15 Сәуір, 2016

Биологиялық фосфор тыңайтқышы

3528 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Биологиялық фосфор тыңайтқышыОның артықшылығы неде? Бүкіл дүниежүзі бойынша деградацияға ұшыраған ауылшаруашылық жерлерінің ауқымды аймақты алып жатқаны баршаға белгілі және олардың саны жылдан жылға үздіксіз өсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының қарамағындағы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша, (ФАО) соңғы 5 жылда жердің жасыл жамылғысы 30 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде, бұл дегеніміз, ауылшаруашылық дақылдарын егуге пайдаланатын жерлер құнарының барынша төмендеп, егін егуге жарамсыз болып, шаруашылық айналымынан шығып қалу қаупін меңзеп отыр. Топырақ құнарының күрт төмен­деуінің негізгі себептерінің бірі ауыл­шаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу үшін топыраққа берілетін минералды тыңайтқыштар мөлшерінің өте жоғары дәрежеде екендігі даусыз. Әрине, топырақты минералды азот және фосфор тыңайтқыштарымен қоректендіргенде, тек сол жылы ғана едәуір үстеме өнім алынатыны белгілі, дегенмен, бұл өнім уақытша өнім, ал керісінше, тыңайтқыштардың шамадан тыс көп берілуі топырақ құнарына кері әсерін тигізетіні анық. Демек, топырақ құнарының төмендеуі немесе артуы, оған берілетін минералды тыңайтқыштардың мөлшеріне де ті­келей байланысты. Сондықтан да ауыл­шаруашылық дақылдарын қоректік элементтермен қоректендіргенде, өсімдік­ке қажетті мөлшерде ғана қорек­тендіру қажет. Осындай ауылшаруашылық дақыл­дарына қажетті, негізгі қоректік элемент­тердің бірі фосфор болып табылады. Топы­рақта фосфор екі түрде  кездеседі – минералды және органикалық. Ор­га­­­никалық фосфор жоғарғы және төменгі саты­лы өсімдіктердің, жануарлар мен микро­ағзалардың тіршілік әрекеттерінің негізінде түзіледі де түрлі топырақтардың құрамында 30-45 пайызды құрайды. Топырақтағы органикалық заттардың барлық түрлері табиғи жағдайда белгілі бір дәрежеде ыдырау және түзілу процестері арқылы үздіксіз өзгерістерге ұшырап оты­рады. Топырақтың биологиялық бел­сенділігі неғұрлым жоғары болса, ондағы ыдырау процестері де  соғұрлым қарқынды жүреді, яғни органикалық заттардың құрамынан өсімдікке сіңімді формада фосфор мөлшері бөлініп шығады. Межелі өнім алу үшін органикалық заттардың құрамынан бөлінген фос­фордың мөлшері, әрине, жет­кілік­сіз. Сондықтан да, органикалық тың­айт­қыштармен қатар минералды тың­айтқыштарды да қосымша  қолдану қа­жет. Мұндағы ескеретін жайт, минералды фосфор тыңайтқыштармен өсімдіктерді қоректендіргенде құрамына байланысты әртүрлі әсер етеді. Әсіресе, топыраққа енгеннен соң фосфаттар олармен химиялық реакцияларға түседі, мұның салдарынан өсімдіктер олардың аз бөлігін ғана өз бойына сіңіре алады, ал негізгі бөлігі өсім­діктер сіңіре алмайтын түрлерге айналып кетеді. Республикамызда 70 пайыздан астам егістік жерлеріндегі топырақта өсімдікке сіңімді фосфордың мөлшері өте төмен. Қазақстанның топырақтарының беткі құнарлы қабатындағы фосфордың жалпы мөлшері орта есеппен гектарына 3,0-5,0 тоннаны құрайды, оның ішінде фосфордың өсімдікке сіңімді түріне келер болсақ, гектарына 0,1-0,2 тоннадан аспайды. Яғни, фосфордың бес тоннасынан бір вегетациялық кезеңде, өсімдік  шамамен 150-200 кило ғана сіңіре алады. Осыған орай, топырақтағы фосфордың жалпы мөлшері мен өсімдікке сіңімді түрінің арасында айтарлықтай алшақтық байқалады.Тіпті, құрамында фосфордың жоғары мөлшері бар минералды тыңайт­қыштарды топыраққа ендіргеннің өзін­де, өсімдіктерге өте төмен деңгейде сіңі­ріледі. Мысалы, бір вегетациялық кезеңдегі құрамында фосфор мөлшері өте жоғары қос суперфосфаттың өсімдіктерге сіңірілу коэффициенті 8-10 пайызды ғана құрайды, қалған 90-92 пайызы жыл сайын топырақта «қажетсіз» қор болып жинала береді. Ауыл шаруашылығында фосфордың рөлі не үшін маңызды? Ол өсімдік дәндерінің пісіп-жетілу процесін жылдамдатады, суыққа төзімділікті арттырады, қыс мезгілінде өсімдіктердің тір­­шілігін суықтан сақтап қалуына мүмкіндік береді. Демек, бүгінгі күннің негізгі талаптары ауылшаруашылық дақылдарынан межелі әрі тұрақты түрде өнім алу, өйт­­кені шаруашылықтарға бағасы қол­жетімді және экологиялық таза әрі пайдалануға тиімді тыңайтқыштар қажет болып отыр­ған­дығы барша жұртқа аян. Яғни фосфор тыңайтқыштарының осындай балама түрін ойлап тауып, оларды өндіріске ен­гізу ға­лым­дардың алдында тұрған үлкен міндет. Осындай ғылыми-зерттеулердің бірі – топырақта бірнеше жылдан бері жиналған өсімдіктер өздігінше пайдалана алмайтын фосфат түрлерін – ауылшаруашылық дақылдарына сіңімді түрлеріне айналдыра алатын микроағзаларды қолдану болып табылады. Табиғатта тек осы ағзалар ғана фосфордың ерімейтін түрін еритін түріне айналдыру қабілетіне ие. Сонымен, фосфаттарды өсімдіктерге сіңімді түрге айналдыруда қолайлы әрі қауіпсіз әдіс, ол микроағзалар негізінде жасаған микробиологиялық препарат болып есептелінеді. Бұл аталған пре­­парат топырақта бірнеше жылдан жиналған «қажетсіз» жатқан фосфор тыңайт­қыш­тарының едәуір бөлігін шамамен бір вегетациялық кезеңнің өзінде-ақ 20-30 пайызын өсімдікке сіңімді түріне айналдыратыны ғылыми түрде толық дәлелденді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бүгінгі күні негізінен шетелдік бірен-саран биопрепараттар қолданылып жүр. Нарықта оларға ұқсас отандық биопрепараттар мүлдем жоқ деуге болады. Ескеретін жайт, біз үшін шетелдік препараттардың тиімділігі өте төмен, өйткені, олардың құрамына кіретін бактериялар Қазақ­станның топырақ және климаттық жағдайларына бейім­дел­мегендіктен, олардың ауыл­шаруа­­­шы­лық дақылдарының өнімі мен топырақтың құнарын арттыратын биологиялық бел­сенді қасиеттері төмен болып саналады. Осы мәселені шешу мақсатында Мик­ро­биология және вирусология инсти­тутының ғылыми қызметкерлері фосфордың күрделі, өсімдік сіңіре алмайтын түрлерінен өсімдіктер тез оңай сіңіре алатын түрлеріне айналдыра алатын, жоғары белсенді қабілеті бар арнайы сұрыпталған бактериялардың не­гізінде отандық жаңа бактериалдық биопрепарат әзірлеп шығарды. Биопрепарат уытты әрі патогенді емес және фитотоксинді қасиеті жоқ, яғни ауылшаруашылық дақылдарына зияны тимейді. Биопрепаратты қолдану экологиялық жағынан қауіпсіз және қоршаған ортаны қорғау талаптары­на толығымен сәйкес келеді. Биопре­параттарды қолдану тәсілі өте қара­пайым, кез келген шаруа қожалықтары пайдалануға ыңғайлы және қолжетімді. Тұқымдық дәнді себер  алдында бак­териялардың тірі жасушалары негізінде жасалған биопрепаратпен өңдейді де топыраққа егеді. Аталған биопрепаратты қолданғанда топырақтағы фосфордың ерімейтін түрлерін 20-30 пайызға дейін өсімдікке қолайлы әрі сіңімді түріне айналдыруға мүмкіндік береді. Соңғы екі жылда бұл биопрепарат Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары шаруа қожа­лықтарында ауқымды көлемдегі соя мен мақта егістіктерінде далалық сынақтан өтіп және оның тиімділігінің жоғары екендігі дәлелденді. Сояның өнуі мен өсуіне биопрепараттың оң әсер тигізетіні байқалды, өсімдіктің биомассасы 1,8-2,0 есе, сабағының  орташа ұзындығы 20-25 пайыз өсті, ал соя бұршағының санына келетін болсақ 30 пайызға артқаны байқалды. Сонымен бірге, өнімі минералды фосфор тыңайтқыштарды қолданумен салыстырғанда 20-30 пайызға жуық артқаны анықталды. Қорыта айтар болсақ,  Микробиология және вирусология институтында жасалған биопрепарат – кең ауқымда қолданылуға дайын Қазақстандағы бірден-бір отандық препарат. Республикамыздың нарығында кездесетін осы тектес шетелдік препараттардан 2-3 есе арзан әрі әлдеқайда тиімді. Егер бұл мәселені экономикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, минералды фосфорлы тыңайтқыштың шығын нормасы топырақтың түрлеріне байланыс­ты бір гектарға шамамен 150-200 килоны құраса, теңгеге шаққанда, кеткен шығын орта есеппен 20-26 мың теңгені құрайды. Бұл мезетте, отандық фосфатсіңіруші биопрепараттың гектарлық мөлшері бар болғаны 200-300 грамды құрайды, ал теңгемен есептегенде гектарына 0,8-1,0 мың теңге ғана шығынды құрайды, яғни минералды тыңайтқыштарды қолданумен салыстырғанда 20-25 есе арзан. Аталған биопрепаратты қолдану химиялық фосфор тыңайтқыштардың қолданылуын барынша төмендетеді, керісінше, өсімдіктің фосфор элементіне деген қажеттілігін  жақсартып, топырақ­тың құнарын арттырады. Аманкелді САДАНОВ, БҒМ ҒК Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Алматы