05 Наурыз, 2016

Жүрек шырағы

419 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
СнимокАсыға күткен көктемнің көрікті күні келіп, көңілді тербеген сәттерге ұласты. Олай дейтініміз, елге еңбегі сіңген ана-апаларымыздың, қыз-келіншектердің халқына жасаған жақсылығы аталып, көгілдір мейрам шаттықтан алқызыл гүлге оранды. Солардың қатарында ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Шәмша Беркімбаеваны да атаған жөн деп ойлаймын. Өйткені, оның өмірі өнегелі, қайсарлық пен күрес жолы. Желтоқсанның зардабын шекті. Қарапайым мұғалімнен бастап Білім және ғылым министрі, Сенат депутаты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметтерін абыроймен атқарды. Э.Кант: «Адамгершілік адам­ның туа біткен мінезінде болу керек», деген екен. Шәмша Көп­байқызының мейірімі жүрек нұрымен көмкеріліп тұрады. Терең білімі, қазақы, ұлтжанды мінезі, ұлттық рухқа толы жігерлі сөзі жан-жағындағыларды еріксіз тез баурап алады. Сенатор қызметінде жүргенінде келіп түскен хат, өтініш, шағымдарға міндетті түрде жауап береді және бар ниетімен көмектесуге тырысып, тиісті органға жолдап, анық-қанығын сұрап, арызданушыны хабардар етіп отырады. Сол кезеңдегі айтарлықтай атқарған істерінің бірі – Парламент жұмысын мем­лекеттік тілде жүргізуге көшу­дің бірден-бір бастамашысы болды. Бірте-бірте бұл үрдіс қалыптасты. Барлық депутаттар мемлекеттік тілде сұрақтар қойып, депутаттық сауалдар жасай бастады. Ұлтжандылық – ұлы қасиет. Әрине, бір сөзбен айтсақ, ұлтжан­дылық қара бастың қамын ұлттық мүддеге бағындыру, ұлт үшін қабырғасы қайысу, ағынан жарылу, өз ұлтының шыққан тауы биік болсын деп, мәртебесі озсын деп жеңісіне сүйсіну. Ұлт намысын жүрегінде маздатып жандырмай, азамат тәрбиелеу мүмкін емес. Білім және ғылым министрі қызметінде бірінші болып қазақ балалары оқитын ауыл мектебінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, оқу сапасын көтерді, мұғалімдердің білім дәрежесіне алаңдаушылық тудырып, ұлты­мыздың рухани кемелденуі үшін қаржы бөлдіріп, біршама игі шараларды іске асыруға мұрындық болды. Ауыл мектептерінде қызмет етіп жүрген мұғалімдер сол жердің рухани тірегі болғандықтан, мектеп мұғалімдерінің білім сапасының көтерілуіне ерекше ден қойды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ауыл мұға­лімдерінің 18,4 пайызы сол кезде басқа мамандық иелері екен. Осыған байланысты кадр мәселесі де бірте-бірте министрлік тарапынан қадағаланып шешілген еді. Ол министрлікті басқарып отырған кезінде оқулықтардың саны мен сапасын арттыру жұмысы ұдайы жүргізіліп отырды. Қай бастамаға болмасын терең оймен қарайтын Шәмша Көпбайқызы реформа жасау мәселесінде де ұстамдылық танытып, жұрттың көңіл-күйін назарынан тыс қалдырмай, мек­тепті 12 жылдық оқытуға көші­ру үшін жақсы дайындық керек екенін айтқан болатын. Мәселе, міндетті түрде реформа жүргізу емес, әр кезеңнің өзінің алға қойған міндеттері болады, бүгінгі күннің міндеті оқу сапасын арттыру деп, мектеп ғимараттарын жөндеуге, жабдықтауға, жаңалауға кірісті. Соның нәтижесінде ауыл мектептеріне көбірек көңіл бө­лініп, жаңа техникамен жабдық­талып, жабылып қалған интернаттар қайта ашылып, мектептерде мұражайлар жұмыс істей бастады. Қазақ мектебін бітірген бала­ларға мемлекеттік білім гран­тының үлесін арттырды, сөйтіп, мемлекеттік деңгейде қазақ мек­тептеріне көңіл бұруға қол жеткізді. Қазақ тілін барлық мектептерде оқытуды міндеттеуге үлес қосты. Шәмша Көпбайқызы ректор болған тұста Қыздар педа­гогикалық институтының деңгейі бір сатыға көтеріліп уни­верситет атанды. Ол оқу про­цесіне жетекшілік етумен қатар, әкімшілік-шаруашылық жұмыстарының, тәлім-тәрбие істерінің жаңаша жаңғыруына атсалысты. Сол кезде де ауыл мек­тебінен келген жастарды университетке көбірек тартты. Ол білімді жастарды иман­дылыққа тәрбиелеу, универ­си­тет­ті бүгінгі күн талабына сай материалдық және руха­ни игіліктермен қамтамасыз етуді көздеді. Әсіресе, қаракөз қыз­да­рымыздың өнегелі тәрбие алуына күш-жігерін жұмсап, оларға 9 қабатты 450 орындық «Студенттер үйін» салдыруы игі істерінің бірі болды. Жастардың білімін жетілдіріп отыруға же­телейтін атаулы стипендияларды (Президенттік, әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, К.Байсейітова, А.Затаевич, С.Исаев, З.Ахметов) үздік студенттерге бөліп, мәр­те­белерін көтерді. Бүгінгі күні ең­бегі ел қазынасына айналып, осы ұс­таздық жұмысы үлгі болып отыр. Сондықтан да жақсы адам­дардың абыройлы істерін жас­тар білуге тиіс деп ойлаймын. Зейнеткерлік демалыста жүрсе де, Ш.Беркімбаева ұлт тәрбиесін қаперде ұстайды. Қоғамдық ойды қозғайтын мақалалар жазып тұрады. Шәмша Көпбайқызы «Егемен Қазақстанда» жария­ланған революцияға дейінгі қа­зақ мектептерінің ахуалы мен бүгінгі тәуелсіздік тұсындағы мектептердің жай-күйі, ұстаздар­дың біліктілігін арттыру ісіндегі жаңашыл ізденістер туралы толғақты ойтұмар ойымен оқыр­мандармен орынды бөліскен болатын. Қазақтың біртуар қызы, атақты ақын Фариза Оңғарсынова Шәмша Көпбайқызын осындай қасиеттері үшін жақсы көретін, сыйлайтын, құрмет көрсететін. «Қыз-ғұ­мыр шынарым-ай, Халқымның шырағындай», – деп жазып еді Фариза апай. Ақынның сол сөзі жүрегінен шыққаны анық. Шәмша Беркімбаева – дара мінезді, жүрек шырағы қазақ деп соққан санаулы қыздарымыздың бірі, бірегейі. Баян ОЛЖАБАЕВА, заңгер. АСТАНА.