«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының штат құрамы жаңаруда. Оған өткен жылы жария етілген жаңа ұйымдастыру құрылымын жасақтау шаралары септігін тигізуде. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде холдингтің жаңа кадрлық саясаты туралы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Ұйымдастыру құрылымын оңтайландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз басқарушы құрамды 16 адамнан 9 адамға дейін қысқарттық, сондай-ақ, қызметкерлер санын 15 пайызға дейін қысқартуды көздеп отырмыз», деді қордың басқарма мүшесі – Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директор Ұлан Тәжібаев. Оның айтуынша, біліктілік талаптарының күшеюіне байланысты соңғы екі жылда қор штаты 65 пайызға жаңарған. Жақын арада 22 пайызға дейін жаңарту жоспарланып отыр.
«Қордың жаңарған қызмет-
керлері халықаралық тәжірибе мен стандарттарды игерген жоғары білікті мамандар болуы тиіс. Сонымен қоса, елдің алдында тұрған, халықаралық ауқымдағы күрделі міндеттерді орындауға білігі мен құлшынысы болуы шарт», деді Ұ.Тәжібаев.
Қордағы басшылық қызметке үміткерлерді іріктеу үш бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Яғни, компаниялар тобының өз ішінен, Қазақстан нарығынан және шетелден талантты, білікті қызметкерлерді іздеп табу. Шетелдік мамандарды жұмысқа тартудағы мақсат олардың қазақстандық әріптестерімен тәжірибесін, білімін бөлісу болып табылады.
Бүгінгі таңда «Самұрық-
Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында төрт шетелдік маман қызмет атқарады екен. Оның екеуі ТОП деңгейінде, екеуі кеңесші қызметінде. Бұл туралы компанияның басқарушы директоры Дархан Қалетаев атап өтті. «Біз шетелдік мамандарды жұмысқа алған кезде алдымен олардың деңгейіне мән береміз. Негізінен, ондай маман Қазақстанда жоқ болса ғана шетелдіктердің қызметіне жүгінеміз. Оларға қойылатын талап – жергілікті мамандарды үйрету, өсіру. Өздері кеткен соң, орнына адам қалдыру. Халықаралық деңгейдегі тәжірибені «Самұрық-Қазынаға» енгізу», деді Д.Қалетаев. Сондай-ақ, оның айтуынша, шетелдіктерге өз жұмысы бойынша нақты талаптар қойылады. Отандық мамандарды жұмысқа тарту кезінде қор шетелдік оқу орындары түлектерін біріктіретін «Болашақ» ассоциациясымен және «ҚазАльянс» ұйымымен тікелей байланыс орнатып отыр.
Ал басқарма төрағасының кеңесшісі Дэниэл Крюсберг өз кезегінде Қорға қызметкерлерді алу кезінде ашықтық пен әділдікті басшылыққа алатындарын жеткізді. «Біз ресми сайтымызда бос орындардың барлығын да ашық жария етіп отырмыз және кез келген үміткердің осы вакансияларға өтініш беруіне болады. Сайтта әр конкурстың нәтижесі тұрақты жарияланып отыр. Сондықтан, жұртшылық әділдік қағидасының сақталғанына, бос орындарға конкурстық іріктеудің 8 сатысынан өткен кандидаттардың жұмысқа тұрғанына көз жеткізе алады», деді Д.Крюсберг.
Қор тобындағы жұмысқа орналасу үдерісінің ашықтығының арқасында бос орындарға қатысу көрсеткіші де барынша жақсарған. Мысалы, 2015 жылы жария етілген 19 бос орынға 982 үміткер тіркелсе, солардың ішінде 211 үміткер тестілеуге қатысты. 104 үміткер кәсіби білігін анықтау тестінен сүрінбей өтсе, 65 адам тілдерді меңгеру тестінен, 62 адам қабілеттілік тестінен жақсы нәтиже көрсеткен. 42 үміткер алқалық талқылауға жіберіліп, 19 адам қорға жұмысқа алынған.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».