05 Наурыз, 2016

Өнермен өрнектелген өмір

482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бағысова  ЖібекӨнер үшін жаралған адамдар болады. Оларды өнердің өзі қырық құбылыс қасиетті өлкесіне тартып тұратыны бар. Мұны біз сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жібек Бағысованың өмір жолдарынан айқын байқаймыз. Әйгілі Біржан сал елінде дүниеге келіп, көркем Бурабайда бойжеткен талантты қыздың тырнақалды талпыныстары да таңғалдырғандай. Мәселен, шалғай ауылдағы балауса қыздың алғашқы қадамы Сәбит Мұқанов романы экрандаған атақты «Ботагөз» фильмінен басталады деп кім ойлаған? Бүгінде жетпістің бел орта­сынан асқан апамыз былай дейді: «1957 жылы «Қазақфильм» кино­студиясы әйгілі фильмді түсіру үшін Бурабайға келді. Ал, Ботагөз рөліндегі Гүлфайруз Ысмайылова Жібектің көршісінің үйіне түскен екен. Пәтерде тұрды. Басқа актерлер де жағалай ауыл үйлеріне жайғасты. Бір кезде Қанабек Байсейітов бастаған кино түсірушілер атқа мықты отыратын қыз іздеп, ауылға жар салыпты. Өйткені, Ботагөз рөліндегі Гүлфайруз Ысмайылова атқа мінгенді қойып, жолауға қорқады екен. Ауыл жұрты бір ауыздан: «Мәжит ақсақалдың немересі Жібек аттың құлағында ойнайды», – деседі. Кинода Ботагөздің басына шапанды жаба салып, аттың алдына өңгертіп, Итбай жігіттерінің алып қашатын жері бар. Ағаш арасында алдынан шыға кеп, жал үстінде көлденең жатқан қызға жабысқанда ат үркіп, шыр айналады. Осы көрініске түстім. Сосын Асқар келіп жұрт қаумалап тұрғанда, Ботагөз шауып келеді де көпшілікті бұзып-жарып Асқарға ұмтылады. Бұл да мен едім». Өнерге ынтызары осыдан кейін лаулай лапылдағаны анық. Құдай айдап келген Гүл­файруз апасына өтініш айтты. «Актриса болғым келеді. Мені Алматыға алып кетіңіздер» депті. Ауылдың ерке қызының қылығы Қанабек Байсейітовті де елең еткізген көрінеді. Сөйтіп, ол шығармашылық сынақтардан мүдірмей өтіп, Абай атындағы опера және балет театры жанынан ашылып жатқан студияға қабылданған. Бұдан кейінгі өнер соқпағы Талдықорған мен Қызылордадағы театрларда жалғасты. Жібекті танымал еткен бейненің бірі Шыңғыс Айтматов шығармасы бойынша қойылған «Ана – Жер ана» спектакліндегі Әлиман бейнесі деуімізге болады. Бұл жайлы Жібек апай бір ғана түйін айтады: «Мен Әлиманды ойнағанда күйеуін, яғни өз әкемді соғысқа шығарып салып, одан он жеті жасында жесір қалған анамның жан күйзелісін ойнадым...». Ана демекші, Жібек Бағысова қазақ театр өнерінде аналар галереясын қалыптастырған актриса десек, артық айтқандық емес. Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының сахнасында сомдаған рөлдері: «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақтоқтының анасы, «Құдалық» – Құдағи, «Пай-пай жас жұбайлар-ай» – Ләззәт, «Мұрагерлер» – Салиқа, «Ғасырдан да ұзақ күн» – Найман-Ана, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Мақпал , «Ақнұр» – Салиха, «Үйлену» – Фекла Ивановна, «Махамбет» – Ана, «Естайдың «Ай тұтылған түн» – Таңқабике, «Қар көшкіні» – Бәйбіше, «Анамның ақ көйлегі» – Ана, «Тіл табысқандар» – Болдуқан, «Тыныштық күзетшісі» – Қадиша, «Тағдыр» – Кәмилә Айханова, «Мазар» – Қорлығайын, «Люстра» – Флюра, «Апалы-сіңлілі үшеу» – Анфиса, «Ричард III» – Герцогиня Иоркская. Көкшелік жазушы ағамыз Төлеген Қажыбайша айтсақ, «Бүгінде қарап отырсақ, Жібек сомдаған кейіпкерлерде сан жоқ. Қазақ өнерінде кез келген сахна аруларына арман болған кейіпкердің бәрін сомдады». Мұндайда хас шеберлердің хақ бағасына жүгінген де мерей өсіреді. Асанәлі Әшімов, КСРО халық әртісі: Әуезовтен бастап, Шекспир шығармаларына дейін бара алатын сирек актрисалардың бірі осы Жібек. Жібектерді мен Сәбира апай мектебінің жалғасы деп түсінемін». Рубен Андриасян, Қазақ­станның халық әртісі, Лермонтов атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі: «Мен Жібекті Қаракөзді ойнаған ке­зінен бастап білемін. «Қо­нақ­үйдің қожасындағы» Ми­рондоминосы тіпті ғажап. Ой­нақы, жігерлі, сүйкімді, оның үстіне Жібектің пластикасы қандай. Драманы да, трагедияны да, комедияны да ойнай алатын өресі биік актриса!». Актриса Жібек Бағысованың өнер жолы ғана емес, өмір жолы да кейінгі жастарға өнеге. Ақжарқын, кеңпейіл азамат Бұрхан ағамыз осы бір періште пейіл, тұла бойы ізгілікке толы Жібек арудың қабағына кірбің түсірмей келеді. «Екі жақсы қосылса, тең болады айменен» демекші, шырайлы шаңырақта төрт бала тәрбиеленіп, немерелер күлкісі күмбірлейді. Бәрінен бұрын оның «Көкше теа­трының анасы» деген абыройлы атағы бар. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.