03 Наурыз, 2016

Жаңадан құрылған

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті Облыс әкімдігінде Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов өткен жылы атқарылған жұмыстар бойын­ша баяндап, кеңес мүшелерінің ұсыныстарын тыңдады. Сонымен бірге, күн тәртібінде қоғамда өзекті саналатын білім беру саласы мен жастар саясаты, ауыл шаруашылығы мәселелері талқыланды. Айта кетейік, «Қоғамдық ке­ңестер туралы» Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіліп, кеңес құрамының мү­шелері облыстық мәслихат сессиясында қаралып, 40 адамнан тұратын Қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Олардың құрамына қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес және жастар ұйым­дарының мүшелері, билік өкілдері және жеке азаматтар кіреді. Жиында сөз алған облыс әкімі азаматтық қоғамға барар негізгі жол қоғамдық институттарды дамыту арқылы жүзеге асырылатынын айтып, Қоғамдық кеңесті құру халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыруда маңызды ұйым екенін жеткізді. «Тұрғындар алдындағы есепте айтылғандай, жаңа іс-шаралардың жоспарын бекітіп, тиісті жұмыстар атқа­рылуда. Алдағы уақытта бір­лесе ат­қара­тын міндеттер көп. Ара­ларыңызда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ағаларымыз бар. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңеске қоғамның түрлі саласының мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдардың жетекшілері енгізілген. Сон­дықтан, сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мен үшін өте маңызды», – деді Б.Атамқұлов. Отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері 2015 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша ой-пікірлерін білдіріп, өңір басшысының жұмысын оң бағалады. Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы әр саладағы түйткілді проблемалар бойынша кесте бекітіп, жиын өткізіп отыруды ұсынды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда кеңес мүшелерімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Шымкент.