07 Қаңтар, 2011

Ислам, «SMS» және ауылдың «жаңа қазағы»

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
(Қаз қалпында) «Тәуелсіздік жаңа дәуір қа­зақ­тарын тудырды» десем, бір ­түр­лі ресмилеу болып кете ме, бү­гінде Астанадан ауылға, ауыл­дан Астанаға дейінгі туған­да­рың­ның бәрі санасын да, сән-сал­танатын да әбден түзеп алған. Жаңа жылдан кейін бір жамағайын келіпті қалаға. «Өлә, неғып бітпейтін демалыс бұл?» дейді ішегін тартып. «Базарға барсам, тым-тырыс, дүкенге барсам, есіктері тарс жабық. Көше анау, көлік атаулыдан жұрдай. Қалай іштері пыспай жатыр, ә, бұ жұрттың?!.» «Піс қазаным бес ай» дейтұғын қатал бай мен сараң бәйбіше секілді баяғы Кеңес өкіметінің кезінде «олай болса, жат жамбасым жеті ай» дейтін қыр қазағына тән қырсық­ты­ғы­нан тұла бойында түк те қал­маған. Өйткені, қорасындағы пәлен бас жылқы, түген түйе, сиыр, қой, ешкі, тауық, тағы не, иә, ауласындағы кәмбайін, тірәктір, жүк мәшинесі, жеңіл көлік... әйтеуір, жамбасына жер иіскетпейтін себеп-салдар то­лып жатыр. Жұмысбасты болып жүрсе де білмейтіні жоқ тағы. «Саммитті абыроймен өткізіп тас-та-ды-ық», дейді тура бір төрткүл дүниеден жиналған сақа саясаткерлермен жаңа ғана ет жеп, сорпа ішіп келгендей кекіріп. «Құдай қаласа, енді Ислам Кон­ференциясына жақсылап тұ­рып төрағалық етсек! Оның алғашқы отырысы Меккеде өткен екен дейді, ә?». Арғы-бергіні жақсы білетін ақылман оқымысты риза болып, ал тарих тұрмақ ата тегін де онша біліңкірей бермейтін шала «оқы­мыстылар» шәйіне шаша­лып, күмілжіп қала жаздайтын-ақ ұтымды сөз. Мінекиіңіз, құмда қой ба­ғып жүр деген жамағайын қалада ой бағып жүргендерден «кем соқсам, бір жерімнен жел соқсын» дегенді астармен-ақ әдемі аңғартып отыр. Оны­сы­мен де қоймай, «әй, мынау «қараторғайдың ұясындай» бол­ған пәтерде сендермен бірге «қамалып» отырғанымда, көлігімді қаланың «жалғыз аяқ» ұрылары жайғап кетпесін» дегендей, терезеден сырттағы шетелдік көлігіне қайта-қайта қарағыштап қояды. Ышқырлығын ұстап тұрған белдігінен бір емес, екі ұялы телефон көрінеді өзінің. «Оу, мыналарың бір адамға шылый көп емес пе?» дейсің қансо­нар­ға шығып, қоянның жымына тап болған аңшыдай әңгіме үстіне әңгіме тудырғың кеп, ол болса «мұның біреуі «патпорт», екіншісі «кейсел», мына «патпорт» дегені теңге үндемдеуге тиімділеу, ал «кейселі» қай қи­ырда жүрсең де «ұстай» береді», дейді жайбарақат. Сол кезде әлгі ұялы телефондарының біреуі жұмыс істеп тұрғанынан «белгі» беріп, безілдей бас­тай­ды. Жамағайының болса ұялы телефонына жалма-жан үңіледі де «кешіріңіз, «ес-ем-ес сабшение екен, бұл «соткы» дегеніңіз қазір жүдә жақсы болды ғой, баяғыда қалай күн көргенбіз десеңші, «ес-ем-ес (Sмs-деп тү­сініңіз)-ислам» дегеннің қыз­ме­тіне жазылып ем, намаз уа­қытын күндегісін күнде қай сағат, қай минөтіне дейін хабарлап тұрады. Одан кейін Құран аяттары мен хадистерінен қысқа да нұсқа ғып нақыл жолдайды. Мынаң қараш, «Берген уәдесін орындау туралық­тың ең алдында жүреді. Қия­наттың ең алдында өтірік айту жүреді. (Хазіреті Абу Бәкір р. а. )» депті. Ата-баба­ла­ры­мыздың қолы мұндайға қай уақытта жетіп еді а...». Кеңсесіндегі компьютермен жұмыс істей алмайтыны былай тұрсын, әлі күнге дейін ұялы телефонды пайдаланудан бой­ын аулақ ұстайтын «оқымыс­ты­лар­дың» да ұяттан өртенер тұ­сы осы. Өйткені, өркениетке жа­қын облыс орталығынан шал­ғайда, қайдағы бір қиян түк­пірде жатқан құмға қарай 300-350 шақырым жердегі ауылда қойын құрттап, айра­нын ұрттап жүрген жама­ғайын ұялы телефонын байланыс құ­ралы ғана емес, хат-хабар жеткізіп тұратын «қолбалаға» ай­нал­­дырып алыпты. Түсіне білгенге, ағартушылық мақса­тын­да өмірге келіп, бүгінде мил­лиондаған мү­мін мұсыл­ман­дар­дың жүрегін жаулап алған «Асыл арна» те­ле­арнасы сияқты «Sмs-Ислам» да уақыт өмірге әкелген діни ағар­тушылық тұрғыдағы элек­трон­ды хат-хабар көздерінің бірі. «Отанды сүю – иманнан» дейді мүмін қазақтар. Ислам Конференциясы ұйымының көп­­теген мақсат-мүдделерінің бірі кедейшілікті азайту, білім сапасының деңгейін арттыру екен, ендеше бұл талаптар бү­гінде әр қазақ шаңырағы үшін таңсық емес. «Қазір тоқ­са­нын­шы жылдардағы «жабайы» сауда-саттықтың беделі түсіп, білім мен ғылымға негізделген бизнестің бағы жанып келеді» дейтін біздің кейіпкеріміздің өзі ауылдағы шаруа қожалығын жаңа технологиялармен жаб­дықтап, қала кафелерін қымыз бен шұбатқа, қазы мен қартаға толтырып тастаған. * * * Қызық көріп жамағайын­ның ұялы телефонындағы «Sмs-сообщениеге» бұл да үңілген. Көзі дисплейдегі «Я, Алла та­ғала! Мені басшы­лы­ғыңа алып, дұрыстыққа бастауыңды тілеймін» деген жазуды шалды. «Қазақ жұрты күн сайын қай­талап айтатындай ізгі дұға­лардан екен» деді ішінен. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.