12 Наурыз, 2016

Ағайынды Абдуллиндер

1382 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
братья абдулинны-1Мүсілім және Ришат Абдуллиндердің туғанына – 100 жыл Қазақтың ән өнеріндегі жарқын жұлдыздар, кәсіби музыкалық театрдың белді әртістері, қазақ орындаушылық өнерінің хас шеберлері, КСРО халық әртісі Ришат Абдуллин мен Қазақстанның халық әртісі Мүсілім Абдуллиннің қазақтың өнер айдынында қалдырған іздері сайрап жатыр. Жұмысшы отбасында дүниеге келген ағайынды Абдуллиндер жастайынан өнерге құштарлығымен көзге түседі. Қайда жүрсе де өнерпаздарды тағдыр айдап 30-жылдардың басында Алматыдағы тұңғыш ашылған музыка  техникумына алып келді. Мүсілімнің өнердегі алғашқы қадамы туралы академик Ахмет Жұбанов өзі­нің естелігінде жақсы жазады. Жас та­лапкердің есту дәрежесінің аса жоға­ры­лығына, ән ырғағын бірқалыпты ұстаудағы нақтылығына, бір айтқанды бұлжытпай қағып алатын құймақұлақ зейініне таңғалғанын айтады. Қалада оқып жүрген Мүсілімді мықты виолон­челист жасамаққа музыкалық аспап класына, одан соң табиғи даусының аса сұлу, қуатты екенін естіп-тыңдап жеке әншілер класына ауыстырғандарын баяндайды. Академик А.Жұбанов әңгімесінен Мүсілім Абдуллиннің та­биғи өнерінің бастау қайнары қуатты екенін, әу бастан-ақ алғыр да алымды болғанын байқаймыз. Өнер, өмір айдынында қатар жүз­генімен Мүсілім өзінің дүниеге жиырма минут Ришаттан бұрын келген «ағалық» мінезіне салып, жол бас­тап отырған. Екеуін ажырамастай етіп магнитше тартқан күш – өнерге, му­зыкаға, ән салуға деген құштарлық болатын. Бұл сезімді олар өнердің ұзақ даңғылында абыроймен мәпеледі. 1931 жылы Алматы музыка техникумында дәріс алуды Мүсілім бастаса, көп ұзамай бұл ортаға Ришаттың келуі кәсіби му­зыкаға тұңғыш қадам басқан қос та­лапкерді бір бүтінге айналдырды. Ізін ала П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясы жанынан ашылған ұлттық студияларға 1935 жылы Орта Азия және Қазақстаннан тұңғыш қа­былданған студенттер қатарында Мү­сілім бірінші болып тұрды. Араға жыл салып осы оқу орнына Ришат та қа­былданып, қайта табысты. Консерватория қабырғасында орыс жә­не қазақ тілдерінде орындаған орыстың классик композиторлары – Глин­ка, Чайковский, Рахманинов, Бородин, Римский-Корсаков және Дар­гомыжский романстары қос әншінің шығармашылық өсу жолының үлкен бір белесін құрайды. Бұл әншілерді ғана өсіріп қоймай, жалпы қазақ аудито­риясын әлемдік-орыс классикалық жауһарларына баулу жолында жасалған үлкен ағартушылық жұмыстар болатын. Бұрын сан рет орыс тілінде тыңдап жүрген, жоғарыда аттары аталған ком­позиторлардың танымал романстары Мүсілім Абдуллиннің қазақ тіліндегі орындауымен тыңдарманға ерекше әсерде жетті. Әрине, бұл жерде аударма са­па­сының биік деңгейде болғаны аб­зал. Қалың қазақ тыңдармандарына әлемдік музыканың камералық сипаттағы шұ­райлы қабаттары бір табан жақындай түсті. Ұлт өнері мен мәдениетінің өр­кен­деуі 30-жылдардың алғашқы жар­­­­­­тысында республикаға талантты ұйымдастырушы, аяулы азамат – Темірбек Жүргеновтің ағарту комис­сары болып келуімен тікелей байланыс­ты. Оның ұйымдастыруымен Мәскеу қаласында өткен алғашқы өнер онкүндігі Қазақ музыкалық театрының қарқынды дамуына қозғау салды. Мемлекеттік опера және балет театры болып (1937 ж.) кейін академиялық (1940 ж.) мәр­тебе алуы ел өнерінің тұтқасын ұстаған биліктегі ағалардан, жас мамандар даяр­лау ісін тез арада жолға қоюды талап етті. Қазақ опера театрына 30-жыл­дардың аяғы мен 40-жылдардың басында келген әншілердің дені орыс, Еуропа ән орындаушылық мектебінен сусындаған таланттар еді. Халық кон­серваториясының іргетасын қалаған Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қа­шаубаев, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов, Ға­ри­фолла Құрманғалиев т.б. көптеген таланттар шоғырының ізін басқан жастар легі өз заманының биік өнерімен келіп, кәсіби ән орындаушылық өнердің тамырын тереңге салды. Соғыс алдында театрға оқыған білікті жастардың келуі ұлттық опера труппасына әлемдік және орыс классикасы үздік туындыларын сахналастыруға мүмкіндік берді, қазақ опера өнерінің қарыштап өсуіне септігін тигізді. Ағайынды Абдуллиндер өзіндік бағыт-бағдары айқындалып, іргетасы берік қалана бастаған ұлттық опера және балет театрымыздың жаңа орын­даушылық мектеп легінің алғашқы қар­лығаштары болып табылады. Опера өнерін әрі қарай дамытудағы сәтті шы­­ғар­машылық ізденістері, көптеген жаңа партиялар мен жаңа бастаулардың театрға тікелей енуі бұл әншілерге «бі­рін­ші» деген қосымша анықтама қалыптастырды. Театр труппасы жас әншілерді өзіне баурап, репертуардағы опералардан түрлі партияларды сеніп тапсырды. Мү­сілімнің алғашқы жеке орындаған партиясы «Қыз Жібектегі» Төлеген болса, Ришат «Бекет» операсынан Ол­жайды сахнада көрсетті. Бұл партиялар терең тебіреністер мен қызу тартысқа құрылған. Сахнада актер­лік ойын, сөзге көп мән бергендіктен жас орындаушыларға алғашқы сынақ оңайға түспеген. Күрделі бейнелерді толыққанды етіп сомдауда театр не­гізін қалаған аға буын әртістердің ақыл-кеңестеріне құлақ асқан олар, үлкен өнердегі өздерінің алғашқы шы­­ғармашылық қадамдары мен із­деніс жолдарын бастады. Бұл жерде жас әншілердің кәсіби-вокалдық дайындықтары мен аға буын танымал орындаушылардың сара жолы үлгісімен жүруі нәтижесінде ағайындылар қазақ музыкалық театр сахнасына лайық­ты талантты жастар келгендігін паш етті. Кейіпкерлерінің көркемдік обра­зын жан-жақты қырынан көрсету, олардың ішкі сезімдерін сахнадан майдан қыл суырғандай таратып беру – ағайынды Абдуллиндерге тән ше­берлік. Мұның ұшқыны келесі «Айман-Шолпан», «Жалбыр», «Ер Тар­ғын» т.б. операларын­да орындалған партиялар арқылы айқындалып, ірілене түсті. Осылай басталған сахна-ғұмыр буыны бекіп, қатая келіп Мүсілім мен Ришаттың шығармашылық ауқымын кеңейтті, олар театр репертуарындағы қырыққа жуық операда үлкенді-кі­шілі, алуан сипаттағы партиялар­ды дүниеге әкелді. Лирикалық дауыс табиғаты екі түрлі – тенор және баритон болып келетін ағайынды екі жігіт бір сахнада бір терінің пұшпағын иледі. Өмірде, талай концерттік сахнада бірге қос дауыста үйлесімді ән салып жүрген олар, опера сахнасына шыққанда түрлі мінезді кейіпкерлерге айналды. Олар: дос, әріптес, ағайындығы бар пар­тиялармен бірге қарама-қарсы антогонистік көзқарастағы, «жауласатын» кейіпкерлерді де қатар орындады. Бұл партиялар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Абай мен Әзім, Е.Брусиловскийдің «Дудар-ай» операсындағы Артем мен Сапар, М.Төлебаевтың «Біржан мен Сарасындағы» Қожағұл мен Серік, Қ.Қожамияровтың «Наз­гу­мындағы» Гүлмат пен Лю Чунь, П.И.Чайковскийдің «Евгений Оне­гиніндегі» Онегин мен Ленский, З.Палиаш­вилидің «Даисиіндегі» Киязо мен Малхаз, Дж Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсындағы Шарплес пен Горо, А.Рубинштейннің «Демон» операсындағы Демон мен Сино­дал т.б. болды. Бұған қоса Мүсілімнің орын­­дауындағы Төлеген, Сержан, Арыс­тан, Қайрақбай, Меркуцио бей­нелері сыршыл, лирикалық нәзіктігімен, те­реңдігімен өз тың­дармандарын баураса, Ришат орындаған Амангелді, Сүгір, Жермон, Эскамильо партияларының әр­қайсысы қазақ опера сахнасының қайталанбас жарқын беттері болып тарихта қалды. Ағайынды Абдуллиндердің ұзақ та жемісті өнер жолы жайлы қалам тарт­қанда, зерттеушілер міндетті түр­де тоқтап, әркім өзінше жан-жақ­ты ашу­ға тырысатын үлкен партия, ол – Ришат сомдаған ұлы Абайдың бейнесі. Бұл операның алғашқы жарты ғасырлық тарихында Абай бейнесін бірнеше тамаша әншілеріміз сахнада сом­даған екен. Жас орындаушылар­ды айтпағанның өзінде, Ермек Сер­кебаев, Мұрат Мұсабаев, Ғафиз Есі­мов Абайлары – жеке-жеке сараланып, зерттеуді қажет ететін бөлек та­қы­рыптар. Солардың ішінен Абайды көрермен-тыңдаушыларына етене жа­қындастырып өзіндік орындауымен ұрпақ санасына өшпестей із қалдырған әнші – Ришат Абдуллин еңбегі ерекше көрінеді. Әншілердің 80 жылдық салтанатты кешінде сөйлеген күміс көмей танымал әншіміз Бибігүл Төлегенова: «Ришат Абай партиясын бірінші орын­даған озық әнші болып тарихта қала бермек», – деген еді. Сол айтқандай, қан­ша Абай галереясының ішінде классикалық ұғымдағы қазақ таныған ғұлама Абай осы орындаумен елдің жүрегінен орын алды. Ұлы ойшылдың 100 жылдық мерейтойына арналып қойылған бұл спектакльдің жиырма сегіз жастағы орын­­даушыға жүктер жауапкершілігі зор болды. Ақын, философ, композитор, өзге де әр алуан қырлары мол ой­шылдың шынайы келбетін, біздің ойымызша, музыкалы театр сахнасы толық ашса керек. Абайдың сыршыл да нәзік поэтикалық әлемі мен әсем де әрлі ли­рикалық әндері, терең қара сөздері музыкалық бейне жасауға сұранып тұр емес пе?! Композиторлар операда Абай жан-дүниесін ашуға төл әндерін сәтті қолданып, ақынның сахна­лық бей­несін өз тілінде сөйлете алған. Абай партиясының жұмбақ жанның жүрегіне терең бойлатар тұстары – опера партитурасының ең шұрайлы жазылған беттері. Талай ұрпаққа рухани азық болар бұл операның сахналық ғұмыры ұзақ болуының сыры да осыдан болар. Ришат Абай рөлін орындау үшін көп ізденіп, еңбектенді. Әнші кейіпкерінің ішкі психологиялық толғаныстары мен сыртқы пластикалық іс-әрекеттерін үйлестіретін ұтымды мизансценалық әрекетке толы көңіл-күй тебіреністерін терең ойластырған. Сонымен бірге, әнші кейіпкерінің сырт келбеті, бейнелік ұқсастығын табуға жіті назар аударады. Р.Абдуллин Абайы бар қазақтың панасы, қамқор аға, ғұлама, ұлағатты ұстаз. Әншінің сахнадағы әрекеті сабырлы да ұстамды. Ойға бағынған бейнеде тұтастық бар. Оның құлаққа жұмсақ, жағымды естілетін интонациялық бояу­ға бай дауысы кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін беруде үлкен рөл атқарып тұр. К.Кенжетаев, Қ.Жандарбеков, та­ғы басқа замандастары Ришат туралы естеліктерінде операдағы ән-арияларды Р.Абдуллин «сиқырлы» дауысымен әрлендіргені, шоқ­­тығын көтергені туралы бір ауыздан жазды. Әншінің әуезді дауысы мен орын­даушылық шеберлігін сан қырлы етіп жарқырата көрсеткен көптеген ізденістер нәтижесі орындаушы мен кейіпкерді біріктіріп, ажырамас ұғымға айналдырды. Операны қоюшы-режиссер Қ.Жандарбековтің сәтті ойластырған сахналық шешімі жайлы айтпай кете алмайсың. Опера финалындағы мизансцена құрылымы режиссер шешімінің қарапайымдылығымен үлкен ой тас­тайтын, спектакльдің ең жарқын бет­тері. Сүйікті шәкірті Айдар өлімі тұра­ла­тып кеткен Абай – Абдуллин «тау қал­ғыған қараңғы түн» қойнауынан қолындағы әлсіз шам жарығымен қа­раңғы түнекті тіліп, жол іздеп, сахна төріне – өрге қарай батыл қадам баса­ды. Ришат – Абай жалғыз да болса күрес­пекке, айналасына сәуле шашпаққа бекінген жан ретінде көрермендер жү­регінде мәңгіге қалды. Ұлы Абай бей­несі – әншінің кейінгі толқын орын­даушыларға үлгі боларлықтай ең толымды жұмыстарының бірі. Әншілердің заманы композиторлар және ән-орындаушылық өнеріне жаңа талаптар қойып отырды. Осы кез­де кеңестік дәуірдің кең тараған «көп­шілікке арналған ән – массовая песня» жанры деген сұраныс күшті болды. Ол соғыс тақырыбы, тың көтерушілер, ек­­пінді құрылысшылардың рухын көтеретін, халық қосылып айта кететін, тез жатталатын танымал туынды­лар. Қос әнші өз репертуарын ел ішіне ке­­ңі­­­нен тараған халықтық, халық ком­позиторларының әндерінен және замандас композиторлар шығармаларынан тұратын концерттік бағдарламалармен жаңартып, толықтырып отыруға көп көңіл бөлген. А.Жұбановтың әншілер шы­ғармашылығы жайлы нақтылы әрі дәл пікіріне қайтадан құлақ түрсек: «Меніңше, бұл екі қайраткерлердің үл­кен еңбектері концерттік салада жатыр... Әдетте, опера әртістерінің концерттік нөмірлері санаулы болады, көбіне бір-екі «кезекші» нөмірден аспайды. Ал, Мүсілім мен Ришатқа келсек, бұлар концерттік бағдарлама жағынан өте бай, жан-жақты суреткерлер» деп өте жоғары баға береді. Репертуарында үш жүзден артық қазақ, татар халық әндері бар Ришат пен Мүсілімнің орындауындағы «Зәуреш», «Қызыл бидай», «Тілеуқабақ», «Екі жирен», «Шәпибаяу», тағы да басқа ән­дер, халқымыздың ән қорының ін­жу-маржандары өзге орындауларға ұқ­самайтын сыршылдығымен, нәзік бояу-бедерімен тыңдармандарын тәнті етеді. Қазақ ән орындаушылық өнерінде ағайынды Абдуллиндер атымен тікелей байланысты дамып, кең өріс алған сала – классикалық дуэт (екі дауыста қосыла айту) үрдісі. Замандас композиторларымыз жаңа шығармасын болашақ орындаушысымен кеңесіп, сол нақтылы дауысқа, әнші диапазоны мен үніне жататындай етіп жазады. А.Абдуллиндер орындауында құлаққа майдай жаққан тамаша дуэттер, жеке әндер композитор мен әншілердің өзара шығармашылық одағы нәтижесінде дүниеге келгеніне кү­мән келтіруге болмайды. Олар: А.Жұ­банов, Е.Брусиловский, М.Төле­баев, Б.Байқадамов, Қ.Мусин, С.Мұ­хамеджанов, тағы басқа композиторларымыз шығармашылығына, олардың ән, романс, дуэттерінің жазылуына себеп болған. Қос әнші дауыстарының бояуы мен ұшқырлығы, өзара әуезді үйлесім табуы өмірде сирек кездесетін, табиғат берген үлкен сый-бақыт. Олар қосыла шырқағанда тыңдармандарын аруақтандырып, арқаландырып жібе­рер «Менің Қазақстаным», «Қызыл қырандар», «Теміртау жастарының маршы» немесе бойыңды балқытып сөзбен жеткізіп болмас тылсым әсерлерге жетелер «Тербеледі тың дала», «Туған жер» секілді шығармалар Қазақ радио­сының «Алтын қорына» қосылды. Тың­даушының жүрек қылын шертіп, ерекше баурайтын қос дауыс бірде жер бауырлаған қоңыр қаздай қалықтаса, бірде көкке атылған қырандай шиыршық атып шыға келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін әншілер жетпісінші жылдары қос дауысты сиқырлы үнге құлақ құ­ры­шын қандырған әнқұмар қауымды елең еткізіп, үш дауыспен айтатын болды. Бұл трионың үшінші мүшесі – жас ән­ші Ришаттың ұлы Заур Абдуллин болатын. Ән мен жырдың сыр-сандығын ала келетін ағайынды Абдуллиндердің кон­церттері өнерсүйер қауымның шы­найы мерекесіндей болып, рес­публиканың түкпір-түкпірінде зор ықыласпен өте­тін. Халыққа талантымен, еңбегімен та­нылған жандарға «сүйікті әртіс» деген атақты халық өзі теліп, концерттерін тыңдарманы іздеп барып тыңдайтын. Олар­дың қазақ ән орындаушылық ке­ңістігінде қалған жарқын ізі, театр сах­насындағы жасаған көркем образдары, қайталанбас әуезді үні бүгінгі тың­дармандардан алыстап кетсе-дағы Ұлттық радио мен теледидардың «Алтын қорында» сақталып қалды. Өнер дария­сында қатар жүзген Абдуллиндердің биыл той­ланып жатқан бір ғасырлық мерейтойы қазақ өнерінің, соның ішінде операның, ән орындаушылық өнердің алтын әріптерімен жазылған беттері. Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің қызметкері, өнертану кандидаты, театртанушы. Алматы.