Облыс орталығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың өкілдері Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте болды. Олардың назарына Enactus PSU атты студенттердің стартап-жобалары ұсынылды. Бұған дейін оқу орнында «Бизнес және білім беру» тақырыбын арқау еткен «Студент жастар бизнес-бастамаларының» форумы да болып өткен-ді. Оған еліміздің өңірлерінен студент жастар, бизнес серіктестер, мемлекеттік орган қызметкерлері, белгілі кәсіпкерлер қатысты. Мақсаты – бизнес және білім берудің серіктестігі мен жастар кәсіпкерлігінің дамуы, жеке бизнесті ашу мүмкіндігі мен бизнесті жүргізу қабілетін ұштау, аға буынның кейінгі толқынмен кәсіпкерлік әрі менеджмент тәжірибесін бөлісу. Форумда Enactus Kazakhstan өңірлік өкілдігі ресми түрде ашылды. Ректор Арын Өрсариевтің айтуынша, университетте ашылған Enactus Kazakhstan өңірлік өкілдігі студенттердің іскерлік, әлеуметтік ұстанымдарының анықталуына және бизнес алаңына нақ қадам жасауына ықпал етпек.
Яғни, бұл танымал халықаралық ұйым жергілікті студенттердің де ой-армандарының орындалуына себепші болмақ.Олардың кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, бизнеспен айналысуына мүмкіндік беріп, жас кәсіпкерлер арасында түрлі байқаулар, тренингтер өткізеді. Форум жұмысына Enactus Kazakhstan Президенті Альбина Ержанова, облыстағы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жергілікті филиалының директоры Ерқанат Әбенов қатысты. Көпшілік назарына «Печа-куча» форматындағы «Менің кәсіпкерліктегі жолым» атты студенттік бизнес-жобалардың көрмесі ұсынылған болатын. Бұл жолы университетке жолы түскен Қор басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров та машина жасау және металлургия, агроөнеркәсіп және энергетика факультеттерінде білім алып жүрген студенттердің үздік жобаларымен танысты. Жалпы, бұған дейін университет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын-ды. Енді осы келісімдер аясында «Кәсіпкерлікті ашуды қолдау бағдарламасы» және «Студент-жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағыттары» бойынша іс-шаралар жүзеге асады. Студенттер аудиторияда жүріп-ақ, мамандар жүргізетін семинарларға қатысып, тәжірибелі бизнес-тренерлердің жетекшілігімен өздерінің қабілет-қарымын шыңдайды. Кәсіпкерлік саланың қыр-сырын үйренеді. Жобаның түлектеріне бизнесті құру және дамыту, бизнес жоспарлар дайындау, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелу, «Даму» қорының қолдауына ие болу үшін құжаттар дайындау және өтінім беру жөнінде кеңес беріледі. Олар сайт ашуды, жарнамалық мәтіндер жазуды, баннерлер жасауды, өтім саудаға сараптама жасау, маркетингтік акциялар ұйымдастыру, ғаламтор арқылы өз қызметтерінің ақысы мен тауарларды алуды үйренеді. Университет ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, «Даму» қоры студенттерге университетте білім ала жүріп, кәсіпкерліктің негізін үйренуге жақсы мүмкіндіктер ұсынуда. Бұл олардың алдағы өмірлерінде кәсіпкерлік саласына араласуға және бизнес-жобаларын іске асыруларына үлкен қолдау болады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.