05 Наурыз, 2016

Тәңірі қалаған дәрігер

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ПОЛИ 007Бірде Алматы қаласы Ден­саулық сақтау басқармасы журналистер күніне орай күнгей­дегі бас шаһардағы барлық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізу үшін арнайы акция ұйымдастырған-ды. Өз денсаулықтарына көңіл бөлуге уақыттары бола бермейтін қалам­герлер жанашырлық көрсетіп жатқан соң, тайлы-таяғымыз қалмай Алмалы ауданына қарасты 53 мың халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырған №5 емханаға осылай жолымыз түсті. Біздерді күнделікті емханаға келетін қала тұрғындарынан бөле-жармай, бәріміз бір дәлізде жүрміз. Ешқандай ың-шың жоқ, емхана іші мұнтаздай таза, әркім өз ісімен айналысуда. Содан мекеме басшысы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санаттағы дәрігер Гүлшахира Әжімұханқызы Қамбаровамен сөйлесудің сәті түсті. Сабырлы, дауысы биязы, жүзінен имандылық пен бекзат болмыс байқалады. Осы қасиетіне аққұба, көркем келбеті қосылып адамды өзіне еріксіз тарта түсті. Меніңше, мекеме басшысының мінезіндегі осындай қасиеттер ұжым мүшелерінде де сезілетіндей. Өйткені, басшы қол астындағы қызметкерлерімен ақырып емес, ақырын айтып, тіл табысса – олар да сол жағдайға қалыптасады ғой. Ал мұндай қарым-қатынас осы тақылеттес емдеу орындарының бәрінде бірдей кездесе бермейді. Яғни, мамандықпен бірге кісілікті де алып жүру әркімнің қолынан келмейді. Дәрігер адам алдымен сөзімен емдеп, алдына келген науқас үлкен бір үмітпен емделетініне сеніп кетуі керек. – 2010 жылы денсаулық сақтау саласында енгізілген Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің орындалуы жаман емес, – деп сөзін жалғады бас дәрігер. – Өйткені, нәтиже жақсы. Өзіңіз білесіз, ол жүйеде әрбір қазақстандыққа тұрған жерінде – тәуелсіз емдеу орнын және емдеуші дәрігерді таңдау құқығы берілген. Яғни, емделушіге жоғары сапалы дәрігерлік көмек, ем алуына мүмкіндік туды. Мәселен, 2015 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қараша аралығында тіркеу компаниясына емханаға қосымша 6 мыңнан аса адам келіп тіркелді. Бұл нені көрсетеді? Яғни, халық біздің мамандардың жоғары кәсібилігін бағалайды деген сөз. Аталмыш емдеу орнының бір ерекшелігі, мұнда емхана жанынан Қалалық гепатологиялық орталықтың ашылуы. Оны меди­циналық мүмкіндігі жағынан бірегей орталық десек те болады. Бұған дейін науқас адамды қаланың әр бөлігіне жіберіп, әуре-сарсаңға салса, қазір мұнда барлық диагностикалық зерттеулер бір жерде өтеді. Ең бас­тысы, бауырдағы кінәратты анық­тауға аса қажет заманауи фибраскан аппараты қала бойынша тек осы орталықта. Фибраскан – бауырдың қабынуының қа­лыңдығын анықтайды. Оған жоғары санаттағы дәрігер Роза Жүсіпова жетекшілік етеді. Гүлшахира Әжімұханқызы бүгінде емханадағы 280 қызмет­кердің 77-сі дәрігер, олардың 28-і учаскелік дәрігер, 126 медбикенің 58-і учаскелік медбике, 5 психолог, 5 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейтінін, 2010 жылдан республикалық бюджеттен учаскелік мамандарға қосымша жалақы тағайындалғанын да тілге тиек ете кетті. «Мәселен, учаскелік дәрігер 70-200 мың теңге, медбикелер 30-150 мың теңге аралығында ынталандырушы үстемақы алады. Ал емхана шаруашылық жүргізу құқығына көшкелі бері, жұмыстарын жақсы көрсеткен, емхананың көрсеткіштерін көтерген, жаңа инновация енгізген қызметкерге ақылы қызметтен табатын табысымыздан қосымша үстеме ақы береміз, – деді емхана басшысы. Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген басшы адамда қарамағындағы қызметкерлерді түсініп, жақсы­лық жасауда болсын, істі ұйымдастыруда болсын – мүмкіндік зор. Гүлшахира Әжімұханқызы сол мүмкіндікті қай жағынан болса да тиімді, әділ пайдалануға тырысады. Сол қасиеті бізге ұнады, ал медицинадағы «Тәңірі қалаған дәрігер» деген ұғымға салсақ, өзі қалаған мамандығына сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын біздің кейіпкеріміз сол – «Тәңірі қалаған дәрігер» санатынан деп білеміз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».