05 Наурыз, 2016

Халықаралық ойындарға дайындық тексерілді

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Иманғали ТасмағамбетовКеше Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов «Отар» әскери базасының аумағында «АрМИ-2016» Армия халықаралық ойындарын өткізуді ұйымдастыру жөнінде көшпелі кеңес өткізді. Биылғы жылдың жазында әртүрлі мемлекеттердің қарулы күштері әскери қызметшілерінің далалық, әуе және теңіз дағдысы бойынша Армия халықаралық ойындарының 23 байқауының өткізілуі жоспарланған. Ойындар Қазақстан мен Ресей Федера­циясының аумағында алғаш рет өтеді. Елімізде «Артиллериялық атыс шебері» және «Мерген шебі» атты 2 бай­қауды өткізу жоспарлануда. Әскери қызметшілеріміз барлық аталымдарда, нақтырақ айтсақ, 21 конкурста ұсынылады. «Артиллериялық атыс шебері» байқауына әрбір мемлекеттен 21 адамнан құралған команда, оның ішінде 5 адамға дейін 3 минаатқыш есептобы қатысады. Байқауды өткізу үшін әр командаға көп нысаналы жеңіл броньдалған тартқыш, минаатқыштар, автоматтар және гранатаатқыштар ұсынылатын болады. «Мерген шебі» байқауына әрбір мемлекеттен 7 адамнан тұратын команда, оның ішінде 3 мергендік жұп қатысады. Байқауды өткізу үшін әр командаға оптикалық көздеуіші және «Аселсан» түнгі көздеуіші бар Драгуновтың мергендік винтовкалары ұсынылады. Өткен жылы алғашқы «АрМИ-2015» халықаралық ойындары өткенін естеріңізге сала кетейік. Оған әлемнің 17 елі келді. Қазақстанның Қарулы Күш­тері үш конкурсқа, яки, әскери теңізшілер мен теңіз жаяу әскер­лері – «Каспий теңізіне», әскери ұшқыш­тар – «Авиадартсқа», танкіші­лер – «Танк биатлонына» қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша Қа­зақ­стан Қарулы Күштерінің әскери қызмет­шілері «Авиадартс» пен «Каспий теңізінде» екінші орынды және «Танк биатлонында» төртінші орынды қанжығалаған еді.   «Егемен-ақпарат».