Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Онда жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл заңдылығының жай-күйі, уәкілетті мемлекеттік органдардың қабылдап отырған шаралары және олардың өзара іс-қимыл жасасу тиімділігі мәселелері талқыланды. Жиынға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Жоғарғы Сот өкілдері, құқық қорғау, арнайы және өзге де орталық атқарушы органдардың жауапты лауазымды тұлғалары қатысты.
Отырыс барысында Бас Прокурор күн тәртібінің ерекше өзектілігін атап өтті. Бюджеттік қаражатты ұрлау мен салық төлемінен жалтару мемлекеттің экономикалық негізін едәуір бұза отырып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде. Өйткені, кейінгі бес жылда жалған кәсіпкерлік фактілерін анықтаудың тұрақты өсу серпіні байқалуда. Атап айтқанда, 2011 жылы 438 қылмыс, ал өткен жылы 2626 қылмыс тіркелген. Ағымдағы жылдың екі айы ішінде жалған кәсіпкерлік туралы 628 қылмыстық іс тіркелді, ал өткен жылдың осындай кезеңінде 261 қылмыстық іс болған еді.
Дегенмен, А.Дауылбаев атап өткендей, жүргізіліп отырған жұмыстардың тиімділігіне Мемлекеттік кіріс комитетінің өкілетті қызметтерінің жеткіліксіз үйлестірілуі мен келісімсіз әрекеті және банк мекемелері тарапынан қаржы операцияларына қатысты тиісті бақылаудың болмауы кедергі жасап отыр. Қылмысты алдын ала ескертудің тетіктері нашар қолданылады, соның салдарынан заңсыз табысты жылыстатудың қылмыстық жолдары орын алған соң ғана анықталады. Соңғы бес жылда аяқталған істер бойынша анықталған залалдың сомасы 242 млрд.-тан астам теңгені құрады. Залалды өтеу болса орташа есеппен 7 пайыздан аспайды, ал 2015 жылы небәрі 1,2 пайызды құрады.
Талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесі Мемлекеттік кіріс комитетіне жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша тиісті тергеу жұмыстарын қамтамасыз етуге, қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға аудару мақсаты бар келісімдерді анықтау туралы мекемеаралық ақпарат алмасуды жүргізу бағытында шаралар ұйымдастыруға кеңес берді. Сонымен қатар, активтерді шығару мен салықты төлеуден жалтару жолдарын пайдалану кезінде көзге іліккен сенімсіз ұйымдар мен жеке тұлғалардың «қара тізімін» қалыптастыру және активтеріне шектеу қоя отырып олармен қайсыбір қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу құқығын берудің еуропалық тәжірибесін зерделеу ұсынылды. Бас Прокурор барлық уәкілетті органдардан алға қойылған міндеттердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, заңсыз табыстарды жылыстату тәсілдерін анықтау және жолын кесу бойынша профилактикалық және жедел іс-шаралардың нәтижелілігін арттыруды талап етті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.