20 Сәуір, 2016

«Періште емес пендемін...»

638 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлттық академиялық кітапханада «Бұл кітап әлемі…» атты кітап айлығы өтіп жатыр. Соның аясында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қай­рат­кері, ақын Ханбибі Есенқарақызының оқыр­мандармен кездесуі өтті. О баста ата-ана жарық дүниеге шыр еткен сәбиге ат қойғанында бибілердің бибісі – Ханбибі деген есімді бекер қоймаса керек. Ту­мы­сынан өрлігі, қайралған қайсар мінезі, ақындық шабыт қуаты оны шынында да, бибілердің бибісіне айналдырған. Сондықтан да болар, Астананың әз ақыны атанған Серік Тұрғынбековтің «Хан қызындай Ханбибі» деп жыр арнайтыны. «Ханбибіні оқу керек, Ханбибінің жаны да, жүрегі де, бол­мысы да, тағдыры да – бәрі жырында. Оны оқыған адам небір құпияларға, сырға, ғажайып әлемге тап болады, ал оның жырларын айтпағанда, «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналының архивтерде саф алтынға айналып, сарғайып жатқан шежірелі беттерін жарыққа шығарып, маңдай терін төгіп, халқымен табыстыруы орасан үлкен еңбек, – деп кеш барысында Серік Тұрғынбеков атап өткендей, әуелі мемлекеттің қолдауынсыз, өз қаражатымен «Ақжолдың» 10 томын басып шығаруы да бибілердің бибісінің ғана қолынан келетін іс емес пе. Ханапа осыдан кейін де тоқтап қалмай, баспаға тағы да 10 томдығын тапсырып, ол мемлекеттік тапсырыспен оқыр­мандарға жол тартса, енді тағы да 10 томы қолдауды күтіп тұр екен. Басқосуда философия ғылым­дарының докторы, профессор Амангелді Айталы ақын туралы келелі сөз толғай отырып, ұлт үшін сіңіріп жатқан қайраткерлігіне ерекше тоқталды. «30 том еңбек Ханбибіге емес, бүкіл қазақ жұрты­на керек дүние. Біз өзімізді-өзіміз жаңа ғана танып жатқан ұлтпыз ғой, көп нәрсені енді біліп жатырмыз. Ал осы кезде «Ақжолдың» ортаға оралуы біздің ұлттық сезіміміз бен сеніміміз үшін қажет. Осыны ешкімге ештеңе айтпай, қаржы сұрап, есік қақпай 10 томдығын өзі шығарды. Қазақ руханияты үшін ердің ісін жасаған қарындасыма, аман бол деймін», дейді ол. Ханбибінің қайраткерлік қасиеті­мен астасқан ақындықтың отты ордасына ту тіккендегі мәрт­тігі де аңыз. Сазгер жарының ұнат­қан сұлуына арналған әуенге жыр жазу кімнің қолынан келіпті?! Кез­десуде осы сұлу сазға қол жет­пейтін ынтыққан сезімді өлеңмен өрген «Нұрикамал» әні орындалды. Және оны сол әнді алғаш халық­тың көзайымына айналдырған ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Кенжеғали Мыржықбай шырқады. Айтар әнін естелігімен тұздықтап, жұртшылықтың езуіне күлкі үйірген әншіден соң мінберге көтерілген «Тұмар» журналының бас редакторы, ақын Оңайгүл Тұржан айтқан әңгімелер де қызықтырып әкеткен. Кездесуде ақын өз өлең­дерін де оқып кештің шыра­йын кіргіз­се, қайраткер Әлихан Байменов: «Мен ақындарды ең бірін­ші философ деп ойлаймын. Олар өлеңмен үлкен ой айта алады. Бірақ барлық ақындарға бұлай баға бере беруге де келмейді. Ал Ханбибі Есенқарақызының өлеңдері осы қағидаға жауап бере алады деп ойлаймын» – десе, Астанаға келген азғана уақытында кездесу болады дегенді естіп, ақынға деген құрметін Ыстанбұл университетінің профессоры, шоқайтанушы ғалым Әбдулақап Қара арнайы келіп білдірген. Кітапхана мен ақынның кіндігі қашаннан да бір ғой. Келген оқырман қауым көп болмаса да, «Мың керең құлақтан бір елең құлақ артық» дегендей, осы отырысқа, өлеңді түсінетін, ақынын іздейтін нағыз елең құлақтар жи­налған екен, соған ризамын,–деген Ханбибі ақын қазақтың қос батыры Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтен қалай баға алғанын, өзіне Баукеңнің қалай қорған болғанын әдемі әңгімелеп берді. Сыр айтылған, жыр оқылған, ән шырқалып, жан жадырап, көңіл көркейген кешке жиналған қауым рухани байып, марқайып қайтты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»