Алғыс айту күніне арналған ашық есік күніне арқау болды
Кеше елордадағы «Astana Mall» сауда ойын-сауық орталығында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған ашық есік күні болып өтті. Айтулы шара қазақстандықтардың ерекше атап өтетін маңызды да тағылымды күніне айналып та үлгерді.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар мен қалалық этномәдени бірлестіктер өкілдері, Астана қаласы ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық тобы, аналар кеңесі мен қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын сақтап, дәріптеу. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Алғыс айту күніне арналған ашық есік күні туралы ойын былайша өрбітті: «Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған бүгінгі Ашық есік күніне қаламыздағы түрлі этнос өкілдері жиналып, өзара татулық, бірлік пен достықты, ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының дами беруіне, тәуелсіз және азат ел болып қала беруіне деген құлшыныстарын тағы бір мәрте көрсетіп отыр». Сонымен бірге, ойын-сауық орталығына жиналған қауымды халық шығармашылығының мол мұрасымен таныстыру да басты мақсаттардың бірі болса керек. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы этностардың шығармашылық дамуына жағдай жасауға оң ықпал етіп қана қоймай, дарынды орындаушылар мен кәсіби шығармашылық ұйымдарды анықтауға өзіндік себін тигізері айтпаса да түсінікті. Аталған ғимарат төрінде орнатылған сахнада әртүрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерімен жиналған көпшілікті ән мен биге бөледі. Бұл айтулы күнді атап өту Елбасының ұтымды да дер кезінде қабылдаған шешімі болғандығын ерекше атап кетті. Себебі, Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген этнос өкілдері Елбасы саясатына және қазақ халқына шын жүректен алғыс айтады. Өйткені, жан-жақтан қоныс аударып келген өзге этнос өкілдері Қазақ жерінен өз бақыттарын тапты.
Қазақстан әзербайжандары мәдени орталықтары одағының президенті Видади Салахов мұндай мерекелік шаралар этностар арасын жақындатып қана қоймай, этномәдени орталықтары өкілдерін өзара достастыратындығымен де бөлісе кетті. Шынтуайтында, бұл мереке елімізде тұрып жатқан барлық тұрғындар арасын бір бірімен жақындата түсу. Әрине, тарихи Отанын тастап, Қазақ даласына қоныс аударудың оңай болмағаны анық. Қазақ халқы өз басындағы қиындықтарға қарамастан, сырттан келушілерге көмек қолын созды. «Адами тұрғыдан келгенде де қазақ халқына алғыс айтуымыз өте орынды. Егер тарихқа көз жүгіртер болсақ, әзербайжандықтарды тарихи отанынан екі эшалонмен әкеткені мәлім. Соның бірі Сібірге жөнелтілсе, одан тірі қайтқандары жоқ. Ал Қазақстанға келген 60 мың әзербайжандықтың қазіргі саны 130 мың адамға жетті», деп атады В.Салахов.
Ашық есік күнінде елордалық этномәдени орталық өкілдері өз жетістіктерімен бөлісіп, сонымен бірге, бірлестіктер жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Бұдан басқа, этномәдени орталықтар өкілдері қолданбалы өнер, ұлттық аспаптарда ойнау және ұлттық билерді орындау бойынша шеберлік-сыныптар өткізіп, өз өнерлерін ортаға салып жатты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».