04 Наурыз, 2016

Атырауда Фариза Оңғарсынованың ескерткіші ашылды (фото)

3246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
04-03-2016-Atyrau 01АТЫРАУ. 4 наурыз. Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың ескерткіші ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп қазақ поэзиясына адалдығынан танбаған ақын Фариза Оңғарсынованың ескерткіші сомдау конкурс арқылы таңдалды. Қазақстан жобалаушылар ұлттық қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстамбековтің айтуынша, конкурсқа ақынның бейнесі сомдалған 12 жоба ұсынылған. Оның ішінде ақынның отырған бейнесі сомдалған нұсқа да болыпты. Арнайы комиссияның мүшелері бүгін тұғырға орнатылған нұсқасына таңдау жасапты. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғырының биіктігі – 4 метр 50 см, ал ақын бейнесінің биіктігі 4 метр 10 см. Тұғырдың сегіз қабырғасы бар, оның бірінде ақынның аты-жөні, қалған жетеуінде поэзия падишасының өлеңдерінен бір шумақтан жазылған. «Ақынның туыстарымен де ақылдастық. Олар біздің шеберханамызда болып, шаш үлгісіне қатысты өз ойларымен бөлісті. Мүсінді Мұрат Мансұров жасады. Ақынның шабыттанып, жаңа жыр жазуға ұмтылып тұрғанын бейнеледік» – дейді сәулетші Серік Рүстамбеков. Ақын ескерткіші Атырау қаласындағы қазақ ғылымының заңғар тұлғасы Қаныш Сәтбаев даңғылында бой көтерді. Оның ашылуына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен жастар буыны қатысты. «Фариза Оңғарсынова тек поэзияның дүлдүл тұлғасы ғана емес, сонымен бірге, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлігімен танылды», – деді ақын ескерткішінің ашылу салтанатында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Бүгінгі қазақ прозасының танымал өкілі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев «Көп елді аралай жүреміз. Сол кезде қандай тұлғалары бар, қандай мәдениеті, қандай ескерткіштері бар?» дегенді ой елегінен өткіземіз. Еліміздің мәдениетіне қосылар таңдаулы ескерткіштер – Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың бейнелері Атырауда бой көтерді. Фариза Оңғарсынова мінезді ақын еді. Оның мінезі поэзиясында да анық байқалып тұратын», – деді. Фариза Оңғарсынованың ескерткішінің ақ жамылғысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен еңбек ардагері Меллят Сабырова ашты. Ақынның туыстары атынан Айбек пен Алмагүл Оңғарсыновалар өз ойларымен бөлісіп, ескерткіштің көңілден шыққанына тоқталды. Ақын жырлары оқылып, сөзіне жазылған әндері шырқалып тұрды. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: egemen.kz. Суреттер: Рахым Қойлыбаев. 04-03-2016-Atyrau 02 04-03-2016-Atyrau 03 04-03-2016-Atyrau 04 04-03-2016-Atyrau 05 04-03-2016-Atyrau 06 04-03-2016-Atyrau 07