Дүниежүзілік жойқын ядролық қаруды жасауда КСРО-ның жетекші ғалымдарының бірі болып, сутегі бомбасын сынақтан өткізген академик А.Д.Сахаров өмірінің соңында осы әрекеті үшін қатты өкінген деседі.
Мемлекет басшыларының бәрі парасатты, ашуын ақылға жеңгізетін, сарабдал саясат иесі емес. Ішінде шаш ал десең бас алатын, бір иығын ерегіске беріп тұратын, өзінің азулы екендігін аңғарту үшін барынан аянбайтын әпербақан басшылар да болады. Олар жеме-жемге келгенде басы көрге кетіп бара жатып, адамзат баласын ауыр қасіретке ұшырататын кез келген қадамға барудан қашпайды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлем халқының тыныштығы үшін алаңдап, ядролық қарудан бас тартуға шақырып жүруінің мәнісі осы. Мұны бейбітшілікті бағалайтын әлем халқы жақсы түсініп, бастамаларына тілекші болып отыр.
Жаһандық соғыс жер бетінен талай өркениетті қалаларды жойып жібергенін тарихтың сарғайған парақтары әр бетін ашқан сайын ұқтырып келеді. Елбасы «Отырар – қазақ тарихының алтын діңгегі» деп өте тамаша айтты. Жайнап тұрған шағында даңқы дүниенің жеті тарапына жайылған, әл-Фарабидей сандаған ғұламалар шығып, өркениеттің ізгі шуағын шашқан сол Отырар қазір қайда десең, ессіз соғыс тағы да алдыңнан шығады. Отырар өркениеті жерге талас, байлық үшін бәсеке, билік үшін соғыста орнынан тұрмастай болып құлады. Соның ащы зардабын бейкүнә халық әлі тартып келеді. Басқа қазақ қалалары да осындай кепті басынан кешті.
Талай мемлекет түп-тамырымен жойылып кетті. Алапат соғыстар жүздеген миллион халықтың тағдырын тәлкекке салды, жер бетінен жойып жіберді. Басқа-басқа, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс екі державаның арасында өтсе де, қосақ арасында кеткен қазақ боздақтарының сан мыңдаған жүрекке салған жарасы әлі жазылған жоқ.
Нұрсұлтан Әбішұлының осының бәрін ой елегінен өткізіп, барлық мемлекеттерді басалқыға шақырып, жаһандық соғыстың ең басты қаруы – ядролық қарудан бас тартуға шақыруы адамзат баласының қауіпсіздігін сақтаудан туындайды.
Елбасының манифесте «Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр. Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Осындай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қатынастарда жанжалдастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың географиясы өткен екі әлемдік соғыстың – Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе.
Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға ұласып үлгерді. Миллиондаған босқын, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр.
Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр», деп ашық әрі ашына айтуынан әлемдегі бүгінгі жағдайда анық ұғуға болады. Кеше ғана күндей жайнап тұрған Сирия сияқты Араб мемлекеттерінің билікке ұмтылушылардың, тасада тұрып қоламтаны көсеп, отқа май құйғандардың кесірінен қирап қалуы соғысқұмарларды еш ойландырар емес. Соның салдарынан сүттей ұйып отырған талай мемлекеттің миллиондаған халқы босқын атанып, өзге елден бақыт іздеп тарыдай шашылып жүр. Қаншама қарт, әйел мен бала жойқын соғыстың құрбаны болып, сүйектері көмусіз қалды.
Осындай жағдайда Қазақстан Президенті адамзат баласына үрей мен ажалдан басқа ештеңе әкелмейтін соғыстың тамырына балта шабудың барлық әрекеттерін жасап жатқандығы сүйсіндіреді.
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде соғыссыз әлем бағдарламасының қажеттігін айтқан Елбасымыз әлемдік іс-қимылдардың тұтастық алгоритмдерін бағыттар бойынша жүлгелеп берді. Бейбітшілікті қалайтын әлем халқы Қазақстан Президентінің пайымдауларына ядролық қаруы бар мемлекеттер құлақ асады деген үмітпен қарап отыр.
Әсет БАЙСЫНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары
Шымкент