03 Наурыз, 2016

Туынды түрік тілінде сөйледі

459 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
_DSC0842Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Анкара қаласында орналасқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде қазақтың көрнекті қаламгері Бексұлтан Нұржекеұлының түрік тілінде жарық көрген «Бір өкініш, бір үміт» атты романының тұсауы кесілді. Талай қазақты тамсандырған, түрік оқырмандарға жол тарт­қан атақты роман Қазақстан Рес­­публикасының Түркиядағы елші­лігінің қолдауымен Еуразия Жа­зушылар одағына қарасты «Бенгу» баспасынан басылып шық­ты. Кітапты аударған Эльмира Қалжанова, баспаға дайындап ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Аталмыш жиынға Түркияның зиялы қауымы, түркітілдес ел­дердің елшіліктері мен дипло­матиялық өкілдіктері, Халық­аралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ, Еуразия Жазушылар одағы, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығы сынды республикалық және ха­лықаралық ұйымдардың өкіл­дері, ақын-жазушылар мен журналис­тер қатысты. Тұсаукесер жиналысын ашқан Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев мәдениет және өнер саласы бойынша екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың дамып отырғанын атап өтіп, соның ішінде әдебиеттің танымдық үлесінің орасан зор екендігін айтты. «Мәдениет пен өнердің түп негізі әдебиет еке­ні белгілі. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, са­на-сезімін жеткізетін де әде­биет. Сондықтан, мәдениет дипломатиясының ең маңызды құралы ретінде әдебиет саласына мән беріп отырмыз. Былтыр І.Есен­берлин, Т.Медетбек, С.Елу­бай, М.Байғұт сынды қазақ­тың белгілі қаламгерлерінің кітап­тарын түрік оқырмандарына тарту еттік. Міне, биылғы жылы түркі жұртына қадірлі жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлының кітабын шығарып, қазақтың өмірін, салтын, сана-сезімін басқа бір қырынан таныстырып отырмыз. Қызметтер өзгереді, ал әдебиет мен мәдениет мәңгі-бақи қалады» – деді елші. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, «Бенгу» баспасының директоры Якуб Омароғлы: «Бек­сұлтан Нұржекеұлының романы – бірінші сөйлемінен-ақ жан дүниеңді баурап алатын биік шығарма. Бұл шығарманы оқып, кейде кейіпкерге ренжитіндей боласың, кейде іштей қолдап оты­расың. Кей жерде шегің қатып кү­лесің, кей тұстарда еріксіз жылай­сың. Бастысы, бұл – тұп-тұнық дүние екен. Жазушы махаббатты көркем сөзбен жырлайды. Қазақ ма­хаббатының үлгісін паш етеді. Мі­не, сонысымен бұл шығарма түрік оқырманы үшін құнды», – деді. Қазақ әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдардың бірі филология ғы­лымдарының докторы, Гази уни­верситетінің оқытушысы Жә­миля Кынаджы «Бір өкініш, бір үміт» атты романға шолу жасап: «Бексұлтан Нұржекеұлының туындысында орын алған әйел кейіпкерлері – тағдырдың не бір қиын кезеңді бастан кешіп, еш­темеге қарамастан мөлдір ма­хаббатқа ғашық болған кір­шіксіз таза көңіл иелері. Осы себептен түрік оқырманы тұсауы кесілген романның арқасында қазақ әйелінің табиғатымен етене жақын танысатын болады. Романда қазақтың тұрмыс-жағ­дайы шебер суреттелген. Үйде ұстанатын салт-дәстүр, отбасылық-туыстық қарым-қатынастар, қа­зақтың қонақжайлылығы сынды оқырманды қызықтыратын тақырыптар рет-ретімен, жүйелі түрде көтерілген. Әсіресе, адамдар арасындағы дәстүрлі байланыстар, яғни ене мен келін, ата мен немере ара­сындағы қарым-қатынастар түрік­ оқырмандарының назарын аудартатынына сенімім мол. Сон­дықтан бұл шығарма кез келген оқырманды баурап алады», – дей келе, осындай құнды дүниелердің Түркияда насихатталуына үлес қосып, қолдау көрсеткен елші Ж.Түймебаевқа алғысын білдірді. Ал түрік қаламгері Осман Баш ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін оқып, қаламгердің кітабына сәт сапар тіледі. Жиын соңында жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқаны үшін «Қазақстан-Түркия достығы» ме­да­­лімен марапатталды. «Егемен-ақпарат».