұламаның бар-жоғы төрт томы ғана шығып үлгерді. Оның өзінде үшінші, төртінші кітап біріктіріліп жарық көрді. Үлкен пәтуалы істің аяғы бұл күнде сиырқұйым­шақтанып үзілуге қалды. Несін жасырайын. Әлекеңнің алдын көрдім, ақылын тыңдадым. Ол кісі менің кандидаттық диссертацияма ресми оппонент болды. Сол кезеңде, жас кезімде Әлекең туралы ойды қағазға түсірейінші деп неше мәрте оқталдым. Жиі кездесіп үнемі ақыл-кеңес алып жүрген ұстазым туралы, Әлекеңнің ғылымдағы мұратын, ой-парасаты туралы жазудың қиын екендігін мен қолыма қалам алғанда шындап түсіндім. ...Көпшілік ойынан шыға алмасам ше? Әң­гі­мені неден бастау керек? Жастарға үлгі болсын деп академиктің балалық шағын, өскен ортасын жазам ба, жоқ әлде, жасынан зерек, Баянның сұлу табиғатына, қазақтың ұшан-теңіз жырына бөленіп өскен Әлкейдің Москва, Ленинград қалаларын­дағы оқу, іздену жолын жазам ба? Онда Қаныш, Мұхтардай даналармен бірдей білім жолына бірге аттанған шәкірттік жылдарының қымбат, қызық әңгімесін айтып жеткізе алар ма екем?.. Көп толғанып, көп ойланып жас күнімнен алды­ма шамшырақ етіп ұстаған ғалым ағаның тын­дырған істері мен ізденістері туралы тебіренуді жөн көрдім. Халқымыздың тарихын, мәдени шежіресін жа­лықпай зерттеп, том-том бағалы кітаптар жариялап, қазақ өркениетінің өсуіне, білім қорының мо­лаюына сұрапыл ықпал жасаған шамшырақ­тары­мыз­дың бірі – академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Әлкей ағамыз текті тұқымнан шыққан. Атақты Абылай ханның үзеңгілес, қарулас серігінің бірі Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Олжабай батырдың жоңғарларға қарсы жан алып, жан берген жорығынан басқа – біз білмейтін екінші бір ерекшелігі: 1772 жылы Едіге би екеуі қосылып Ресей императрицасы Екатерина ІІ-ге кең-байтақ Құлынды даласын байырғы иесі қазақтарға қайтарып беру жөнінде үлкен хат жазған кісі. Әйтсе-дағы Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кетердей жазира жазық қазақтарға бұйырмай, орыстардың мәңгілік қол астында қалып қойды. Хат архивте қалды. Әйтеуір, «Кулундинская степь» деген аты Ресейде сақталғанына да шүкір. Келешек ғалым ең әуелі Баянауылдағы үш кластық орыс мектебін бітірген. 17 жасында Семей техникумын үздік тәмамдайды. Сол жылдары Семей қаласынан шығып тұрған «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетіне белсене қатынасады. Мұхтар Әуезовпен танысып, кейінше араларынан қыл өтпейтін дос болып кетеді. 21 жасар Әлкей Ленинградқа барып, Шығыс­тану институтының әдебиет факультетіне түседі. Төл оқуын жалғастыра жүріп Ленинград университеті мен Өнер тарихы институтынан қосымша дәріс алады. Сөз басында келтірілген ұлы акаде­миктердің алдын көріп, тәлімін алдым дейтінім осы кезең еді. Аталмыш оқу орнын 25 жасында үздік бітірген Әлекең көкірегінің көзі бар ғұламаларының мегзеуімен ғылымның соңына шам алып түседі. Көп уақыт өтпей, аса қиын әрі зерттелмеген тың тақырыпқа қалам тартады. Ол тақырып – «Пайыз-тұмар мен таңбалардың тарихи маңызы» (пайыз – ханның алдына баруға арналған рұқсат кепілдігі) деп аталатын арғы-бергі тарихта сүрлеу салынбаған, жұмбағы көп, жойқын зерттеудің бастау арнасын алады. Сұрапыл соғыс аяқталған жылы табыспен қорғап шыққан ғылыми тақыры­бына атақты шығыстанушы Н.В.Кюнер жоғары баға беріп, сәттілік тіледі. Қаламының ізін суытпай Әлекең «Қазақ хал­қының эпикалық аңыз-әңгімелері» деген тақы­рып­та докторлық диссертация қорғады. Диссерта­цияны қаны жерге тамбайтын жалпыға бірдей жаңалық деп академиктер В.А.Гордлевский мен И.И.Мещанинов жерден жеті қазына тапқандай қуана құптағаны сол кездегі басылым беттеріне шықты. 1946 жылы Қазақстан Ұлттық академиясы өз алдына жеке отау тігіп, үлкен ғылым мен білімнің қарашаңырағына айналды. Жаңадан көптеген ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Арғы-бергі тарихты атасының шежіресіндей тарқата­тын, көне мәтінді терең танып оқи алатын, қай зерттеуге отырса-дағы ұрынып істейтін дүлей мінезді жас ғалым – қай-қай лауазымды орын ұсынса-дағы дөңгелетіп істеп кететін еді. Институт директорлығы орнынан өз еркімен бас тартады. Кабинеті атшаптырым, вице-президенттікке де келіспейді. Тек ғылыммен айналысуды жөн көреді. Әлдеқашан ұлттық ғылым-білімнің шекарасы­нан шыққан, баяғыдан атағы әлемге жайылған Әлекең 44 жыл бойына, яғни өле-өлгенше Тарих, археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері ғана болып өтті. Даңқы жер жарған ұлы ғұлама-академик неліктен осынау кішігірім қызметті місе тұтты деп қайран қаласыз. Әлекеңе – ғылым өтіп кеткен, ғылымның түбіне жеткен деген қосымша есім жамалған жылдар еді бұл! Неткен өлермендік! Неткен ғылымға берілгендік десеңші! Әлекең былайғы өмірінде Шоқан Уәли­хановтың мұрасын тірнектеп жинап, ғылыми аппаратпен жабдықтап, шығармаларының толық жинағын шығарумен айналысты. Тау аударғандай қиын шаруаны таразылай келе Шоқанның толық жинағы қыртысты қалың алты том болады деп түзілім жасады. Әйтсе де өлшеніп берген уақыт емес пе! Ғылым көкжиегінде құйрықты жұлдыз­дай ағып өткен әйгілі шығыстанушының 5 томын ғана шығарып үлгерді. 6-шы том Әлекеңнің із­басар­ларының мойнында қалды. Академик қайтыс болғалы ширек ғасыр өтіпті. Ізбасарлары әлі күнге алтыншы томды жинап, түзіп шығара алмай келеді. Әлкей Хақанұлы ғылымның әр саласына өз үлесін қоса білген білімнің биік шыңы еді. Ол – әдебиетші, тарихшы, археолог, өнер зерттеушісі, саяхатшы, этнограф. Мұның үстіне ұстаздығын, жазушылығын қосыңыз. Осы жерде жазушы деген сөзді әдейі айтып отырмыз. Өйткені ғалымның еңбектері дәлділігі, тереңдігі өз алдына, ерекше көркем тілді бояуымен сипатталады. Шоқан шығармалары бес томдығының бірінші кітабындағы Шоқан өмірбаянын қайта бір оқып шығыңызшы. Сірә-дағы оның әдеттегі өмірбаяндық жалаң деректемелерден тіпті бөлекше жазылғандығына көз жеткізесіз. Шоқанның өскен ортасы, дүниетаны­мы, өнер дүниесі жайындағы тұтас көркем шығарма оқығандай әсерде боласыз. Қазақ топырағында туған өмір­баяндық очерктердің бұдан озық үлгісін табу қиын. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ. (Жалғасы бар)