05 Наурыз, 2016

Ұяласым

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Безимени-13Төртінші сыныпты және бесіншінің екі тоқсанын Алматыда жаңадан ашылған №2 мектеп-интернатында оқығанмын. Он алты жасында колхоздың бір отар қойына ие болған көкем Өзбек ауыл маңындағы қыстауда отырады екен. Байжұман (Бәкең) екеумізден бес және жеті жасқа үлкен көкеміз соғыстың алдында туса, біз соғыстан кейін дүние есігін ашқандармыз. Арамыз екі жыл. Сол қысқы демалысқа келгенде көкем қойға шыққанда пайда болған көксұр иті Байғасқа күшіктепті. Бес күшіктің екеуін бізге еншілеп берді. Бәкең өз күшігін Желтабан деп қойды, мен Желаяқ деп атадым. Күні бойы күшіктерімізбен ойнаймыз да, түнге қарай екеуміз сол ұялас күшіктеріміз секілді құшақтасып ұйықтаймыз. Кішкентай кезден солай өскендіктен, тете болсақ та тату едік. Демалыс бітіп, мен Алматыға аттанар кезде екеуміз де бұзылдық. Сүп-сүйкімді күшігімді қимағандықтан ба, әлде интернатта жүріп, Бәкеңді сағынғандықтан ба, көзіме жас үйіріле берді, Бәкең де тұнжырап қалды. Жолға жиналып жатқанда сөзді көкем бастады: «Апа, ұялас күшіктердей болған екеуін қалай ажыратамыз, осы баланы интернаттан шығарып-ақ алшы». Үлкен ұлы солай деп еді, апам ортаншысының бірінші сыныпқа барғанда қалай жылағанын есіне түсірді. Бәкең кішкене кезінде өте бұзық болыпты да, әкеміз бен апамыз бес жасында мектепке беріпті. Әкеміз колхоздың дарбызын күтетін, үйде үнемі дәу-дәу қара дарбыздар болатын. Ол кезде оқымайтын менің дарбыз жеп отырысыма қызыға ма, әлде екеуміздің ойнағанымызды қимай ма, Бәкең: «Апатай, мектепке бармайыншы, қызыңды жұбатайыншы», деп жылайды екен. Екеуміздің бірге ойнағанымызды мектепке барудан артық көрсе керек. Бәкең сегізіншіге көшкенде Талғардағы интернатқа ауысты. Алғаш демалысқа келгенде байқадым, кәдімгідей өзгере бастапты. Сол кездегі бозбалалар қоятын «канадка» дейтін шаш үлгісін қойыпты, күрткесінің жеңін түріп, жағасын көтеріп жүретін болыпты. Оның жүріс-тұрысына қызығатын болдым. Соның айтқан әңгімелерін қызыға тыңдаймын. Талғардың интернаты ең бір керемет орын болып елестейтін. Апам маған дүкеннен киім алмайды, мен Бәкең бір жыл киген жейделері мен күрткелерін ары қарай тоздыратынмын. Осылайша менің ерте бастан бозбала болып қалыптасуыма Бәкеңе еліктеуім, журналист болсам деген алғашқы балаң ойларымның пайда болуына Бәкең құсап әңгіме айта алсам деген құлшынысым себеп болғандай. Ауыл мектебін бітірген соң мен де басқа жаққа бұрылмай, Талғар интернатына барғанмын. Бастапқы №2 мектеп-интернатты бітіргендер мұғалім, инженер, мал дәрігері оқуына түсіп жатқанда менің мамандықтың төресі – журналистікті таңдауыма да, өмірлік жарымды жолықтыруыма да Талғар интернаты себеп болды. Екеуміз ала жаздай көкеме көмектесеміз, екі бала бір отар қойды бағып, оны кемі жарты айға демалысқа жібереміз. «Ұялас екі інім келіп, қолым ұзарып қалды», деп көкеміз мақтана айтатын. Бәкең кейін әскерге алынғанда үш жылдық қызметін Ресейдің Владимир облысындағы Вязники қаласында атқарды. Апам ортаншы ұлына қатты алаңдады. «Хат жазып қойсаңшы, тыныш жүрсін деп айт. Неғып жүр екен?», деп отыратын. Жазға салым әскери комиссариаттан өткенде менің теңіз флотына алынатыным белгілі болып, екеуміз бес жылдай көріспей қалатынымыз анықталған соң Бәкеңді іздеп, Вязникиге барғанмын. Қасында екі күн болып, кілең басқа ұлт өкілдерінің арасында ұялас бауырымның төбесі көкке екі-ақ елі жетпей жүргенін көріп, мәз болған едім. IMG_6164Әскерден келген соң Бәкең Политехникалық институттың азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсті. Алайда, соны оқымады. «Ондағы бес жыл оқытатын нәрселерді мен былай да білетінмін», дейді қазір сол оқуы туралы сөз қозғалса. Ауылда Бәкеңнің құрылыс бригадасы салған үйлер әлі де тізіліп тұр. Бүгінде Оразкүл жеңгеміз екеуі тұрып жатқан үйін іргетасынан бастап, шатырына дейін өзі салып шықты. Екеуінің отбасы құруына да мен себепші болғанмын. Жазда үйдің жанына қызанақ отырғызатынмын. Күнде суарып тұру үшін жанынан үлкен шұңқыр қазып, суға толтырып қоямын. Түнде кинодан кейін қыдырыстап жүргенде болашақ жеңгеміз қызанақ жемек болып, арық жағалап келе жатып, шұңқырға құлап түседі. Үсті-басының бәрі су болып, таңға дейін киімдерін кептіре алмайды да, үйіне барудың орнына, Бәкеңнің айтқанына көніп, тұрмыс құруға келіседі. Таңғы сағат бесте мені оятады: «Біз үйленетін болдық». Тәтті ұйқыны қиятын емеспін. Бәкең екінші қайтара келгенде: «Күндіз үйленуге болмай ма», деймін. Дабырласа сөйлескенімізден апам оянып: «Келін өзі келіп тұрғанда қалай жатамыз?» дейді. Сөйтіп, үлкен жеңгем екеуі шымылдық керіп, үсті-басы су-су Орекеңді үйге кіргізіп алғанбыз. Біраз қамыққан Күнә құдағиға Орекеңнің әпкесі Аманкүл: «Байжұманға барса, қызың қор болмайды», деп жұбатқан екен. Сол енесін кейін арулап Бәкең өзі жөнелтті. Зайыбы екеуі жақсы отбасын қалыптастырды, Орекең екі қыз, төрт ұл туып берді. Қазір екі қызы, екі ұлы отбастарымен Алматыда тұрады, алты немерелері бар. Бірақ екеуінің үйлену тойларына мен қатыса алмадым. Сол жылы оқуға түстім де, ауылшаруашылық жұмысына темекі жапырағын жинауға барғанбыз. Жұмысқа апарған оқытушы мені тойға жібермеді. Кейін естідім, бауырым: «Тойды өткізбей-ақ қоялық, бауырымсыз қалай үйленемін, келіп қалар» деп, түн жарымға дейін тойды бастатпапты. Соңынан үлкендер жағы басу айтып, көндіріпті. Төртінші қыркүйекте мен де түнімен ұйықтай алмадым. Осындай шақты бір жылдан соң өзім үйленгенде де бастан кешетінімді ол кезде білмеппін. Екеуміз де үйленген соң ауылда өткен бір тойдан оралғанда Бәкең төрде салынған төсекке қисая кетіп: «Біз Ерекең екеуміз бірге жатайықшы», дегені бар. Жеңгем Орекең: «Келін қайда жатады?» деп тұрғызған еді. Көзін уқалап отырған Бәкең сонда: «Екеумізді құдайдан басқа ешкім де ажырата алмас деуші едім», деп кеңкілдеп жылағаны есімде. Кейде сол үні ойға оралса, көзіме жас келеді. «Толғауы тоқсан тіршілік» деген осы екен ғой. Бәкең мен Орекең қазір үлкен әулеттің отағасы мен отанасы. Алғашында тұрмыс құрған ұл-қызы жарларынан ажырасып, бір немересі келінде кетіп, бір немересі шетінеп, Бәкеңнің: «Қайтейін, Құдай үш немере беріп еді, сол үшеуінің басын да қоса алмадым», деп жылап отырып айтқан әңгімесін ұмытқан жоқпын. Ауылға барған сайын ұлдарына үйленіңдер дейтінмін. Құдай аузыма салған шығар, ұлдардың үлкендері бірінен соң бірі үйленіп, бір қызын ұзатып, бүгінде бар құдаларын қосқанда бір ауылдың жұрты шығады. Қазір Бәкең Туғанбай ауылының белсендісі. Көшелерді асфальттау, үйлерге таза ауыз су түсіру шаруаларына біраз адам жүгірісіп, іске асырды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысқан және сол кезеңде колхозда ерен еңбек еткен ауыл адамдарына ешбір ескерткіш орнатылмай келсе, Бәкең бұл шаруаны да қолға алып, жұртты ұйыстырып, аяғына жеткізді. Баяғыда мал баққанда бруцеллез ауруына шалдығып, бір аяғын сылтып басады. Көп емделіп жатпайды, ауылда болмаса, бірдемесі кем соғып тұрғандай көрінеді. Адамдар оны іздеп келеді, ақыл-кеңес сұрайды. Жан-жақтан хабарласып жатады. Осы күндері жетінші белесіне көтерілген Бәкең соның бәріне уақыт табады. «Нұр Отан» партиясының, аудан әкімінің жиналыстарынан қалмайды. Қуанышын зайыбы Орекеңнің пайғамбар жасына жетуімен, үйленгендеріне 45 жыл толуымен қосып атап өтпекші. Аман болсақ, тамыз айында Смайыл мен Күләштің барша ұрпақтары бас қосады екенбіз. Ержұман СМАЙЫЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  АСТАНА. Суреттерде: Бәкеңді Ресейдің бір қиырына іздеп барғанда; Бәкең мен Орекеңнің алты отбасынан тұратын әулеті осындай.