Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұйғырдың ақын қызы Патигүл Махсатовамен әңгіме
– Патигүл, сұхбатымыздың тақырыбы өзіңіздің «Қазақ досыма» деген өлеңіңіздің бір шумағынан алынды. Әңгіме арнасын осыдан бастасақ, қалай қарайсыз?
– Өте дұрыс. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын биылғы мерекелі жылда сұхбаттасып отырғанымыздың өзі де сол Қазақ елінің ақжолтай азаттығы мен елдегі халықтар достығының арқасы емес пе. Әрине, кім-кімге болсын халқының азаттығынан артық бақыт, елінің ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігінен ұлы мереке болмаса керек. Кіндік қаным кең-байтақ қазақ даласына тамған мен де Қазақстанды өзімнің Отаным, қазақ халқы қол жеткізген сол бақыт өзімнің төл бақытым деп есептеп, Тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуын қалаймын.
– Ендеше, сол кіндік қаныңыз тамған туған жер, мәпелеген ата-ана мен өскен орта тағылымы жайлы шертер сыр да аз болмас...
– Иә, Отан отбасынан басталады десек, мен Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Ұзынтам деген 15-20 отбасы мекендейтін, мәдени ортадан алысырақ шағын ауылда туып өстім. Отан соғысынан жарақат алып оралған әкем Мәсім Махсатов партияның пәрменімен аудандағы бірнеше мектепте жұмыс істеп, кейін осы ауылда бастауыш мектеп ашып, елдегі сауатсыздықты жоюға атсалысыпты. Әкем бізге соғыс туралы да, көрген қиыншылықтары туралы да ешқашан айтқан емес. Біз де жаспыз ғой, сұрамаппыз. Анамның айтуынша, олар Ұзынтамға көшіп келіп, екі бөлмелі ат қорасын тазалап, жөндеп, бір бөлмеде өздері тұрып, екіншісінде әкем балаларды оқытқан екен. Заты қора болғандықтан, терезелерде жақтау да, әйнек те жоқ, анам газеттерді қиып жабыстырып, әйтеуір жоқтан бар жасап күн кешіпті. Суық түскенде әкем 30 шақырымдай жердегі аудан орталығынан терезе жақтауларын иығына артып жаяу алып келген екен. Жаңбыр жауған күндері мектеп деп аталатын бөлменің төбесінен тамшы өтіп, анам сол жерлерге үйде бар ыдыстарды қояды екен. Майданда жүріп: «Егер мылтықтың үнін естімесем, бекерге жұмыс істесем де мейлі», деген әкем сөзінде тұрып, қыстақтағы малшылардың балаларын жинап әкеліп күндіз оқытса, соғыстың кесірінен оқи алмай қалған үлкендерді кешкі мектепте оқытыпты, сабақтан бос кезде балаларды ертіп апарып егістік жұмыстарына көмектесіпті. Кейде балалардың сабақта отырып аштықтан көздері қарайып құлап түскенін көріп жылап жіберіп, өзі аш болса да, өзіне берілген нормасын сол балаларға бөліп беріп, солардың аман қалуына себеп болыпты. Анамның әңгімесін тыңдап отырып, көз алдыма Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғаліміндегі» Дүйшенді елестетіп, әкемді аяп кететінмін. Біз адам болып, әке қадіріне жеткенде, әкем жоқ-тын. Ол 38 жыл табан аудармастан өзі ашқан мектепте жұмыс істеп, бары-жоғы 56 жасында өмірден өтті. Әкем дүниеден өткеннен кейін біз Ұзынтамнан көшіп кеттік. 1996 жылы Ұзынтам мектебіне Мәсім Махсатовтың аты берілді. Әр жыл сайын Жеңіс күні қуанышы мол балалығымның ізі қалған ауылымызға барғанда, мені әкемнің мұңлы қабірі мен сырлы мектебі күтіп алады...
Кезінде сол ескі мектепте әкемнің алдынан оқып білім алған шәкірттері еліміздің дамуына бір кісідей үлес қосса – ұстаз еңбегінің бекерге кетпегені. Олардың арасында әділет-құқық саласында жауапты қызметтер атқарған, заң ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Ілияс Бақтыбаев та бар. Ол кісі бастауыш сыныптарда оқып, анасы қайтыс болғаннан кейін басқа жаққа көшіп кеткен екен. Арада 40 жыл өткенде, біздің отбасымызды іздеп тапты, анаммен кездесіп, өз анасы туралы, менің әкем туралы ұзақ әңгімелесті.
– Осы арада тілі мен діні, ділі де бір ұйғыр мен қазақтың туыстығы, достығы, ежелден бергі ынтымағы туралы әдемі әңгіме өріліп кеткендей екен...
– Менің бойымда достық деген түсініктің қалыптасуы отбасымнан басталды, әрі сол ауылда өткен балалық дәуреніме тікелей байланысты. Ауылымыздағы тұрғындардың бәрі қазақ пен ұйғырлар, бір ғана орыс бар еді, оның өзі де кейін келген. Үлкендер қуанышты да, қайғыны да тең бөлісетін. Оларға қарап біз де солай тәрбиелендік. Ол кездерде мұғалімнің абырой-инабаты жоғары болғандықтан, ауылымызға аудан, облыстан келген басшылар көбіне біздің үйде күтілетін. Олардың ішінде әкем Құрман аға Қожахметов, Ұзақ аға Таубалдиндермен жақын араласып, сыйласып өткен. Ал әкемнің жақын досы, тамыры Әбдімәжіт аға Бектемісовтың отбасымен арадағы достықты біз, балалары бүгінге шейін жалғастырып келеміз.
Ұйғырда: «Үй алғанша, көрші ал», деген жақсы мақал бар. Әке-шешеміз көршілермен жақсы араласып өтті. Біз де, ауылдағы көршілес қыздар бір-бірімізді қазақ, ұйғыр деп бөлмей, бәріміз құрбы, дос болып, тату-тәттілікте бірге ойнап, балалық құпияларымызды бір-бірімізбен бөлісіп өстік. Олардың ішінде көршіміз Рысмолда ағай мен Нұрғайша тәтенің қызы Советхан да бар еді. Рысмолда ағай дүниеден жас кетіп, Нұрғайша тәте сегіз баламен жесір қалғанда, анам: «Нұрғайша жалғыз өзі балаларын қалай бағады?» деп олардың қайғысын жеп, күнде таңертең сол балаларға сүт-айранын беріп жататын. Бәріміз әкесі қайтқаннан кейін жарық дүниеге келген Сарқытгүлдің домбырада «Ақ бұлақ» әнін айтқанын тамашалап, анам Нұрғайша тәтемен, мен құрбы досым Советханмен шүйіркелесіп, түн ортасы ауғанша әңгімеміз таусылмайтын.
Кейін біз Ұзынтамнан қоныс аудардық. Жылдар өтіп, туыстарына бауыр басқан Нұрғайша тәте де балаларын алып Талдықорған жаққа көшіп кетсе де, жолдың алыстығына қарамай менің тойыма келіп – қуанышқа, ағаларым дүниеден өткенде – қайғымызға ортақтасты. Нағыз достық деген солай болу керек деп ойлаймын.
– Балалық шақ оқиғалары ақындық сезіміңіз оянуының бастау-бұлағы болған шығар?
– Менің ақын болуымда анамның әсері зор деп ойлаймын. Анам соғыстың кесірінен жеті-ақ сынып бітірсе де, өте сауатты еді. Әкем аудан орталығына жиналысқа кеткен кездерде балаларды анам оқытқан екен. Отбасыдағы біздің, алты баланың білім алуымыз да анамыздың арқасы. Өзі жоғары білім ала алмай қалғандықтан, біздің оқып адам болуымызға күш-жігерін жұмсады.
Өлең жазбаса да бір-бір шумақ қошақтарды айтып тастап отыратын. 22 жасында қатты ауырып, ауыр дертке ұшыраған анам бүкіл уайымын кітап оқып жеңген еді. Өмірінің соңына дейін қолынан кітап-газет түспеді. Абайдың шығармашылығын, «Абай жолы» романын жақсы білетін. Абай өлеңдерін жатқа айтатын. Ауданымызда ұлы ақынның 150 жылдығы атап өтілгенде, анам жасының егделігіне қарамай, сайыста Абай өлеңдерін оқып, жүлделі орынға ие болғаны бар.
Мектепте математика пәнін жақсы көретін едім. Мұғалімім мені математик болады деп үлкен сенім артқан. Әкем де ұстаз болғанымды қалаған еді. Мектепті бітірген жылы институтқа түсе алмай, Алматы сауда техникумына емтихансыз қабылдандым. Оқуды бітіріп, Шонжыға барып аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде есепші болып істеп жүргенде, ауылдан: «Әкең қайтыс болды», деген суық хабар келді.
Осыдан кейін жұмыстан шығып, ауылда жалғыз қалған анамның жанына қайтып бардым. Қазір қалай екенін білмеймін, ол кездерде көршілер қорадағы қой-ешкілерін кезекпен бағатын еді. Әр үйге кезек он күнде бір келетін. Кезегіміз келіп, қой бағып жүрген күндерімде, көк шөптен кілем төселген, гүлдер жайнап ашылған далада әкем барда өткен бақытты күндерді ойлап, дәптеріме өзімше өлең жазып отыратынмын...
Арада 2 жыл өткенде, 1980 жылдың жазында газеттен ҚазПИ-дің филология факультетінде ұйғыр бөлімінің ашылғаны туралы құлақтандыруды көзім шалып қалды да, анама: «Шонжыға барам», деп айтып, өзім Алматыға оқуға кеттім. Бағым жанып, оқуға түстім.
– Баспа бетіне алғашқы өлеңіңіз қашан шықты?
– 9-сыныпта оқып жүрген кезімде бірінші рет «Бақыт жұлдызым» деген махаббат туралы өлең жазып, Алматыда ұйғырша шығатын «Коммунизм туғи» (қазір «Ұйғыр авази») газетіне хатпен жібергенім бар. Сонда маған: «Өлеңіңізді алдық. Онда поэзияға қарағанда прозаизм басым. Аудандық газеттегі әріптестерге көрсетіп, ақылдасыңыз», деген жауап келген. Содан кейін жазған өлеңдерімді ешкімге көрсетпеген де, жібермеген де едім.
1981 жылы, 1-курста оқып жүргенде «Өшпесін» деген өлеңім алғаш рет газетте басылды. 1983 жылы бірқатар өлеңдерім ұйғыр әйел ақындарының «Аналар дауысы» атты ұжымдық жинағында жарық көрді.
– Сөйтіп, өлең өнеріне жақындай берген екенсіз-ау. Өрісіңіздің кеңеюіне кімдер әсер етті?
– Менің ақын болып қалыптасуым ұйғыр бөлімінде білім алуыммен тығыз байланысты. Кім біледі, егер осы оқу орны ашылмаса, мүмкін, ақын болмас едім. Бұл бөлімнің ашылуы да қазақ-ұйғыр достығының бір көрінісі екенін кейін білдік. Сол жылдары ҚазПИ проректоры болған академик Серік Қирабаев өзінің жақын досы, Ұйғыртану институтының директоры академик Қожахмет Садвақасовпен бірге ұйғыр бөлімінің ашылуына атсалысқан екен. Студент кезден-ақ маған Алматыдағы әдеби-мәдени ортаның әсері зор болды. Сол жылдары О.Жамалдинов, М.Абдрахманов, С.Моллаудов деген ұстаз ағалардың арқасында бұрын кітаптары арқылы білетін көптеген ақын-жазушылармен кездесуге, пікірлесуге кеңінен мүмкіншілік ашылды. Олардың қатарында Х.Абдуллин, И.Бахтия, Қ.Тохтамов, Т.Тохтамов, С.Маматқулов, Д.Ясенов, А.Дулятов, Р.Розиев, т.б.бар.
– Ал ғылымға қай кезден бастап бет бұрдыңыз?
– Оқуды бітіріп, 2 жыл мектепте жұмыс істегеннен кейін ұстазым, академик Қожахмет Садвақасовтың шақыруымен өзім білім алған институттың ұйғыр тілі және әдебиеті кафедрасына оқытушы болып орналастым. Жұмыстан қол үзбей ғылыммен айналыстым. Диссертацияма филология ғылымдарының докторлары Өтеген Күмісбаев пен Махмут Абдрахманов жетекші болды. Көрдіңіз бе, мен ауылда қалыптасқан достық ұғымын осылайша өмірде тең жалғастырып алып жүрдім.
1998 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Ұйғыр поэмалары. 60-80 жылдар» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Сол кезде бұл институттағы Серік Қирабаев басқаратын әдебиет бөліміндегі ғалымдар мені жан-жақты қолдап, оң пікір жазған еді. Қожахмет Садвақасов өмірден өтсе де, Серік аға Қирабаев оның ғылым жолындағы көптеген шәкірттерін қолдап, шын достықтың, ғылымға адалдықтың үлгісін көрсетті. Бірінші кітабым – «Өмір шындығы – шабыт бұлағы» атты әдеби-сын мақалалар жинағым 1998 жылы жарық көрді. Әйел адам үшін ғылым мен өлеңді тең алып жүру қиын болса да, өлең жазуды тоқтатқаным жоқ. Өлеңдерім түрлі басылымдарда, ұжымдық жинақтарда жарық көріп тұрды.
– Өлең өрелі ойдан туады ғой. Ғылыммен айналысуыңыз ақындық тынысыңызды аша түскен болар?
– Егер соған дейін өлеңдерімнің тақырыбы туған жер, сұлу табиғат, балалық пәк сезім, махаббаттың төңірегінде болған болса, кейінгі өлеңдерімнің арқау-өзегіне өмір мен өлім, дос пен дұшпан, жақсылық пен жамандық, мейірбандық пен қаталдық, бір сөзбен айтқанда, өмірдің ақ пен қарадан тұратындығы туралы философиялық ой-пікірлерім алынды.
Екінші жағынан, менің де қаламымды өмірдің өзі шыңдады. 2000 жылы ойламаған жерден ұстаздық жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Әйткенмен, ғылымдағы жолымды жалғастыру мақсатында докторантураға түстім. Бірақ өмір жолымда қара түстің көп болуына үлес қосудан жалықпағандардың кесірінен қорғамадым да, өмір-күресте не болса да қаламымды құрал етіп, жырымның жылуымен бар өкінішімді жеңуге тырыстым. Сөйтіп, 2002 жылы «Мен махаббаттың құшағында» деген тұңғыш өлеңдер жинағым жарыққа шықты.
Бүгінге дейін «Ой тамшылары» әдеби-сын мақалалар жинағым, 100-ден астам мақалаларым, «Диянет», «Сырлы әлем бұл...», «Жүректен төгілген жас», «Қол шатыр ұстаған күншілер», «Сағыныш мұңы», «Өзіңе сенем» атты өлең жинақтарым, «Мұхит өнер мұхитында» деген деректі хикаятым жарық көрді.
– Патигүл, сіз өлең мен өнер және ғылым дестесін қатар тартқан сирек жандардың бірісіз. Осы жайын таратыңқырап айтсаңыз?
– Ұстаздық жұмыстан кеткеніммен, бұл саладан алыстамадым. 2004-2012 жылдарда Алматы қалалық білім басқармасына қарасты мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтында әдіскер болып істедім. Бұл жылдар ішінде әдебиет бойынша бірнеше оқулықтың, әдістемелік құралдардың авторы болдым. Бұған қоса, балалар әдебиеті ұйғыр әдебиетіндегі ең кенже қалып отырған сала екендігін де ескерген жайым бар. Сол үшін қолдан келгенше балалар әдебиетіне де өз үлесімді қосып келемін. Әлбетте, баланың тілімен жазу, оның психологиясын түсіну қиын. Сонда да мектеппен тікелей байланыста жұмыс істегеннен кейін шығармашылығым арқылы кішкентай достарыма сыйлық жасап келемін. «Сендермен қалсам...», «Әр қайсында бар өзгеше қасиет», «Бірге барғын бақтарға», «Кіші достарға», «Жыл мезгілдерінің сұлулығы» өлең жинақтарымды жас жеткіншектерге арнадым. Оның үстіне, 2012 жылдан Ұйғыр театрында әдебиет бөлімін меңгеріп келемін. Өнер саласында да кездейсоқ адам емеспін. Бүгінге дейін 100-ден астам ән мәтінін жаздым. Әндерім үлкен сахналарда айтылып жүр. Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мирза Азизовпен бірігіп жазған «Үміт әлемі» фильмінің сценарийімен кино өнеріне де құлаш ұрып байқадым.
– Қазақ-ұйғыр достығының әдебиеттегі орны, шығармашылық жолындағы достарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Әдебиеттегі қазақ-ұйғыр достығы өткен ғасырда тамырланған. Екі ұлт әдебиетінің бетке ұстар азаматтары Хизим Искандеров пен Сәбит Мұқановтың, Хизмет Абдуллин мен Қуандық Шаңғытбаевтің, Илия Бахтия мен Мұқағали Мақатаевтың, Махмут Абдрахманов пен Қадыр Мырзалиевтің достығы олардың шығармашылығында жалғасын тапты. Сол үлкен ағалардың бір-біріне арнаған өлеңдері, шығармашылығына берген бағалары бізге, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болды деп ойлаймын.
Көпұлтты Қазақстанда әдебиет пен көркемөнер достықтың алтын көпіріне айналуда. Бүгінгі таңда ұйғыр қаламгерлерінің еңбектері қазақ, орыс тілдеріне тәржімаланып, рухани сабақтастық қайтадан жандана бастады. Осы достықтың арқасында өлең, хикая, мақалаларым қазақ, орыс тілдерінде, Қазақстандағы газет-журналдардан бөлек, шет ел баспаларында да жарық көрді. Осы жолы өзім де заңғар ақын Олжас Сүлейменовтің бір сала өлеңдерін ұйғыр тіліне тәржімаладым. Бұл да екі ұлттың әдебиеттегі достығының бір көрінісі десем жарасар.
Бүгінгі күнде бауырлас қазақ ақын-жазушылары арасынан Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Жәркен Бөдешұлы, Маралтай Райымбек, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ғалым Қалибекұлы, Сәуле Үсенбаева, Любовь Шашкова, сіздің өзіңіз секілді абзал аға, қадірлі замандастарды тауып, шығармашылық байланыс орнатып отырғаныма өте қуаныштымын.
– «Өзіңе сенем» атты жаңа өлеңдер жинағыңыздың қазақ тілінде жарық көруі сол достықтың бүгін де жалғасып келе жатқанын көрсетсе керек.
– Дұрыс айтасыз. Біріншіден, дүниежүзіндегі дағдарысқа қарамай қазақ ақын-жазушылары қатарында Елбасы ұйғыр халқының өкілі маған Мемлекеттік стипендия тағайындады. Ол қаражатқа мен қазақ тіліндегі кітабымды шығардым. «Бұйым алсам – өзіме, кітап шықса – халыққа» деп ойладым. Сөйтіп, Елбасының бұл қамқорлығы рухымды көтеріп, шабытымды қанаттандырды.
Біздің достығымызды Тәңірдің өзі қолдағаны шығар, кітабым Президент Жарлығымен биыл бірінші рет мерекеленіп отырған 1 наурыз – Алғыс айту күні жарық көрді. Халқымыздың рухани байлығын жасап жатқан әдебиет адамдарына әрдайым қолдау қөрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан аға Назарбаевқа алғысым шексіз.
Екіншіден, кітабымды қазақ тіліне аударған, екі ұлт арасындағы алтын дәнекерді нығайтуға барынша күш салып жүрген белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлына үлкен рахметімді айтқым келеді.
– Келешек жоспарларыңыз туралы не айтасыз?
– Көркем шығарманың негізі өмір ақиқатынан турады. Мен де келешекте бүгінгі дәуір ақиқатын көркем сөзбен кестелейтін туындылар жазуды армандаймын. Жазылатын өлеңдерімде достық тақырыбы алдыңғы орында тұратыны анық. Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған әр Жолдауында, әр бағдарламасында еліміздің ең үлкен байлығы достығымыз екендігін үнемі айтып келеді. Президентіміздің дана саясатының арқасында бүгінгі таңда Қазақстанда барлық ұлттардың өкілдері өздерінің ұлттық мәдениетін, әдебиетін дамытып, насихаттай алады. Ендеше, халқымызды еңбексүйгіштікке, адалдыққа, отаншылдыққа, патриотизмге, бауырмалдыққа баулуға, ұлттық салт-дәстүрлерді үлгі етуге тәрбиелейтін жалпыұлттық идеямыз – «Мәңгілік Ел» мұратын жүзеге асыру жолында еңбек етеміз. Болашақта шығармашылығымды осынау ұлы мұратты ардақтайтын, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына толымды тарту боларлық, Қазақстан халқының бірлігін ұлағаттайтын еңбектермен байытамын деген ойдамын.
Елбасымыз «тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз» деп атап көрсеткеніндей, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ғана ырысы мен табысы мол болады. Ақын, ғалым ретінде осыған өзіндік үлесімді қоссам, мен үшін ең үлкен бақыт сол болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.