20 Сәуір, 2016

Мұнайсервис саласындағы ахуал қандай?

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда еліміз мұнай бағасының тұрақтауына өте мүд­делі болып отыр. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­хатында Қазақстан­дағы мұнайсервис компаниялары одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов айтты. Баспасөз мәслихатының екін­ші бөлі­мінде тілшілер сұра­ғына жауап берген төраға егер мұнай бағасы бұдан әрі арзан­дай беріп, оның соңы сала кәсіп­орындарының тоқтауына әкеліп соқса, онда мықты мамандардан айырылып, кейіннен білікті маман тапшылығына ұласуы ықти­мал екеніне назар аудартты. Әйтсе де, еліміздің мұнай­шы­лары әлемде ешкімнен осал емес көрінеді. Мысалы, Иран мем­­лекеті өзіне екі мықты страте­гиялық серіктес қарастырып отырғанын аңғартыпты. Оның бірі Үндістан болса, екіншісі Қазақстан екен. «Тәуелсіздіктің 25 жылында трансұлттық компаниялар мен инвесторлардың ар­қасында біз шеберлігімізді, кəсіби ма­мандарымыздың деңгейін көтердік. Қазір өзіміздің Отанда ғана қызмет етпей, білім мен өнерімізді басқа елге экспорттай бастадық. Мысалы, Түрікменстан, Əзербайжан, Ресей, Иран елдері бар. Осы төрт мемлекеттің ішінде бізге ең қызығы әрі қолайлысы Иран мемлекеті болып отыр. Қазір жеті компаниямыз Иранмен нақты келісімшартқа отырып, жұмыстарын бастап жіберді. Иран мемлекеті экономикасы қарқынды дамып жатқан ел, сондай-ақ, бұл жұмыстарды жүргізуге қар­жы­лары да жеткілікті», деді Р.Жақсылықов. Таяуда Иранда өткен іскер­лік форум барысында Иран Қазақ­станды екі стра­тегиялық серіктесінің бірі деп белгі­легенін білдірген спикер, екі ел ара­сындағы әріптестікке қатысты бірқатар маңызды шараларды алға тартты. «Жа­қында Иранда іскерлер форумы өтті, оған біз де барып қатыстық. Иран мем­лекеті өзіне екі мықты стратегиялық серіктес қарастырып отыр, оның бірі Үндістан десе, екіншісін Қазақстан деп белгіледі. Сондық­тан, бізбен қоян-қолтық жұмыс істеу ыңғайлы болмақ. Оған қоса Иранның да бізге берері өте көп. Біріншіден, Иран отыз жыл төңірегінде мұнайсыз өмір сүріп үйренген ел. Бұрын мұнайға қызмет көрсеткен компаниялар басқа салаларға кетіп, қазіргі күнде мемлекетіне қажет тауарлардың 98 пайызын өздері өндіріп отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Екіншіден, бізге үйрететіні – қалдықсыз өнім шығару мен ауыл шаруашылығын игеру», деген төраға Иран елінде кәсіпкерліктің өте жоғары деңгей­де дамып жатқанын айтты. Оның сөзіне илансақ, Иранда еш­қан­дай шетелдік, яғни трансұлт­тық инвесторларға бірде-бір жеңіл­дік қарас­тырылмаған. Бұл шаруаға тіпті, мемлекет мүлде араласпайды да екен. Өз ісін шетелдік инвесторлармен бірге дамыт­қысы келетін кәсіпкерлер өздері ғана инвесторлар тауып, өз қалауымен іс жүргізетінін айтып берді. Ал біздің елде мұның бәрі керісінше болып жатқанын да аңғартып қалды. Шара барысында «ЦентрАзия Групп» компаниясы басқарма­сының төрағасы Алмас Құдай­бер­ген алдағы мамыр айында Қазақстанның мұнайсервис сала­сында бірлескен үш кəсіпорын құры­латынын айтты. «Дағдарыс тек проблема ғана емес, жаңа мүмкіндіктер көзі. Мамыр айы­ның 4-ші күні Атырауда жыл сайынғы Қазақстан мұнай-газ сервис конференциясы өтеді. Конференцияға кемінде 300 адам қатысады. Сондай-ақ, əлемнің отыздан астам ірі мердігері де бұл конференцияға қатысады. Ең бастысы, конференция аясында 3 бірлескен кəсіпорын құрылады, ол жөнінде тағы да хабарлаймыз», деген ол конференцияға Канада, Түркия, Ресей мен АҚШ-та өнді­рістерін құратын əлеуетті инвес­торлар қатысатынын білдірді. Брифинг барысында Р.Жақ­сылықов атап өткендей, Дохада өткен ОПЕК-ке мүше және ұйымға кірмейтін елдердің кездесуі біздің ел күткендей нəтиже бер­мегені мәлім. Себебі, Иран мемлекеті мұнайдың өнді­рісін азайтуға келісімін берген жоқ. Жыл басын күніне 500 мың баррель өндірумен бастаған Иран, екі-үш айдың ішінде мұнай өндірісін күніне 1,5 млн. баррельге жеткізді. Жыл соңына дейін 4 млн. баррельге жеткізуді көздеп отыр. Осыған орай, Қазақстан биыл өндірілетін мұнай көлемін 74 млн. тонна көлемінде ұстауы керек екен. «Екі жыл бұрын біз бір жылда 80 млн. тонна мұнай өндірген едік, биыл өндірісті 6 миллионға қысқартып, 74 млн. тонна өндіреміз деп межелеп отырмыз. 74 млн. тонна дегеніміз, бір баррель мұнайдың бағасы 35 доллар кезінде 1,5 млрд. теңге. Бұл қыруар ақша деп ойлаймын. Өндірілетін мұнай көлемін бұдан төмендетуге келіспеу керек шығар. Себебі, біздің мемлекеттің негізгі қаржысы мұнай экспор­тынан келетіні белгілі. Егер бұдан да қысқартатын болсақ, өзіміздің өнді­рісті дамыту, аймақты дамыту, бұдан өзге əлеуметтік даму бағдарламалары қаржы тапшылығын көретін болады. Сондықтан, қазіргі деңгей бізге де жəне дүниежүзілік мұнай қауымдастығына да ыңғайлы болады деп ойлаймыз», деді Р.Жақсылықов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан»