11 Наурыз, 2016

Сұлулықты жасайтын кәсіп

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG_5187Нұргүл Мақанова тігіншілікті осылай мақтан тұтады Тұрмысқа шыққалы жүрген бойжеткен Нұргүл Мақановадай шебер тігіншіні құрбыларынан естіпті. Бойжеткеннің қалаған жігіті дін жолындағы азамат екен, қалыңдығының дүкендегі иығы, арқасы ашық тұратын ақ көйлек кигенін ұната қоймапты. Сондықтан қалыңдық та – сәнділігі тұрмысқа шыққан құрбылары киген сол ақ көйлектерден кем түспейтін әрі дизайны сол көй­лектерден алыс та кетпейтін, бі­рақ, болашақ күйеуі ескерткендей, ашық-шашық болмайтын көйлек іздепті. Көңіліндегі ондай көйлекті дүкендерден таба алмаған. Сондықтан, соңғы үмітін үзбей Нұргүлге келеді. Екеуі той көйлегінің нобайын ұзақ отырып жасады. Жиырма жылдан аса тігіншілік тәжірибесінде оған мұндай сұраныс түспеген екен. Әйтпесе, талай қызға той көйлегін тігіп жүр. Нұргүл қалыңдықтың көйлегін ұлттық нақышты, еуро­палық стильдегі элементтерді араластыра отырып, көйлек нобайының бірнеше үлгілерінің суретін салды. Нәтижесінде   мо­йыны да, төсі де, арқасы да жа­бық, бірақ қалыңдыққа құйылып жарасқан, оны аққудай нәзік, тал-шыбықтай сымбатты етіп көр­сеткен көйлек дайын болды. Бой­жеткен мен болашақ күйеу бала Нұр­гүлге ақысын төлеп тұрып, алғысын айтты. – Дінді – имандылықтың, адам­гершіліктің қайнар бұлағы деп білеміз. Бірақ қыздардың, тіпті, тұмшаланып киініп алатыны дұрыс емес. Жастыққа тән сұлулықты неге жасыруымыз керек? Қазақ қыздарының сұлулығын ұлттық киіміміз одан сайын айшықтап тұрған ғой. Мен қалыңдыққа киім тіккенде қазақтың ұлттық киімінің жеке үлгілерін аламын, оны бүгінгі киім стилімен үйлестіремін. Бұл менің тапсырыс берушілеріме ұнайды, – дейді Нұргүл. Ол дизайнер емес, өзінің нәпақасын айырып жүрген қарапайым кәсіби тігінші ғана. Дегенмен, Нұргүлдің ойынша, әр тігінші өзінше дизайнер. Сұ­раныс жасап келген әр адамның талғамы, дене бітімі, әкелген матасы да түрлі-түрлі. Сондықтан, тігін­шінің әр күнгі еңбегі кішігірім шығармашылық тәрізді. Анасы Сәуле қаладағы құры­­лыс-жобалау институтында іс­тейтін жоғары білімді маман болатын. Нарық қыспағы қыс­қан жылдары жобалау институт­тарында мамандар шетінен қыс­қартылды, көптеген бөлімдері жабылып, Сәуле жұмыссыз қалды. Бірақ не нәрсеге де көнтерлі, төзім­мен қарайтын анасы сасқан жоқ, үйде тігінін тігіп отыра берді. Ол кезде Нұргүл мектепте оқитын. Еңбек сабағында ас пісіру, үйді күту, тігін тігу секілді қыздардың болашағына қажет іс үйретіле­тін. Ұстазы үйреткен істі Нұргүл үй­ге келіп, анасының қасында отырып жалғастырып жасайтын. – Мектеп қабырғасында жүр­генде-ақ мен өзіме көйлек тіге бастадым. Одан анам ешқандай қате таппайтын. Мектеп бітірген соң Қостанай қаласындағы №10 техникалық училищеге барып, екі жыл оқыдым. Сонда ұстаздар менің шебер тігетініме риза болып, маған сабаққа еркін қатысуыма рұқсат берді. Емтиханды да көңілдегідей тапсырдым, – дейді Нұргүл. Ол мектепті бітірісімен-ақ анасымен бірге кәсіби тігінші ретінде танылды. Дүкеннен көңіліндегісін көре алмаған қыз-келіншектердің, әжелердің барлығы да Нұргүлге келетін. Бұл үрдіс әлі күнге дейін үзілген жоқ. Қазір Нұргүл Мақанова Қос­­­­танай қаласындағы перде, жап­қыштар тігетін ательеде тігінші болып істейді. Мұнда да тұрғындардан түрлі сұраныстар түсіп жатады. Адамдардың тал­ғамынан шығу үшін және олардың сұранысына орай перде­лердің неше түрін тігеді. Олардың бөл­меге жарасымын іздеу де бір тылсым дүние. Нұргүлдің ойынша, перде де қыздардың сәнді көйлегі секілді, олар үйдегі жиһаздармен, дүние-мүлікпен үйлесім табуы тиіс. Бұл тұрғыда келген кісілердің қателеспеуі, талғамынан шығуы үшін өздерімен отырып, асықпай кеңеседі. – Тігіншілік кәсіп дегеніңіз жартылай өнер ғой. Адамның бойында аталған кәсіпке деген ынтызар­лық болмаса, бұл мамандық екі­нің бірін асау аттай аударып та­тайды. Осы мамандығым арқы­лы адам­дарға көмегім тиіп жүреді, өзімнің нанымды да тауып келе­мін. Бұл әйел затына Алланың берген бір кәсібі деп білемін, – де­ді қоштасарда Нұргүл. Иә, оның қолынан шыққан көйлегін тоздырған қостанайлықтардың барлығы да оған сый-құрметпен қарайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.