04 Наурыз, 2016

Саяси партиялар арасында пікірсайыс өтеді

384 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_3199+Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен журналистерге брифинг өткізіп, сайлау науқанының барысын және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін жария ету жөніндегі БАҚ материалдарына мониторингтің аралық қорытындыларын айтып берді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 2-тармағына сәйкес партиялық тізімдерін ұсын­ған саяси партияларға сайлау алдын­дағы үгітті жүргізу үшін бұқара­лық ақпарат құралдарына тең жағ­дайда қол жеткізуге кепіл­дік берілген. Сонымен қатар, БАҚ саяси партиялардың сайлау нау­қанын әділ жария етуді жүзеге асы­руға міндетті, – деді ОСК мүше­сі Л.Сүлеймен осы туралы. – Атал­ған нормалардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ету мақ­сатында Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарының ағымдағы сайлау науқанына қатысты материалдарына мониторингті жүзеге асыруда». Брифинг өткізушінің атап өтуінше, мониторинг 48 респуб­ликалық газетті, 15 журналды, 16 республикалық телеарнаны, 12 радиоарнаны, 174 өңірлік газетті, 31 өңірлік телеарнаны, сондай-ақ, 162 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты қамтиды. Осы жылғы 20 қаңтардан бастап 19 ақпанға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы сайлау тақырыбы бойынша, сондай-ақ, партиялар мен партиялық тізімдерден канди­дат­тардың сайлау тұрғысындағы қыз­метіне қатысты 13898 материал жарияланған. Олардың ішінде республикалық телеарналардың эфир­інде 3 757 сюжет, республи­калық мерзімді басылымдарда 1 154 жарияланым, өңірлік БАҚ-тар­да 3 924 материал, интернет-ресурс­тарда 5 063 материал жарық көрді. Әлеуметтік медиаларда 1441 ма­ғыналы жазылым орналастырылды. «Сайлауға қатысушы саяси партиялардың үгіт науқаны бастал­ған кезеңнен, яғни 20 ақпан­нан бастап 2 наурызға дейін БАҚ-тарда сайлау тақырыбы бойынша 4340 материал жарияланды. Олар­дың ішінде 3271 материал респуб­ликалық және 1069 материал өңірлік БАҚ-тарда жарық көрді, – деп жалғастырды сөзін Л.Сүлеймен. – Саяси партиялар штаб­тары­ның сайлауалды белсенділігінің түрлі деңгейін атап өту қажет. Мониторинг деректеріне сәйкес, үгіт науқаны басталғаннан БАҚ-тарда 772 ақпараттық материал «Нұр Отан» партиясының қызметі туралы, 526 материал ҚКХП-ның қызметі жөнінде, 559 материал «Ақ жол» ҚДП-ның қызметі жайында, 499 материал «Бірлік» СП-ның қызметіне қатысты, 485 материал ЖСДП-ның қызметі туралы және 513 материал «Ауыл» ХДПП-ның қызметі жөнінде жарияланды». ОСК мүшесі, сондай-ақ, сая­си пар­тия­лардың ақпараттық материал­дарының көлеміне де тоқта­лып өтті. «Сайлауға қаты­су­шы саяси партиялардың қыз­меті туралы ақпараттық материал­дардың көлеміне қатысты айтар болсақ, «Нұр Отан» партиясының қызметіне қатысты материалдар республикалық баспа басы­лым­дарындағы сайлауға қатысушы саяси партиялардың қызметі туралы материалдардың жалпы аумағының 22 %-ын алады, – деді Л.Сүлеймен. – ҚКХП-ның қызметі туралы материалдар – 18 %, «Ақ жол» ҚДП-ның қызметі туралы – 15 %, «Бір­лік» СП-ның қызметі туралы – 14 %, ЖСДП-ның қызметі туралы – 17 %, «Ауыл» ХДПП-ның қыз­меті туралы – 14 %. Осындай көрі­ніс республикалық теледидар және радиоарналарының эфир уа­қы­тының мөлшерін, сондай-ақ, не­ғұрлым танымал интернет-ресурс­тар материалдарының мөлшері мен көлемін бөлуге қатысты да бай­қалады». Орталық сайлау комиссия­сы­ның мүшесі атап өткендей, сая­си партиялардың сайлауалды қызметін жария ету жөніндегі ақ­па­раттық жұмыстан басқа, 2016 жылғы 20 ақпаннан БАҚ-тар­да олардың сайлау қорлары­нан төленетін үгіт материалдары ор­наластырылады. Атап айт­қан­да, «Егемен Қазақстан» және «Ка­зах­станская правда» газет­терінде 2016 жылғы 20 ақпан­нан сайлау­ға қатысушы барлық саяси партиялардың сайлауалды бағ­дарламалары жарияланды. Ақысы сайлау қорлары қаражатынан төленген үгіт материалдарының саны мен көлемі нақты бір пар­тияның сайлау қорын уақтылы құруға, толықтыруға және тиімді қолдануға мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстарына байланысты. «Бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорының қаражатынан ақысы төленген үгіт материалдарын «Нұр Отан» партиясының сайлау штабы неғұрлым белсенді орналастыруда, – деді әрі қарай Л.Сүлеймен. – Үгіт науқаны басталғаннан бері «Нұр Отан» партиясының осын­дай 590 үгіт материалы жариялан­ды және эфирге шықты. ҚКХП-ның 146 материалы, «Ақ жол» ҚДП-ның 166 материалы, «Бірлік» СП-ның 85 материалы, ЖСДП-ның 46 материалы және «Ауыл» ХДПП-ның 130 материалы жария­ланды және эфирден көрсетілді. Брифингте оны өткізуші Л.Сүлей­мен жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында партия­лар­дың қызметін тең жағдайларда және салыстырмалы көлемде жария етуде деген тұжырым жасауға болатынын атады. «Партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізу қамтамасыз етілу­де, ал сайлаушылардың олардың бағдарламалары, мақсаттары және іс-шаралары туралы толық, сенімді және жедел ақпаратты алу мүмкіндігі бар», – деді ол. Бұған қоса, брифинг барысында Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттарын ұсынған саяси партиялар арасында пікірсайыс өткізілетіні мәлім болды. «Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы партиялар арасында саяси пікірсайыс өткізетін болады, – деді Л.Сүлеймен осы мәселе жөнінде. – Қазіргі кезде оның уақыты, регламенті, тәртібі анықталу үстінде. Өтетін мерзімін, уақытын қосымша хабарлайтын боламыз». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.