Кеше Астана қаласы бойынша сайлауды байқауға жәрдемдесу өңірлік орталығы «Байқаушылардың құқықтары мен міндеттері. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауларындағы байқаушылар қызметіндегі әдістер мен тәсілдер» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Семинар-тренинг барысында қоғамдық байқау саласындағы сарапшы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасы профессорының міндетін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Юлия Онучко сайлау үдерісіндегі байқаушылардың рөлі жөнінде баяндама жасады. Баяндамашы байқаушы тұлғасына жан-жақты түсініктеме бере келіп, оның атқаратын қызметіне жан-жақты тоқталды. Сайлау күнгі үдеріске байқаушылар әрі бақылаушы, әрі куәгер ретінде қатысатындығын тілге тиек етті. Байқаушылар өз кезегінде сайлаудың объективті, әділетті және адал өтуіне атсалысуы қажет. Керек десеңіз, сайлаудың заңға сәйкес ашық, әділетті өтуі байқаушыларға да байланысты болмақшы. Яғни, байқаушылар сайлау үдерісінің біртұтастығын қамтамасыз етеді.
Семинар-тренинг кезінде байқаушылардың біліктілігін арттыруға байланысты мәселелер көбірек қозғалып, жиынға қатысушылардың көкейіндегі сансыз сауалға жауап берумен түйінделді. Жиында сөз алған баяндамашылар да оған қатысушылардың назарын сайлаудың ашық және заң нормаларына сәйкес өткізілуіне, қоғамдық байқаушылар институтының рөліне аударды. Сонымен қатар, аталған шара барысында байқаушылардың өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері жан-жақты талқыланды десе де болады. Семинар-тренингтің ұтымдылығы да осы тұста көрінді.
Сайлауды байқау үдерісіне дайындық аясында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) елордалық байқаушылар үшін ұйымдастырылған шараға СБРҚК мүшелері және Астана қаласы бойынша сайлауды бақылауға жәрдемдесу өңірлік орталығының қызметкерлері қатысты.
Астана қаласы бойынша сайлауды бақылауға жәрдемдесу өңірлік орталығының басшысы Жұмағали Арыстан өткізіліп жатқан семинар-тренингке қатысты өз пікірін төмендегіше білдірді:
– Астанада 170 сайлау учаскесі бар, яғни әрбір учаскеден бір-бір байқаушыдан сайлау күні 170 байқаушы қызмет етеді деген сөз. Бүгінгі семинар-тренингке қатысқан байқаушылар солардың қатарында болады. Бүгінгі күнге дейін 100 байқаушы семинар барысында тағылымдамадан өтті. Олар осындай жиын барысында алған білімі мен білігін сайлау күні іс жүзінде көрсететін болады, – деді ол.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».