АСТАНА. 3 наурыз. АҚШ-тағы «супер сейсенбі» қорытындысы бойынша Дональд Трамп пен Хиллари Клинтон сайлау алды жарыста өзгелерден оқ бойы озық шықты. Бұл туралы euronews.com-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
12 штат пен Американың Самоа еліндегі алдын ала партиялық сайлау қорытындысы бойынша президенттік жарыста кімдердің топ жарып шығатыны соңғы дауыс санаудан бұрын-ақ белгілі болған еді. Бұл күн шілде айында өз партияларының ұлттық съездеріне қатысатын сайлаушылардың шамамен төрттен бірін анықтап береді.
Демократтар лагерінде бұрынғы бірінші ханым әрі бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон жеті штатта дауыс берушілердің қолдауына ие болып, көшбасшылығын нақтылап алды. Хиллари Клинтонды бұл бәйгеде Вирджиния, Джорджия және Техас штаттарындағы сайлаушылар да қолдап отыр. Ал оның қарсыласы – Вермонт штатының сенаторы Берни Сандерс төрт аймақта – өзінің туған штаты мен Оклахома, Колорадо және Миннесотада жеңіске жетті. Сондай-ақ, Хиллари Клинтон Американың Самоа мемлекетінде де алдыңғы топтан көрінді.
Алайда, болашақта өтетін партиялық съезде штаттардың салмақтары біркелкі емес. Мәселен, CNN-нің 2 наурыз күні таңертең берген бағасы бойынша, Хиллари Клинтон «супер сейсенбіде» 314 делегаттан Берни Сандерсқа қарсы 210 дауыс жинаған. Алайда, бұрын жинаған дауыстарды есепке алғанда, айырмашылық жер мен көктей – 296-ға қарсы 873 дауыс.
«Супер сейсенбіге» дейін демократтарда тек екі кандидат қалса, Республикалық партияда текетірес соңына дейін сақталды. Ең басты сұрақ – «Дональд Трамп қай жерге дейін жетеді екен?» деген сауал еді. Қазіргі таңда ол да ұстанымын нығайтып алды. Алдын ала деректерге қарағанда, оған кем дегенде жеті штат (Алабама, Арканзас, Теннесси, Вирджиния, Массачусетс, Джорджия, Вермонт) қолдау білдіріп отыр. Ал оның қарсыласы Тед Круз туған өңірі Техасты қосқанда үш штатта жеңіске қол жеткізген. Флорида сенаторы Марко Рубио болса, күтпеген жерден Миннесотада көп дауыс жинаған.
Алдын ала есеп бойынша Дональд Трамп жалпы делегаттардың 279 дауысына ие болған. Ал, Тед Круз – 147, Рубио 96 дауыс жинады.
Осы жылдың қараша айында өтетін президенттік сайлауда партияның ресми өкілі болу үшін демократ үміткерге 2383 делегаттың, ал республикалық үміткерге 1237 делегаттың қолдауына ие болу керек. Хиллари Клинтон да, Дональд Трамп та қажетті дауысты жинағанымен, сайлау алдындағы «шайқас» әлі аяқталған жоқ. Сайлау алдындағы дауыс берулер маусым айына дейін жалғасады. Сол себепті де «супер сейсенбі» қорытындысы бойынша топтан шығып қалғанның ешбірі әзірге кандидаттығын алып тастамаған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: euronews.com.
Сурет: rfi.fr.