Дала данышпаны атанған Шәкәрім қажының осыдан үш жыл бұрын аталып өтілген 150 жылдық мерейтойы «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп ақынның өзі айтпақшы, рухани тұрғыдан алғанда бұрынғы тойлардан өзгеше сипатта өткен болатын. Соның айғағындай, сол шақта ақын мерейтойына арналған үкіметтік шаралардан тыс басқа да игілікті істер молынан атқарылып жатты.
Осы орайда, есімі елге кеңінен танымал белгілі меценат Медғат Құлжановтың Шәкәрім тойының рухани тұрғыда биік деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқанын атап айтпасқа болмайды. Мәселен, сол тұста ғұлама ақынның екі томдық өлеңдер жинағы, әндері жазылған компакт-диск, академик-философ Ғарифолла Есімнің Шәкәрім шығармашылығын талдап, зерттеп екі тілде жазған екі томдығы мен академик-суретші Мақаш Әлиакпаровтың Шәкәрім тақырыбына арналған сурет-альбомы Медғат Кәрімұлының демеушілігімен жарық көрген еді.
Міне, бір жылдан асты, Мекең Еуропаның төрінде, Англияның астанасы Лондон қаласында тұрып жатыр. Және онда бос қарап жатқан жоқ. Яғни, меценаттық жаңа қырымен танылып отыр. Ал оған дәлел керек болса, айтайық.
Жаңа жыл қарсаңында «Еларна» телеарнасы Лондонда өткен «Шәкәрім» симфониясының тұсаукесер кешінен хабар көрсетті. Оны жаңажылдық қарбалас шақта біреу көріп, біреу байқамай да қалған болар. Тіпті, сол хабарды көргендердің өзі көп нәрсенің байыбына бойлай алмай қалғаны да рас. Сондықтан еліміздің рухани өміріндегі ерекше оқиға туралы арнайы сөз қозғаудың еш артықтығы жоқ деп білеміз.
Сол тұста Лондонға еліміздің біраз айтулы азаматтары барып келген болатын. Соның бірі, Медғат мырзаның жақын інісі Шаған Жұмақсанов бауырымыздың айтуынша, «Шәкәрім» симфониясының тұсауы сондағы 2,5 мың орындық «Roуal FestivaI HaII» деп аталатын концерт залында өтіпті. Залда ине шаншар орын болмапты. Орайы келгенде айта кетсек, «Шәкәрім» симфониясын тыңдау мақсатымен кәрі құрлықтың жер-жерінен екі жүзден астам қандастарымыз келіпті.
Симфония авторы бүгінде әуендері әлемге кеңінен тараған ағылшын композиторы Карл Дженкинс десек, қолға тиген мәліметке қарағанда, ол атағынан ат үріккендей хас талант көрінеді. Айталық, оның қайсыбір шығармасы әлемнің жиырмашақты елінде мыңнан астам рет орындалған. Соған орай СD дискілері жиырмашақты алтын, қола жүлделерге ие болған. Музыка саласының докторы атанған Карл Дженкинс сондағы Корольдық музыка академиясымен қоса бес университет пен консерваторияның стипендиаты, профессоры атақтарына ие болған.
Карл Дженкинс мырзаның осыған дейін қол жеткізген атақтарын одан әрі де соза беруге болады. Ең бастысы, ол біздің елімізде болыпты. Соған орай, қазақ әуендерімен, халқымыздың салт-дәстүрімен бұрыннан таныс. «Шәкәрім» симфониясына демеушілік жасаған Медғат мырзаның таңдауы осы кісіге түсуі де сондықтан болса керек.
Осы орайда бір айта кететін жайт, сол «Шәкәрім» симфониясын орындаған ағылшындардың филармониялық оркестрінің құрамына Қазақстаннан домбырашы Асқар Сұлтанғазин, саз сырнай шебері Анар Қасымова, шаңқобызда ойнап, көмеймен ән айтушы Еділ Құсайынов сынды өнер иелері шақырылыпты. Сонымен бірге оған қатысқан әлемге танымал скрипкашы Марат Бейсенғалив пен оның қызы, сопрано үнді әнші Арухан өнер кешінің әрін келтіріпті. Шағын осы сапарында «Шәкәрім» симфониясының Медғат Кәрімұлының демеушілігімен шыққан компакт-дискісін ала келген екен. Жалпыұлттық сипаттағы симфонияны, Аруханның орындауындағы қажының «Анамнан алғаш туғанда» деген сазды әнін тыңдай отырып, ғажап бір сезімге бөлендік. Әсіресе, тұманды Альбионда туған қарындасымыздың Шәкәрім әнін ана тілімізде шырқауына сүйсіндік.
Сол жолғы өнер кеші көрермен тарапынан әлемдік премьера ретінде қабылданыпты. Өйткені, жоғарыда айтқандай, Карл Дженкинстің танымал бір шығармасы кештің екінші бөлімінде мыңыншы рет орындалыпты. Оркестр енді осы концерттік бағдарламамен Нью-Иорк, Токио, Вена, Астана қалаларына жол тартпақ.
Содан кейін естіп отырған және бір жаңалық, Медғат мырза алдағы көктемде наурыз мейрамын Лондонда лайықты түрде атап өтуге дайындалып жатқан көрінеді. Елжанды азаматтың бұл бастамасына қайтіп сүйсінбессің! Біраз оқырман, көрерменмен тілдескенімізде, оның ішінде өнер мен әдебиеттің жанашыры, белгілі тарихшы-ғалым, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Шәкәрім туралы бұл симфония енді «Хабар», яки «Қазақстан» телеарналарының бірінен берілсе деген тілек айтып еді. Бұл да орынды тілек пе дейміз.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
Суреттерде: Медғат Құлжанов және Карл Дженкинс; «Шәкәрім» симфониясын орындаған ағылшындардың филармониялық оркестрі.