ӨСКЕМЕН. 4 наурыз. Шығыс Қазақстан облысында 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Әйелдер қауымын келе жатқан мерекелерімен облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Әр салада еңбек етіп жүрген әйелдерді өңір басшысы марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, білім беру салаларының өкілдері, журналистер мен үй шаруасындағы әйелдер, «Күміс алқа» иелері бар. Әрқайсысы кәсіби және азаматтық тұрғыда қалыптасқан, жоғары шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген, еңбек қызметі мен өмірде табысқа жете білген жандар. Аймақ басшысы Даниал Ахметов бүгінгі кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы алқашқы мерекелік шара екендігін атап өтті.
«Ел болашағын ертеден ойлаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, әйел-ананың әлеуметтік жағдайына, денсаулығына баса көңіл аударып келеді. Себебі, ер – елдің иесі болса, әйел – үйдің киесі. Қазіргі қоғамда әйел тек отбасын ойлайтын тұлға ғана емес, мемлекеттің саяси өміріне белсене атсалысып, еліміздің стратегиялық міндеттерін шешуге зор үлес қосып отырған қоғам мүшесі», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Шығыс өңірінде әйелдер қауымының басым бөлігі мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау сынды әлеуметтік салаларда еңбек етеді. Мемлекеттік басқару саласының жартысы – әйелдер. Облыстың барлық салаларында басқарушы қызметін атқарып жүрген әйелдер саны 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар, нәзік жандылар аймақтың қоғамдық өміріне, азаматтық институттарды дамытуға зор үлес қосып, 13 әйелдер мен гендерлік, мемлекеттік емес ұйымдарға, 39 этномәдени бірлестікке жетекшілік етіп отыр.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы.