15 Сәуір, 2016

Ынтымақтастықтың жаңа қырлары

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_8984Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында ДСҰ-ға мүше болу тәуелсіз еліміздің толыққанды сауда-экономикалық әріптес ретінде мойындалуын айғақтаумен қатар, экспорттаушылар үшін де, экономикамыздың шешуші секторларына келетін инвесторлар үшін де тың мүмкіндіктер ашатынын атап көрсеткен болатын. Бұл тарихи оқиға ежелден «ауылы аралас, қойы қоралас» Қазақстан мен Ресейдің тауар өндірушілері арасында интеграциялық үдерістерді жеделдетіп, бекем бірлікті одан әрі кемелдендіре түсері анық. Бүгінгідей алмағайып кезеңде халықтар арасындағы дос­тықтың ұлағатты үлгісі боларлықтай жақсы бастамалар мен игі ізденістерге жол ашудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. «Араласпаса, ағайын да жат болады» деген. Осы орайда, Мемлекет басшысының бизнес өрісін кеңейту, отандық өнімдерді экспорттау, шетелдік инвестиция тарту тапсырмаларын орындауда Қызылжар өңірінде сан-салалы жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда облыс 80-ге жуық мемлекетпен сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Ондағы жалпы тауар айналымының 70 пайыздан астамы Ресейге тиесілі. Осыдан-ақ Еуразиялық экономикалық одағы шеңберінде жергілікті жерде аймақаралық әріптестікке үлкен көңіл бөлініп, бәсекеге қабілеттілік қарымының өсе түскенін аңғаруға болады. Алып көрші елмен шекаралас аймақтағы үш облыс ішінде қорғандықтардың орны бөлек. Кедендік ресімдеулердің оңтайландырылуы арқасында мұнда тұратын 15 мыңға жуық қандасымыздың атажұртқа келіп-кетуі жеңілдей түскен. Олар кедергісіз алыс-берістің өркендеуіне қуанулы. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан осындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының беделі биік, дәрежесі жоғары. Қорған облысының делегациясын бастап келген губернатор Алексей Кокорин екі ел Президенттерінің қатысуымен шекаралық ынтымақтастық мәселелері бірнеше рет талқыланғанын, өзара түсіністікке құрылған экономикалық одаққа екі жақ та аса мүдделі екенін жеткізді. Қорған – Сібір аймағындағы ең жас облыстардың бірі. Экономиканың негізін өнеркәсіп құрайды. Машина жасау, әскери техника, теміржолға, мұнай өңдеуге арналған қондырғылар шығару ісі жақсы дамыған. Агроөнеркәсіп кешені астық, ет-сүт шаруашылығына, қайта өңдеуге бағытталған. Урал фе­деративтік округінде орналасқан 6 аймақ ішінде астық, сүт, картоп, көкөніс өндіруден – бірінші, ет өндіруден екінші орын алатыны көп жайтты аңғартса керек. Қос облыстың жағрапиялық орналасуы, табиғи ерекшелігі, шаруашылық жүргізу тәсілі жағынан ұқсастықтары көп. Оған нақты мысалдар келтірілді. «Кургансемена» ғылыми-өндірістік агрохолдингі ғалымдарының қаты­суымен астық тұқымын теріскейдің ауа райына төзімді, өнімді әрі тез пісетін сапалы түрлерімен алмастыру, аудандастыру жайлы семинар-кеңес өткізіліп, 200 тонна элиталы тұқым жеткізіліпті. Облыс жыл сайын сыртқа 1,5 миллион тонна бидай, 150 мың тонна ұн, 200 мың тонна майлы дақылдар тұқымын жөнелтетінін ескерсек, бұл бағыттағы бірлескен бағдарлама қолдауға тұрарлық. Аймақта 300-дей бірлескен кәсіпорын тіркеуге алынса, «Қурганстальмост» зауытының Қазақстан нарығындағы маңызы айрықша. Металқұрылғылар қаңқасын жасаумен шұғылданатын кәсіпорын спорт сарайларын тұрғызуға аса ықы­ласты. Ал, «DEZ» комбинатының сапалы ұны Ресейде үлкен сұранысқа ие. Қорғандықтар Петропавл ауыр машина жасау зауытының уран өндіруге арналған құрал-жабдықтарын сатып алуға ниетті. Тәулігіне 50 тонна өнім дайындайтын комбинатты іске қосқан «Зенченко және К» командиттік серіктестігі мен қорғандықтар арасында келісім түзілген. Петропавлдық «Қазмұнайгазмаш» пен қорғандық «Корвет» серіктестіктері мұнай-газ кешені үшін бөлшектер мен қон­дырғылар шығару тәжірибесін игерген. «Штал» және «Микрон» резина-техникалық бұйымдар фаб­рикалары көсалалы жабдықтар жет­кізумен шұғылданады. Керісінше, Ауғанстан, Қырғызстан нарығына бойлай жүз­ген «Petromali Gompany» ЖШС Қызылжардың сапалы ұнын Ресейге тасымалдауға бекем бел буған. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Н. Назарбаевтың «Қазақстан және Ресей жоғары деңгейде қарым-қа­тынас жасап келеді. Біздің екіжақты ынтымақтастығымыз өзге елдер үшін үлгі бола алады деп ойлаймын», деген сөздерін алға тарта отырып, шекаралас аймақтарда атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Былтыр Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен облыстың жалпы тауар айналымы жарты миллиард АҚШ долларынан асып жығылған. Аумақтардағы еркін тауар айналымының ілкімді қадамдарын кәсіпкерлер ерекше сезініп, байланыс қарқынын жылдамдата түскен. Ғылыми-техникалық, гуманитарлық, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салалары бойынша да жақсы дәстүрлер аз емес. Өзара тиімді қызметтер көрсету және тауарлар жеткізу мақсатында 25 құжатқа қол қойылып, келісімдер жүзеге асырылған. Ресми делегациялардың тәжірибе алмасуы үрдіске енген. «Біздің зауыттар қорғандық компаниялармен тығыз бірлікте қызмет атқарады. Екі облыста да белгіленген міндеттерді алға бас­тыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті», дей келіп, Ерік Хамзаұлы татулыққа, ізгілікке негізделген көршілік сауда-экономикалық серіктестіктің қанат жая беруіне тілектестік білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Мұх­тар Манкеев өз баяндамасында өңірдің экономикалық, инвестициялық әлеуетінің жаңа қырларына ерекше екпін түсірді. Былтыр ет өндіру 90,5 мың тоннаны, сүт 504 мың тоннаны, жұмыртқа 584 миллион дананы, ет экспорты 969 тоннаны құраған. Алдағы уақытта қалдықсыз өңделетін азық-түлік өнімдерінің үлесін көбейтуге басымдық беріледі. Алқалы басқосуға қатысқан мей­мандардың назарын Елбасының бастамашылығымен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жайлы жан-жақты ақпарат ерекше аударды. Осынау маңызды шараға байланысты Ресеймен шекаралас аймақтардың тұрғындарын барынша қамтитын туристік жоспар жасалып, таныстырылды. Академик Г. Илизаров атындағы «Травматологиялық қайта қалпына келтіру және ортопедия» ғылыми орталығының директоры Алексей Губиннің, Петропавл қаласындағы «Көпбейінді құрал-жабдықтар зауыты» ЖШС директоры Сергей Федосеевтің, тағы басқалардың ой-толғамдары жылы әсер қалдырды. Жиыннан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин екі тарап арасындағы әріптестік байланысты дамытуға арналған хаттамаға қол қойды. Олар БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында Еуразиялық экономикалық одақ аясында эконо­микада оң серпіндер жалғаса беретінін атап көрсетті. Мемлекеттік органдар мен кәсіп­керлік субъектілер арасында да меморандумдар жасалды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ
Соңғы жаңалықтар

Болмысы биік тұлға

Тағзым • Кеше

БАҚ пен тіл

Сұхбат • Кеше

Тасқын су толастамай тұр

Аймақтар • Кеше