05 Наурыз, 2016

Ұсыныс-тілектер ескеріледі

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағанды2«Бірлік» партиясының мүшелері Қарағандыдағы «Құрылыс Мет» ЖШС-інде болды. Кәсіпорын тау-кен-шахта жабдықтарына қызмет көрсетумен және оларды жөндеумен айналысады, өңірдің барлық өндіруші кәсіпорындарының қажеттілігін қамтамасыз етеді. Партия өкілдері өндіріспен танысып, 20 наурызда болатын Қазақстан Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауына белсене қатысуға дайындалып жатқан еңбек ұжымының мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасарлары Болат Байқадамов пен Бауыржан Бөрібек кәсіпорынның жұмысшы-қызметкерлерін партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері туралы хабардар етті, қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстар мен тілектерді қабылдады. Сондай-ақ, жиында партия төрағасының орынбасары Бауыржан Бөрібек «Бірлік» партиясы болашақ «Таза Қазақстан үшін» экологиялық қозғалысының бастамашысы саналатынын және өзінің табиғатты қорғау жөніндегі қызметін Қарағанды секілді ірі өнеркәсіп өңірлерінен бастауға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, партия осында және бүкіл еліміз бойынша заманауи, экологиялық таза технологияларды ендіру тек ресурстарды үнемдеуге ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ, өндірістегі жұмысшылардың жұмысын қамтамасыз етеді, бүкіл халық үшін мейлінше қолайлы өмір сүру жағдайларын орнықтырады деп есептейді. «Бірлік» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серікбол Әбжанов Қазақстанның Кеңес уақытында салынған көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындары эколо­гиялық нормаларды сақтауға есептел­мегенін айтты. Ол, сондай-ақ, Мем­лекет басшысының экономикаға ауқымды индустриялық-иннова­циялық реформа жүргізу бойынша тапсырған бағыт үдерісінде еліміздің барлық өнеркәсіптік кәсіпорындары табиғатты үнемдейтін жұмыс режіміне көшетінін атап өтті. Сол себепті, «Бірлік» партиясы өзінің алдына экономиканы жаппай экологияландыруға жүйелі әрі жан-жақты ықпал ету, кәсіпорындарда қалдықсыз және басқа «жасыл» технологияларды ендіру мақсатын қояды. Кездесуден соң партия белсенділері партияның өз саясатына түзетулер енгізу мен атқарушы және заң шығарушы мемлекеттік билік үшін ұсынымдық және құқықтық актілер дайындаумен барынша нақты айналысу үшін сайлаушылардың нақты әрі көкейкесті мұқтаждықтары мен проблемаларын анықтайтын мұндай жиындардың маңызды екенін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.