Осыдан 70 жыл бұрын жүз жасаған жүрек – ғасыр ғаламаты, қазақ ауыз әдебиетінің алыбы, айтыс өнерінің ақиығы Жамбыл Жабаевтың туғанына 100 жыл толды, ғаламат тойланды. Сондай кішігірім той Аралдың бір мүйісіндегі Шөміш стансасында да өтіп жатты. Нағашыбай Сарыұлы мен Мәрияш Өтениязқызының шаңырағына шекесі торсықтай ұл келді. «Жырдың қызыл жолбарысы – Жамбыл сынды ақын болсын, Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырған өнерпаз болсын», – деп ақ тілек айтушылар аз болған жоқ.
– Шөміште көрген қызығым, бұрын үш ұл шетінеген. Әжесі: «Баланың атын Шөмішбай қойсаң, бала тұрады», деп еді. Аты Шөмішбай болсын, – деп Нағашыбай шорт кесті.
Әулие әже сөзі шындыққа айналды. Шөмішбайдан кейін бұл шаңыраққа 6 ұл-қыз дүниеге келді.
...Пойыздар Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа қарай ағылып өтіп жатты. Шөмішбайды бесікпен бірге шойын жолдың ырғағы да тербетіп еді. Ақыры ол өлең ырғағы болып, кішкентай Шөміш стансасының атын қазаққа танымал етті. Сол Шөмішбай Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сыйлығының, «Тарлан» платина сыйлығының лауреаты, «Жыл адамы – Алтын адам» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деген атақ алып, қазақтың Шөмішбай Сариеві болып, бүгін Шерағаң – Шерхан Мұртаза айтпақшы, жетіп-пісіп жетпіске келіп отыр.
* * *
Шөмішбай ақындық әлемге ерте кірді. Бала кезінде жазған өлеңдері аудандық газетте жиі жарияланып жатты. Және Зейнолла Шүкіров сынды ақынның назарына ілікті. Бұл Шөмішбай тағдырындағы ерекше кездесу болды. Ұйқас емес, ой қуалау, сөзден кесте тоқу, өрнек салу керектігін Зейнолла жас ақынның зердесіне құйды. Абайды жастана оқуды тапсырды. Әрине, сол арман қанатына ол екі жылдай кешеуілдеп жетті. Журналист-жазушы, ақын болу сағымға айналғандай алыстап кете жаздады. Екі жыл ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде журналист болып қызмет атқарды.
Оқуға түскенде Шөкең өзінің ойы озық, журналистік тәжірибесі бар екенін танытып келді. Мектепті жаңа бітіріп оқуға түскен біздер үшін Шөмішбай Сариев танымал ақын сияқты көрініп, ол бізге ақыл айта сөйлейтінін хош алатынбыз. Сол 1966-1970 жылдары университетте Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев, Темірғали Нұртазин, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев сынды атақты ғалымдар дәріс оқыды. М.Әуезов атындағы әдеби бірлестікті Сұлтекең – Сұлтанғали Садырбаев басқарды.
Бұл бірлестік университеттің ішіндегі университет болды. Жас ақындар Марат Отарәлиев, Рафаэль Ниязбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев, Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдірашев мінберден түспей, өлеңді жарыса оқитын. Сонда ақындықтың буы бұрқырап, зал іші жоғары температурада қызып тұратын.
«Әй, Кеңшілік, әй, Сариев, қой енді, енді қой», деп Сұлтанғали ағамыз бәйек болатын. Неге екенін қайдам, Шөмішбайдың атын атамай Сариев дейтін де, Мырзабековті Кеңшілік дейтін. Сол өлең додаға түскен Шөмішбай Сариев бүгінде қазақ ақындарының алдыңғы сапында тұр.
* * *
Ақынның бағын ақын ашады. Шөмішбайдың «Балдәурен» кітабының алғысөзін атақты Әбділда Тәжібаев жазды. «Асықпа, Шөмішбай, болдым-толдым екен деп ешуақытта да мастанба. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз», деп Әбекең баталы сөз айтты. Ал кейін атағы дардай Шөмішбайға енді «Толғақ қысқанда ғана жазайық өлеңді...», деп ризашылық танытты.
Демек, Әбекеңнің Шөмішбай поэзиясының көркемдігі мен оның ұлттық құндылығын жоғары бағалағаны ғой.
«Неткен жұмбақ шексіз аспан кең едің,
Ғалам деген қандай ғажап кен едің.
Жүрегімнен өлең сыйлап өмірге,
Дүниені жалт қаратсам деп едім...».
Шөмішбай өз өлеңімен ұлтының ұлылығын, даласының кеңдігін, халқының елдігін жырға қосты. Ол халық жүрегіне жол тапты, жырымен жұбатты. Мәңгілік қазақ еліне үн қосты. Ол ұлтын өзіне жалт қаратты.
«Ерекше Құдай берген бір бағалы,
Мен халқымның жүрегімен жырладым.
Ақын болсам, азабыммен ақынмын,
Тұлға болсам, қазағыммен тұлғамын.
...Ұлы өзендей бір аялдап тұрмадым,
Толқын болып аласұрып тұнғаным.
Мен халқымның тілегімен санасып,
Мен халқымның жүрегімен жырладым».
Жүрекпен жырлау, ұлттың мұң-сырын ұғыну, әлемге ғашық көзбен қарау, әр ақынның маңдайына біте бермейтін бақыт. Шөмішбайдың өз жүрегі қандай болса, өлеңдері де сондай таза, мөлдір, тұнық. Шөкеңнің құшағы ашық, өмірге ғашық, жақсыға асық. Көңіл көзімен көреді, шын дос-аға деп сенеді. Жұрттың бәріне бауырым деп қарайды. Құшаққа алғысы келеді, кеудесіне басқысы келеді, ақындық аңғал көңілімен бәрін сүйгісі келеді. Сондай құшаққа алу кезінде партиялық сөгіс алған еді. Кезіндегі Үкімет басшысының орынбасары Шәңгерей Жәнібековпен құшақтасып сәлемдесемін деп жұмыстан шығып қалған да осы – Шөмішбай Сариев.
Содан айға жетпей Шөкең қайтадан қызметке алынды. Жазушылар одағының атақты «Қаламгер» атты бары бар. Жаздырып алып, қалағаныңды ішесің. Сондай күндердің бірінде Шерағаң – Шерхан Мұртаза бардан кофе ішпек болып, төмен түсіп келе жатады. Алдынан Жарасқан шығады.
– Не қызық бар? – демей ме Шерағаң.
– Қызықтың бәрі осында, – дейді Жарасқан. – Шөмішбай жұмысқа оралғанын жуып, бәрін сүйіп жатыр.
– Ойпыр-ай, – дейді Шерағаң, – Шөмішбайдың аузы күймейді екен.
Содан кофесін ішіп, көтеріліп келе жатқанда алдынан енді төмен түсіп келе жатқан Жарасқан қайта кездеседі.
– Не қызық? – дейді Жарасқан Шерағаңа жымия қарап.
– Шөмішбай вице-премьерден төмендегілермен амандаспайтын болыпты, – деп Шерағаң мырс етті.
Міне, Шөмішбай осылай аңыз адамдардың қатарына қалай қосылып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді.
...Жақында бір азалы аста тоқсанды еңсерген Шәңгерей Жәнібековті көрдік. Сәлем бердік.
– Келші енді, мен сені құшақтайын, сүйейін, қолыңды қысайын! Сенің сөздеріңе жазылған әндерді ерекше сезіммен тыңдаймын. Кәрі жүрек әлі де сөзі мен әні келіскен әнді естігенде шымырлап тұрады, – деп Шәңгерей көкенің ағалық танытуы қандай жарасты болды десеңізші!
Шөмішбай Сариев қазақ лирикасының көркемдік әлемін кеңейткен Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырзалиевтің, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың ерекше ілтипатына бөленді. Олар Шөмішбайдың өлеңдерінің диапозоны кеңдігіне, ішкі гармониясы үйлесіміне, формасы жағынан кейде қазақтың қара өлеңінің қалыбынан шығатынына, пафостығы мен ұлтжанды рухына тамсанды. Сондықтан да Шөмішбай поэзиясы жасқа да, жасамысқа да, ақсақал мен абыз қарттарға да түсінікті. Жүрекке жететіні де содан шығар. Ғафаң, Ғафу Қайырбеков: «Шөмішбайдың дауысы – айқын, азаматтық дауыс. Оның өлеңдерінен өз дәуірі, өз уақытының лебі еседі... Елді, жерді сүю, оның бүгінін танып, ертеңін болжау талабы көзге айқын шалынады», деп еді. Расы сол, Шөмішбай қазіргі, өзінен кейінгі, өзімен қатарлас кейбір ақындардан гөрі өмірді басқаша таниды. «Құрыған», «шіріген», «тозған», «азған» сынды тарығу мен торығуға, өз туған жерінен, ділінен түңілген ақындарға мүлдем ұқсамайды. Ол заманның рухы – тәуелсіздік деп біледі. Ол болашақтың кілті – жастарда деп жырлайды. Ол – махаббат сезімді ұлықтайды, ол туған жердің егемен аспанында қыран болып қалықтайды. Ол – азамат үнді ақын ғана емес, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған қазақтың алғысын алған нағыз ұлтжанды ақын.
«Сүйдім өмірді,
Сүйдім тәңірді.
Арнадым халқыма,
Жүрек пен жанымды.
Әр күн сайын күттім,
Атар аппақ таңымды.
Әлі де келем күтіп,
Құдай берер деп бағымды.
Жаным менің бүгін,
Туған жерімді сағынды,
Аппақ күнім тағы нұрға малынды,
Ақ жүректі ақ адам,
Бәріңді сүйем, бәріңді».
Ақын тәуелсіз елді жан-тәнімен сүйеді! Тәуелсіздік ұлт мұраты, қазақ мұраты. Ол бабаларымыздың алты ғасырдан бері аңсаған Жиделі-Байсыны, Жер-Ұйығы. Бұл ақынды қалай тебірентпесін, бұл ақынды қалай толғантпасын!
«Я, Құдайым, бере гөр,
Қазағыма – халқыма.
Берген сайын Құдайым,
Халқым толып, шалқыма,
Жан-жағыңа көзің сал,
Қарай-қарай артыңа,
Қарай-қарай алдыңа.
Өмірдің түсін парқына,
Я, Құдайым, бере гөр,
Қазағыма – халқыма».
Бұл – мінәжат. Бұл ақынның қазаққа тілегені. 69 жолдан тұратын жыр толғау қазаққа қажет Алла-тілеу. Ол – бостандық, ол – бақыт, ол – дәулет, ол – ұрпақ, ол – ынтымақ, ол – діл, тіл мен дін. Міне, осы қасиеттер қазақтың жүрегіне жетіп, Алла қабыл етсе, қазақ Мәңгілік Ел болады, қазақ мәңгілік жасайды.
Шөмішбай өлеңдері Қазақ елінің шекарасынан баяғыда-ақ өтіп кеткен. Оның өлеңдері әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылды. Бұл жолда ақын жолы оңай болды деп те айту қиын. Мәскеуде «Литературная газетада» Шөмішбай Сариевтің бір топ өлеңдері аударылып, жариялануға қол қойылады. Қазақтың тағы бір лауреат ақыны газетке бір топ өлеңдерін ұсынып:
– Бұларың қалай? Мен сияқты лауреат ақынның өлеңін жарияламай Шөмішбайды газетке шығармақсыңдар ма, – деп әжептәуір әңгіме көтереді. Сонда газеттің бас редакторы:
– Сіз білмеуші ме едіңіз, біз лауреаттарды емес, өлеңді жариялаймыз, – деп Шөмішбайдың өлеңдерін нөмірге салып жібереді.
Қазақтың атақты академигі, ғалымы, ұстазымыз Зейнолла Қабдолов айтар еді.
– Мына Шөмішбайдың бір-ақ кемшілігі бар?!
Бәріміз аң-таңбыз!
– Қандай?
– Шөмішбай жаман өлең жаза алмайды.
Алды кең, маңдайы ашық, көсемсөздің көрікшісі Зейнеағамның дүниеден өтерде теледидардан өлең оқып тұрған шәкіртін көріп:
– Шө-міш-бай, – деп тілге келгендігін ақынның жан-жары, Сәуле апайдың күнделік кітабынан оқыдық. Сол сәт шәкіртімен мақтанған шығар қазақтың ұлы Зейнолла Қабдоловы!
* * *
Шөмішбай Сариевтің ән мәтіндері бүкіл қазаққа таныс. Ол – оннан астам композитормен қазақтың ән өнерінің інжу-маржанына айналған тамаша әндердің авторы. Осылай Шөмішбай дос еңбектеген баладан еңкейген қарттың төріне шықты. Жастардың жан-сыры гауһартасқа айналып ән болып төгіліп жатты, төгіліп жатты. Бұл әндер – Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев сынды әншілердің репертуарларының алтын діңгегіне айналды. Тіпті, халықтық сипат алып кетті. «Айналдым сенен, атамекен-ай!», «Қарағым-ай!», «Боз жорға», «Аяулым», «Сен мені сағындың ба?», «Дос керек», «Сәлем, саған туған ел», «Ойлан, балам!», «Ғашықтар жыры», «Сен менің ертегімсің». Осылай тізіліп кете береді, кете береді. Бұлар – ғасыр сахнасынан түспейтін әндер.
Жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында Шөмішбай Сариев қазақ поэзиясына өз қолтаңбасын қойып, өзінің көлеңкесімен жарысып келеді. Өзін өзі қамшылап, өзіне өзі сын көзімен карай алатын адам ғана ақындықтың балы мен уын сезіне алады.
«Жайсам деймін мол өркен,
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарап жүремін».
Міне, Шөмішбай – осындай жарыққа, күнге қарай жүретін ақын. Тынымсыз өмірдің ағынынан қалмай ұлт сөзін сөйлеу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Шөмішбай жырының жылуы да, қасиеті де, құдіреті де осында. Ол қазақ өлеңіне, қазақ жырына, қазақ рухына тағзым ете жырлайды, сырласады, мұңдасады, ой бөліседі.
«Жанды өртеніп жүрегім жанғанынша,
Қақтым қанат қанатым талғанынша.
Мен өлмеймін, өмірде мен тірімін,
Жер бетінде бір қазақ қалғанынша», деп бекер толғаған ба ақын! Шөмішбай өлең өлкесінде, поэзия даңғылында нық басып келеді. Әдетте, мерейтойларда мадақ сөз айтылуы заңды. Бірақ, Шөкеңнің замандасы, курстасы, «майдандасы», әріптесі ретінде соңғы кездері арнау өлеңдердің қарасы көбейіп бара ма, қалай деп алаңдап қалатынымды да қаперге сала кетсем деймін.
...Бірде Александр Сергеевич Пушкин көшеде Адам Мицкевичпен кездейсоқ кездесіп қалады. Сонда Пушкин:
– Екілік екпіндеме, алдыңда тұз тұр, – дейді. Сонда Мицкевич:
– Көзір екілік тұзды да басып ала береді, – деп ығысып жол беріпті.
Халқының махаббаты мен мархабатына бөленген ақын Шөмішбай Сариевтің ғұмыр жолы ұзақ болғай...
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ