15 Сәуір, 2016

Мамыражай тірлік маздатсын дүниені

391 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
АскарDSC_0119Жер-Анамыз келбетінің сонау көктен қарағанда тіл жет­кіз­сіз сұлу­лығы, мөлдірлігі, нәзік­тігі қан­дай ғаламат екенін ғарыш­керлер айтып жүр ғой. Құдірет Иесі адамзатқа сыйлаған сондай керемет мекеніміздің әнебір қиыр­ларында зұлмат оқиғалар болып жатқанына сенгің келмейді-ау. Бірақ, өкінішке қарай, қайтерсің, дүниеге ажал сепкісі келетін қаскүнемдер бар... Қырғи-қабақ көзқарастан, түрлі экономикалық санкциялар мен басқыншылық əрекеттен туындайтын соғыстың зардабы қандай боларын айтып жату артық. Ең өкініштісі, құрбан бола­тындардың көбі бейбіт тұрғындар. Әрі бұл адам ресурсының орнын толтыру өте қиын. Сол себептен, Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыс­сыз əлем қажеттігін көтерген ұсы­­­нысын мен де қос қолымды көте­ріп қолдаймын. Иə, адамзатқа соғыссыз əлем кұру қажет. Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөнін­дегі ІV сам­мит бейбітшілік сүйгіш қоғам­дастықты айрықша толғандырған оқиға болды. Біз – келер күн­дер­ден жақсылық күткен, сол үшін аянбай еңбек етіп, үлгілі күрес жүр­гізіп отырған халықпыз. Бірақ, жаһандық текетірес біресе ана жерден, біресе мына жерден бұрқ ете түсіп, теріс пиғыл бүкілəлемдік ауқымдағы қасіретке айналып кетпесе екен деген уайымды мо­лай­тып отыр. Халықаралық бей­біт келісімдердің екпіні төмен­дегеніне көптеген мысал келтіруге болады. Осы орайда, Президентіміздің: «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл əлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе əбден болуы мүм­кін нəрсе», деген сөзі адам­заттың құлағына жеткей деп тілеймін. Халықаралық терроризм жойқын сипатқа ие болды. Тіпті, шекарадан шекара асуда. Жағаңды ұстамай көр. Миллиондаған босқын, қала­лардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жо­йылуы – осының бə­рі жаныңды түршік­тіреді», – деген сөз­дері прогрессивті көз­қарастағы адам­дарды ойландыруы тиіс. Иә, жер бетінің маза­сы кетіп тұрға­нын аңғару қиын емес. Елбасымыз бұл үшін қарулы қақты­ғыстарды тоқтатып, аса қауіпті ядролық қаруды таратпаудың, əрбір дауды, тіпті, ол қандай маңыздылыққа ие болса да, ХХІ ғасырдың саналы азаматтарына тəн сабырмен, сарабдалдықпен шешу керегін құлаққағыс жасап келеді. Ядро­лық қаруды таратпауды ұсынып қана қоймай, бұл бағыттағы бастамасын ядролық арсеналдан бас тарту, Семей ядролық сы­нақ полигонын жабу сынды нақ­ты істерімен дəлелдей білген Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде кешегі ғасыр мен бүгінгі ғасырдың айыр­машылығын, жаңа ғасырға қадам басқандағы адамдардың үкілі үмітінің қою түтінге араласып бара жатқандығын, бірақ жер бетіне бізден кейін де адам бала­сы келетіндігін, оларға қия­нат жасауға хақымыздың жоқ­ты­ғын нақты түсіндіріп берді. «Əлем. XXI ғасыр» манифесі де осы алаңдаушылықтан туын­даған­дығы анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу­дағы орасан еңбегінен бастап, Жер шарындағы бейбітшілік үшін табан­дылықпен орындап жүрген қызметін жадымыздан өшірмеуге, ұрпаққа насихаттауға тиіспіз. Анау кезде Одақ тарапынан жа­сал­ған қысымдардың сан түрі­не төтеп берерлік сындарлы да жүйелі саясат жүргізген Елбасы­мыз ха­лық санасын оятты. Сол кезд­е хал­қымыздың отаншыл азама­ты, Нұрсұлтан Әбішұлының қай­­­раткер серігі, досы Олжас Сүлейменов үлкен қолдау көр­сеткені де жақсы есімізде. «Невада-Семей» қозғалысы құрылғанынан кейінгі бой көтер­ген халықтық толқулар жос­пар­­­ланған талай жары­лыстың алдын алуға мүм­кіндік туғызды. Семей жері 40 жыл бойына жүргізілген сынақтар салдарынан экологиясы бұзылып, халық адам айтқысыз зардап шекті. 1949 жылдың 29 тамы­зында КСРО Семей полигонында тұңғыш рет ажал аждаһасы саналған атом бом­басын сынақтан өткізгенде, жойқын жарылыс Абыралының Дегелең тауын тітірете теңселткен ғой. Жұрт 40 жыл бойы мың Хиросиманың күнін кешті. Бұл ұмытылмауға тиіс! Семей полигонын жабу туралы Президент Жарлығының ядролық қарусыз ел мәртебесінің биігін белгілеген, адамзат дамуындағы бейбіт қоғам үшін жасалған бірден-бір батыл тарихи құжат екендігін төрткіл дүние түгел мойындап отыр. Полигон зардабын жарты ғасырға жуық тартып, ядролық сынақтан пайда болған қайғы-қасіреттен бір сәт көз ашып, бас көтере алмай келген халық бұл хабарды зор ризашылық сезіммен қабылдағаны да жадымыздан неге өшсін. Бұл шешім Жер шарының миллиондаған адамына қуаныш сыйлады, адамзат баласының бойына ядролық сынақсыз азат әлем құруға болатындығы туралы сенім ұялатады. Ядролық қаруды игеру ар­қы­лы жер-жаһанға қожалық жасауға ұмтылған ашкөзділікке тоқтам жасауға болатынды­ғын Қазақстан әлемдік қоғамдас­тық­қа дәлелдеп берді. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақстан мемлекеті Стра­тегиялық мақсаттағы жаппай қырып-жою қаруларын шектеу және қысқартуға бағытталған КСРО мен АҚШ арасындағы шартқа сәйкес Лиссабон хат­та­­масына қол қойып, өз мін­дет­темесін қалтқысыз жауап­кер­шілікпен орындады. Бұл игі бастама әлем жұрт­шылығы тарапынан да қызу қолдауға ие болып, 1992 жылы Америка халқы АҚШ Конгресін ядролық сынақтарды тоқтатуға мәжбүр етті. Осының соңын ала, 1995 жылы Тынық мұхиты аралындағы француз полигоны құрықталды. Ал 1996 жылы Лоб-Нор шөліндегі Қытай ядролық жарылыс алаңы да өз үнін өші­ріп, халықаралық мораторий жария­ланды. Осының бәрін біздің Ақжайық ауданының жұрты да жақсы біледі, бағалайды. Аудандағы «Тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде жәмиғатпен жүз­десулерден мен соған әманда айқын көз жеткізіп келемін. Жұртымыз тұтас елдерді, кон­тиненттерді жойып жіберу қаупі күшейіп отырғанына алаң­дайды, атом атаулының тек бей­біт мақсатқа пайдаланылуын жақ­тайды. Адамның асыл ақыл-ойы­, ғылым мен техниканың жетістіктері, атом энергетикасы, әлбетте, өзінің игілігіне жұмсалуы керек. Атомды, тіпті, бейбіт тір­лік­ке жаратуда аса қырағылық қа­жеттігін де халқымыз жақсы біледі. Бүгінде 30 жыл толғалы отырған Чернобыль АЭС-індегі апаттың өзі адамзаттың үрейін ұшырған ащы сабақ болды емес пе. Мен сол кездегі Целиноград маңын­дағы әскери бөлімде боры­шымды өтеп жүрген жерім­нен аттанып, апатты ауыз­дық­таушылардың арасында болған едім. Сол кезде ауданымыздан Чернобыльге аттанған 38 аза­маттың ішіндегі ең жасы мен болыппын. Жаныңды күйзел­тетіні сол, солардың 14-і ғана қазір бармыз. Өзім Орал педи­нс­титутындағы оқуымды денсау­лығыма байланысты аяқтай алма­дым. 1998 жылы ІІІ топ мүге­дектігіне шықтым. Елбасымыздың 29 тамыз күнін Жаппай қырып-жою қару­ларын жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы 2009 жылғы мәлімдемесі БҰҰ-да қолдау тауып, бұл күн бүгінде Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні болып белгіленгеніне байланысты жыл сайын ауданымызда тиісті шара­лар өтеді. Бүкіл әлемді бітім­гершілікке шақырған Қазақ­стан лидерінің қызметі Жер пла­нетасының жарақатына шипа болар дәрумендей бағалан­ды. Ва­шингтонда 2010 жылдың 14 сә­уі­­рінде өткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі І саммиттен бас­тап, осындай айтулы шараның 2012 жылы Сеулде, 2014 жылы Гаагада жалғасын тапқаны, биыл, міне, АҚШ-та соңғы, қоры­тынды IV саммит өткені, бұ­лар­­­дың нәтижелері жайында тұр­­ғын­дармен әңгімелесіп, жас ұрпаққа ұғындырудамыз. Ядролық қарусызданудың тұғырнамасын алғаш жасаған Қазақ елінің жарқын үлгісіне деген әлемдік қоғамдастықтың ортақ пікірлерін халыққа жет­кізіп, байтақ еліміздегі бейбіт ахуалымызды еңбекпен, ұл-қыздарымызға саналы тәрбие берумен нығайту хақында дәріс­тер өткізіліп тұрады. Бүгінгі жет­кіншектердің, ертең ел тізгінін ұстайтындардың бойында өмірге құштарлық, бейбітшілікке залал келтіруге тырысқандардың әре­кетіне төзбеушілік, жер бетіндегі адамды қырып-жоятын қару атаулыны аластауға ұмтылыс сезімі алаулауы керек. Иә, Елбасымыз «соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті» деп атап көрсетіп, бұл межеге қол жеткізу үшін адамзаттың өзін осы ұғымға қарай бейімдеп, жетелеуі қажеттігін жеткізді жəне оның мүмкіндігі қазір бар екендігін, ал кейін, тіпті, мүлде кеш болып кетуі ықтимал екендігін, сондай-ақ, жер бетін қан жоса еткен қылмысқа жауап беретін жанның қалмай, оның, тіпті, қажеті де болмай қалуы мүмкін екендігін ескертті. Ақылды сөз ой-зерде­мізде ұялауы керек. Аталы сөз, салиқалы пікір талайларға ой салады деп ойлаймын. Жер бетіндегі қарапайым халыққа керегі, əрине, осы – тыныштық, бей­бітшілік, ұрпақтардың бақыт­ты өмірі. Ғаламшардың әр түкпірінен көрінсе екен сол саяси ерік-жі­гер! Адамзат тартқан қасірет аз ба? Мазасыз дүниенің мысын тыныштық, бейбіт тірлік басқай деп тілейік. Асқар АБДОЛОВ, «Тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы