15 Наурыз, 2016

Шикізаттан – өңдеуге

586 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шартты суретШығыс өңірінде өндірісті өрістетуге ғылыми әлеует пайдаланылады Шығысқазақстандық ға­лымдар мен өнеркәсіпшілер ірі жобаларды іске асыру үшін күш біріктірмек. Яғни, өңірде бірқатар жобаларды жүзеге асыра отырып, металлургия саласындағы шикізат бағытынан өнімдерді қайта өңдеуге көшу қарастырылуда. Бұл экономика, экология, әлеумет және басқа да салаларға оң әсер ететіні анық. Алдағы уақытта аймақтағы өндірістік кәсіпорындар мен ғалымдардың одағы шетелдік консалтингтік компанияларды тарта отырып, аталған жоспарды жүзеге асыратын болады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында мәлім болды. Отандық және шетелдік зерттеу институттары мен құрастыру бюролары дайындаған оннан астам жобаның іске асырылуы аймақтың шикізат бағытынан өнімдерді қайта өңдеуге өтуіне ықпал етеді. Аталған жобалар медицина, мұнай-газ және өндірістік технологиялық қалдықтарды қайта өңдеу мен пайдасы төмен кен орындарынан бағалы металдар шығаруға бағытталған. Облыс әкімінің айтуынша, өндірістік кәсіпорындарға енгізілетін инновациялық жобалар арқылы ел экономикасымен бірге тұрғындардың да ахуалын жақсарту көзделіп отыр. – Инвестициялар және даму министрлігі қазіргі кезде қаржыландыру тетігін анықтаумен айналысып жатыр. Жақында біз бұл бағыттағы жұмысымызды бастаймыз. Өздеріңізге ұсынылып отырған жобаларға сеніммен қараймын. Себебі, қазақстандық ғылымның мүмкіндіктері зор. Мұны жүзеге асыру үшін кәсіпорындармен бірге дұрыс іс-қимыл жасай білу қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, бұрын жоғары оқу орындары теориялық білім мәселелерін шешумен, ал өндірісшілер өз мәселелерін өздері шешумен шұғылданып, екі арада тығыз байланыс болған жоқ еді. Бүгінде облыс басшылығының бастамасымен осы олқылықтың орнын екі жақтап толтыруға болады. Яғни, университет тарапынан жобаны жетілдірудің инновациялық бөлігі мен технологиясы анықталса, өндіріс тарапынан оны тексеру, енгізу және қолдану мәселесі шешілуі тиіс. Сондай-ақ, аймақта медицина бағытындағы құралдарды, яғни жоғары технологиялық жабдықтар, баяу балқитын металдар мен оның қоспасынан тантал, ниобий, титан сынды импланттар шығару жоспарланып отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлан Мусин өңірдің шикізат әлеуетін тиімді пайдаланып, өнімдерді өзімізде өндірудің өзгешелігіне тоқталды. Мәселен, Қазақстанда бірегей кәсіпорындар көптеп орналасса да көп көлемдегі шикізат шетелге шығарылады. Оның орнына сол материалмен магнитті-резонансты томограф сынды жоғары технологиялы жабдықтар жасауға болады. Әрине, МРТ аппаратын әйгілі компаниялар өндіреді. Дегенмен, оның негізгі шикізат көзі Шығыс Қазақстанда әзірленеді. Осы сияқты Үлбі металлургия зауытының да бірегей өнімдер шығарарлық әлеуетін толығымен пайдалану қажет. Бұл ретте өңір басшысы ғылым мен өндірістің оң бағытта дамып келе жатқанын, сондықтан өзге елдерде жасалып жатқан дүниелерді шығарамыз деп шамадан тыс тыраштанудың пайдасыз екендігін, соның бір қажетті бөлшегін өндіріп те әлемдік нарықта өз орныңды белгілеуге болатынын жет­кізді. Сонымен қатар, отырыс барысында байыту фабри­ка­ларының тұрып қалған тех­нологиялық қалдықтарын қай­та өңдеу, хлорлы өнеркәсіп қалдықтарын пайдалана отырып, жаңа өнім алу жобалары қаралды. Бүгінде өңірдегі кәсіпорындардың бірінің ау­мағында 90 миллион тоннадан астам қалдық жиналып қалған. Осы орайда, ғылыми институттар мен металлургтердің барлық әлеуеті қоршаған орта­ға зиянды қалдықтардан пай­далы заттарды бөліп алып, топырақтың құнарлылығын қайта қалпына келтіруге ба­ғыт­талатын болады. Об­лыс әкімі айтып өткендей, мұн­­дай жоба Қазақстанның басқа кә­сіп­орындары үшін де тиімді болмақ. Өйткені, бұл арада миллиардтаған тонна қалдықтарды пайдалану мәселесі күн тәртібіне шығарылады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.
Соңғы жаңалықтар

«Сары тентек» сарыны

Әдебиет • Кеше

Ұлытау ұлары

Тұлға • Кеше

Тағдыр тәпсірлері

Әдебиет • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Абай тапсырған асатаяқ

Жәдігер • Кеше