Қай салада болмасын өз кәсібіңді жетік білгенге не жетсін. Сонда ғана еңбегің жанып, еңсең тік жүреді. Міне, қаладағы «Нағима» сұлулық салонының шаштаразы Сәлима Науанова осындай өз ісінің шебері атанған жан. Сондықтан да болар, оның қызметіне жүгінушілер көп. Ал, әдемілікті сүйетін талғампаз қыз-келіншектердің көңілінен шығудың өзі үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап етері сөзсіз. Мұнда шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндендіру үшін алдын ала жазылып, кезекке тұратын нәзік жандылардың арасында алтын уақытын қиып қаланың екінші шетінен келетіндердің, тіпті, аудандардан ат арытып арнайы жететіндердің бар екенін естігенде, шаштараз қыздың шеберлігіне тәнті болмасқа амалың қалмайды.
– Мен бұл кәсіпке сәл кештеу келдім. Алайда, бір іске ықылас қойсам, соның қыр-сырына қаныққанша тынбайтынымның арқасында шаштараздықты жетік меңгеріп алдым деуіме болады. Байғанин ауданы Алтай ауылында туып-өскенмен, қалаға марқұм апам Розаға еріп ерте келдім. Орта мектепті тәмамдаған соң облыстық филармонияның «Қарлығаштар» ансамблінің әншісі болғаным бар. Кейін ата-анам өнер саласында болуыма қарсы болып, одан қол үздім. Қарап отыруға болмайтынын түсініп «Айсұлу» сұлулық салонында маникюр болып жұмыс істедім, кейін осы әйел адамдардың шаштараздығына мамандандым. Шыны керек, мені бұл кәсіпке Лилия Паркова деген орыс келіншегі дағдыландырды, – дейді Сәлима қарындасымыз өткенге ой жіберіп.
Әкесі Науан мен анасы Сөкеннің шаңырағында тәрбиеленіп өскен жеті баланың ортасынан шыққан Сәлима үй шаруасын да дөңгелентіп жібереді екен. Әсіресе, ол пісірген манты, палаудың дәмі тіл үйіретін көрінеді. Іс тігуді де жаны қалайды. Бір сәт қолы бос отырмауға дағдыланған оның әріптестері арасында сыйлы болуы да сондықтан.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.