Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңаша дамуының бетбұрысты кезеңіне жол ашады. Осынау тарихи құжат атқарылып жатқан істерімізге еселенген серпін қосатыны игі дәстүрге айналғаны сүйінішті.
Елбасы дағдарысқа қарсы және құрылымдық түрлендірудің бес бағытын алға тартты. Бұл ретте қаржылық сектордың тұрақтандырылуы, бюджеттік саясаттың оңтайландырылуы, экономикалық бәсекені ынталандыру, жекешелендіру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат туралы нақты тапсырмалар берілді.
Президенттің «Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды», деген сөзі өзекті болып табылады. Елбасы, осы орайда Қазақстанды әлемдік дағдарыстың әсерінен сенімді түрде қорғайтын, алға қарай жылжуға жәрдем беретін бірқатар шараларды ұсынды. Жолдауда әрбір өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының даму басымдықтарын нақтырақ орнықтыру қажет деп дөп басып айтылған. Солтүстік өңірге келер болсақ, астық өндірісі мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет делінген, сонымен қатар, бұл салаларды бәсекеге қабілетті етіп, шет мемлекеттердің экспорттық тауашаларын тиімді қолдану керек деген міндет қойылды.
Бұл міндеттер Ақмола облысының аграрлық саласына да қатысты. Жүйеленген жоспарларды іске асыру үшін бізде тұжырымды ұстанымдар бар. Мемлекеттік қолдауда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қойылған «Агробизнес-2020» бағдарламасы айрықша маңызды. Сауатты жүргізілген істің қайтарымы да толымды. Өткен жылы ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 263,1 миллиард теңгені құрап, 2,1 пайыздық өсім берді.
Өңірде машина-трактор паркін жоғары өнімді техникалармен жаңарту жұмыстары қарқын алды. Нақтылай көрсетсек, былтыр 166 астық комбайны, 287 трактор, 81 бірлік тұқым себу кешені сатып алынды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласының қуаттануы 100 гектарға шаққанда 124 ат күшіне дейін жетті немесе әлемдік стандартқа сәйкес болып табылады.
Салаға 16,2 миллиард теңге инвестиция құйылды, бұл 2014 жылға қарағанда 2 миллиард теңгеге артық. Жалпы, қолданылып жатқан шаралар кешені 4,7 миллион тонна сапалы астықты жинап, гектар түсімін 11,6 центнерге жеткізуге мүмкіндік берді. Облыс қажетті ауылшаруашылық дақылдарының аудандастырылған тұқымдарымен толығымен қамтамасыз етілді.
Ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету мақсатында мал шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ірі қара мал саны 2014 жылға қарағанда 2,8 пайызға өсті. Сүт өндірісі 2,6 пайызға, ет – 10, жұмыртқа 33,5 пайызға ұлғайды.
Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін соңғы бес жылда 12 мың бастан астам ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды мал сатып алынды. Ірі қара малды көбейтумен айналысатын 19 шаруашылық құрылды. Нәтижесінде, асыл тұқымды малдың үлес салмағы 7,3 тен 16,7 пайызға дейін өсті.
Саланы әртараптандыру қадамдары да көңілдегідей деуге болады. Өңірде ірі екі бройлерлі құс фабрикасының іске қосылуы облыста құс еті өндірісін 88 пайызға арттырды. Облысымызың құс өсірушілері ірі экспорттаушы бола тұра Астана мен облыстың жұмыртқаға деген сұранысын толық қанағаттандырып отыр.
Азық-түлік белдеуінің аясында 2015 жылы 22,2 миллиард теңгенің 14 инвестициялық жобасы іске асырылуы жүктелген міндеттерді абыройлы атқаруымызға септік жасағанын айту керек. Елорда базарларына 86,8 мың тоннадан астам сүт (қажетті мөлшердің 45 пайызы), 20,9 мың тонна ет өнімдері (50%), 217,5 миллион дана жұмыртқа жеткізілді. Ал, 2016 жылы облыс Астана нарығын 52 пайызға дейін ет өнімдерімен, 48 пайызға дейін сүт өнімдерімен және 100 пайыздық көлемде ұн, жұмыртқа, картоппен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы дамуының негізгі тетіктері саланы қуаттандыру, өнімділігін арттыру және шығындарды азайтудың арқасында іске асырылады. Сондай-ақ, өндіріс көлемін ұлғайтуда нысаналы несиелік бағдарламаларға белсенді түрде қатысып келеміз. Осыған байланысты «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша өнімділігі жоғары мал сатып алу, заманауи 18 тауарлы-сүт фермасын құру жөнінде міндеттер қойылды. Мұндағы мақсат сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін – 65 пайызға, ет өңдеуді – 70, ұн өндірісін 35 пайызға дейін ұлғайту болмақ.
Мұрат БАЛПАН,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы
Көкшетау