05 Наурыз, 2016

Бақыт туралы жыр

707 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
заставкаЖарым-ау, сен – бақытты, мен – бақытты, Бұдан асқан рахат жоқ жанға, тіпті. Құрбыларға айтар ем: бақыт сыйла, Одан басқа бермеңдер жарға түк те.   Бақыт болса... Дүниенің бар байлығы, Өмірдің жылтыраған жайраңдығы – Қажеті не, достарым, сондықтан да, Тек бақыт керектігін ойлан бүгін.   Ойлан бүгін, ертең де, аргүні де, Мүмкіндік бар күні де, тар күні де. Жарыңа бақыт сыйлар құдірет бар, Туған жердің хош иіс әр гүлінде.   Күлкіңде де, биязы сөзіңде де, Адалдықпен нұрланған көзіңде де, Жарыңа бақыт сыйлар құдірет бар Балаңды бауырыңа алған кезіңде де.   Шын бақыттан мен кейде мұң табамын, Мағынасыз мастыққа мін тағамын. Салқын түнде оралып сағынышпен, Бақыт, бәлкім, көрпесін қымтағаның.   Айта алман сыпайы бол, сөкпе деп те, Бақытты болар мүмкін өкпелеп те. Тәйір-ай, қымбат мүлік емес қой ол, Бақыт үшін сондайлық көп керек пе? Көп керек, бақыт үшін, аз да керек. Бақыт бізді бөлер-ау сазға бөлек. Бақытқа батырлық та, батылдық та, Бақытқа нәзіктік пен наз да керек.   Солай, жаным, бақыттың нарқы қымбат, Бақытқа жете алмайсың ар шығындап. Базаршыдан бақытты таба алмайсың, Барсаң да уыс-уыс алтыныңды ап.   Бақыттан арзан да жоқ, қымбат та жоқ. Бақыт жайын білмеспіз жырлап та көп. Жігіттер, өзің – бақыт, жарың – бақыт, Айтам тек Бақытыңды құрметте деп!   Қорғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан».