05 Сәуір, 2016

Alatau Invest Capital Қостанайдағы автоқұрастыру зауытына инвестиция салады

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
05-04-2016-Kostanay 01АСТАНА. 5 сәуір. Alatau Invest Capital мен Қостанайдағы Allur Group компаниясы арасында инвестиция тарту және стратегиялық серіктестік туралы меморандум жасалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Осыған орай, жолаушылар автомобильдері, жеңіл коммерциялық жүк машиналары, ауыр жүк машиналары, автобустар өндірісі; ұлттық қазақстандық автомобиль брендін құру; Қостанай облысында жалпы ауданы 400 гектар индустриялық аймақ құру және дамыту; ғылыми-зерттеу және конструкторлық база құру бағыттарына инвестиция тартылмақ. Сондай-ақ, жоспарға автомобиль өндірісі үшін кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру, жаңа алдыңғы қатарлы автомобиль жасау технологияларының трансферті кіреді. Ортақ мақсат – ұлттық қазақстандық автомобиль кластерін дамыту. Ынтымақтастықтың бірінші кезеңінде JAC және Peugeot жеңіл автомобильдерінің CKD*-жобасы, коммерциялық техника мен автобустардың CKD-жобасы сынды екі ірі жоба жүзеге асырылады. Жобадан автокластерді және Қазақстан үшін басым басқа да салаларды дамытудағы перспективалар, жалпы аймақтық өнімді арттыру, қосымша шетелдік инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ, аймақта өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасау күтіліп отыр. «Біз ең ірі қазақстандық инновациялық компаниялардың бірі – Allur Group-қа инвестиция тарту үшін меморандумға қол қойдық. Қостанайдың индустриялық аймағының аясында жергілікті автокөлік өндірісін ары қарай арттыру үшін бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл – толық орындалатын міндет. Мысалы, SsangYong Nomad маркалы автомобильдердің отандық бөліктері бүгіннің өзінде шамамен 40 пайызға жетті, коммерциялық модельдерде бұл деңгей 50 пайызға жетеді. Біздің Қазақстанда өндірілетін қосалқы бөлшектердің санын арттырмақпыз. Осылайша біздің елімізде шығарылатын автомобильдердің қазақстандық бөлігін арттырсақ дейміз», – деді Alatau Invest Capital-дың басқарушы серіктесі Қайрат Сатыбалдыұлы. Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің айтуынша, компания 2018 жылдан бастап Қостанайдың индустриялық аймағының аясында, соның ішінде экспортқа шығару үшін жылына 40 мың автомобиль құрастыруды жоспарлап отыр. «Біздің есебіміз бойынша, 2022 жылға дейін өнім шығарудың ортақ көлемі 700 млрд.-тан астам теңгені құрайды. Оның ішінде 7 жылдың ішінде тек экспорт шамамен 418 млрд. теңгені құрайды. Айқындалған жоспарларды іске асыру үшін 500-ден астам жаңа білікті жұмыс орнын құру қажет болады. Ал жергілікті өндіріс деңгейі 50 пайызға жетеді», – дейді Андрей Лаврентьев. Меморандумға қол қою шарасына қатысқан Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов инвестиция тарту бойынша меморандум зауыт жұмысына жаңа серпін беретінін айтты. «Біздің облысымызда қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп салаларының бірі – автомобиль жасау. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша облыста 81 инвестициялық жоба, соның ішінде автомобиль жасауда 4 жоба іске асырылды. Allur Group зауыттары айқын тұрақты дамып келеді. Ол өндірісті ретке келтіріп, автомобиль жасауды дамытуда инвестиция тартып қана қоймай, бүкіл аймақтың қолайлы дамуына жағдай жасауда», – деді облыс әкімі. Барлық жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру Кеден одағы елдерінде ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренада автомобиль жасау саласында Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: egemen.kz. 05-04-2016-Kostanay 02