Жақында кейіпкеріміздің авторлығымен жарық көрген «Құт» атты кітап қолымызға түсті. Мұнда Қуаныш Мақсұтовтың өлеңдері, бардтық әндері мен көсемсөзі топтастырылған. Айтыста атағы шыққан ақынның бұл жолы жазба поэзиядағы көркемдік өрісіне арнайы тоқталып, танымдық талдау жасауды жөн көріп отырмыз.
Шығармашылық зертханадағы қаламгерлік қайнар тақырыбын зерттеуден алдын интермәтін ұғымымен таныс болған жөн. Асылында, кез келген шығарма өзінің иесіне (авторына) басыбайлы тиесілі ме? Иә, десеңіз әдебиеттанушы Ролан Барт сізді теріске шығарады. Ол айтады: «мәтін – өзінің әуелгі тегін жоғалтқан көптеген мәтіннің өзара астасуы», «осылайша, әрбір мәтін – асылында, интермәтін», деп және қосады. Демек сіз бен біздің жазған, тіпті ойлаған дүниеміз – бізге дейінгі жинақталған тәжірибелердің қайта жаңғыруы. Неміс философы Ханс-Георг Гадамердің сөзінде жоғарыдағы ойға тиянақ табамыз. «Кез келген сөздің мағынасы оның өзінде емес. Ол (сөзді айтады) өзінен бұрнағы айтылған сөзге және кейінгі айтылар сөзге сілтеме жасайды. Осылай болғанда ғана сөз өзінің түпкі мазмұнына жетеді» дейді ол. Мұқағали тілімен айтқанда, ақын – күпі киген халық өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарушы.
Кез келген қаламгердің шығармашылық үдерісіндей, Қуаныш Мақсұтов өлеңдерінде де әуелі халық ауыз әдебиетінің, одан кейін өзі оқыған аға буын өкілдерінің бедері көрінеді.
Ақын өнердегі алғашқы қадамын айтыс сахнасынан бастағаннан кейін, өлеңдерінде байырғы жыраулардай арнасынан асып-тасып жатқан тасқынды байқауға болады. Кей тармағында буыннан асып кетеді, кей тармағында саналы түрде тежейді. Алайда барлығында да музыкалық ырғақтың, өзара үйлесімдік, жағымды жарасымдылықтың үлгісін көресің.
Қуаныш Мақсұтовтың өлеңдеріндегі негізгі салмақ көркемдікте емес, оның қайшылықты идеясында. Бұл тұрғыда Қадыр Мырза Әлінің стилі аңғарылады:
«Сұлулар өте бергенде,
Сүзіле келіп қарайсың.
Әдемі қызды көргенде,
Ақылды қызды аяйсың!»
десе, Қуаныш Мақсұтов бұл ойды дамытып, тереңдетіп әкетеді.
«...Жылап, жұбанып, тасынам,
Жыр болып жұртқа ашылам...
Ақын жігітті көресің
Бақытсыз қыздың қасынан».
Әрине, мұнда ақын жанының трагедиялық күйін түсіндіру идеясы тұр. «Ақындар адамзатпен дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжанның мұңы жатыр мұнда.
Қуаныштың бұғаулыққа сыймайтын асау басы махаббат тақырыбына келгенде жуасиды, жұмсарады. Исраил Сапарбай тәржімалаған Сергей Есениннің өлеңі ойымызға оралады:
«Қанша күнді қалғып-мүлгіп қарсы алдым,
Қанша күннің құрдымына құйылдым...
Алғаш рет махаббат деп ән салдым,
Алғаш рет тентектіктен тиылдым».
Ақын ондай жағдайда өзін жермен жексен етіп жерлейді. Лирикалық кейіпкерін құдайлық деңгейге көтеріп, өзін толық бағыштайды.
«Мен – Ұсқынсыз!
Сен – Сұлусың керемет!
Ойсыз тобыр іздемейді мені елеп.
Бар мақсатым – Сені алаңсыз аймалау,
Одан артық маған арман не керек?»
Осы тұста ақынның психологиясынан Виктор Гюгоның «Париж Құдай-ана ғибадатханасы» романындағы Квазимодоның мінез-құлқын аңғарамыз. Ол айтады:
«О, Люцефер, рұқсат бер бір сәт қас қағым,
Сипайын қолмен Эсмеральда шаштарын».
Иә, қазақтың белгілі ақыны Қуаныш Мақсұтов шығармашылығына арналған талдауымыздың бір ұшқыны – осы. Алдағы уақытта автордың қаламынан тағы да тұрпаты бөлек тұжырымға толы өлеңдерін күтеміз.